«ДЕНІ САУ» БИЗНЕС – БӘСЕКЕЛЕСТІК БАСТАУЫ

 

ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «Жастар салауатты өмір салты үшін» қоғамдық бірлестігі (Шығыс Қазақстан облысы) «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырған бұл шараның мақсаты –  АИТВ/ЖИТС және туберкулез ауруларының бизнеске тигізетін әсері жөнінде болды. Сондай-ақ, бәсекеге қабілеттілік бойынша жаhандық рейтинг көрсеткіштерін жоғары деңгейге жеткізу мақсатында бизнес өкілдерін аталмыш дерттерді емдеу және оның алдын алу жолдары туралы ақпараттар берілді.

«Әлеуметтік маңызы бар аурулардың бизнеске тигізер тікелей әсері бар. Мысалы, қауіпті жұқпалы ауру таралған мемлекетте карантин жариялаған жағдайда, бұл ел экономикалық тұрғыдан қатты зардап шегеді. Себебі, ол мемлекетке студенттер оқуға бармайды, туризм тоқтап қалады. Ұшақтар ұшпайды. Инвестор да аяғын тартады. Кәсіпкерлер бұл мемлекетке қатысты барлық істерін тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бұл – елдік деңгейдегі жағдай.

Ал, жеке адамға келер болсақ, жиі ауыратын денсаулығы нашар қызметкермен жұмыс істеу кәсіпкерге тиімді емес. Ол адам жұмыстан әлсін-әлсін сұранатын болады. Немесе еңбекке жарамсыз болып, біраз уақыт емделуіне тура келеді. Оны жұмыстан шығарып жіберген кезде де келесі қызметкерді оқытып, үйретуге көп уақыт кетеді. Мұның бәрі табыс табуды ойлаған кәсіп иесін азды-көпті шығынға батырады. Аурудың бизнеске әсері дегеніміз осы» дейді семинар тренері,  «Жастар салауатты өмір салты үшін» қоғамдық бірлестігінің қызметкері Райхангүл Абраева.

Біздің қоғамда АИТВ/ЖИТС және туберкулезге шалдыққан адамдармен қарым-қатынасты шектеу үрдісі қалыптасқан. Мұндай диагноз қойылған адамнан айналасындағылар бұл жөнінде білген бойда-ақ сырт айналып кетеді. Жұмыс беруші де мұндай сырқатқа шалдыққан қызметкерлерді бір ебін тауып жұмыстан шығарып жіберуге тырысады Өйткені, бұл аурулардың қандай жағдайда жұқпалы болатыны туралы түсінігіміз әлі таяз. Яғни, біздің сырқат адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетіміз төмен. Осындай біржақты көзқарасымыздан науқас адамның қоғамдағы заңдық құқығының бұзылатынын да біле бермейміз. Қазіргі менталитетіміз осындай деңгейде. Бір ауаны жұтып, бір қоғамда бірге өмір сүріп жатқандықтан ешкім де мұндай аурулардан сақтандырылмаған.

Семинар барысында кәсіпкерлерге ауыр сырқатқа шалдыққан қызметкермен қалай қарым-қатынас жасауға болатыны жөнінде де құнды ақпараттар берілді. 

«Қазақстан–2050» стратегиясына сәйкес, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 дамыған мемлекеттің қатарына енуді мақсат етіп отыр. Алайда, 2014-2015 жылдардағы бәсекеге қабілетті жаһандық рейтинг бойынша Қазақстанда төмен көрсеткіштер де жоқ емес. Мәселен, 4.03 индикаторы бойынша   туберкулездің  бизнеске әсері  – рейтингіде 111-ші  орында. Ал, 4.05 индикаторы бойынша – АИТВ/ЖИТС-тің  бизнеске әсері – рейтингіде  81-ші  орында  тұр.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*