ДЕМОГРАФИЯ ДІҢГЕГІ

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жүргізген облыстық мәслихаттың депутаты Мәриям Қаражігітова ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы біраз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуімізге себепші болғанына тоқталды. Алайда, халық қалаулысы ауыл-елді аралаған кезінде медицина қызметінің сапасына қатысты сын-ескертпелердің әлі де бар екенін жасырып қалмады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Дина Камелованың сөзіне сүйенсек, соңғы үш жылда аймақтағы ана өлімі 3,2 есеге, бала шетінуі 5,3 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында жасалған жұмыстар себеп. «Осы бағдарлама бойынша қабылданған іс-шараларды орындау барысында бір жыл ішінде, яғни 2012 жылы азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 1,4 жасқа ұзарды», — деді Дина Базарбайқызы.
Бүгінде облыстағы әйел адамдардың жалпы саны 234 167-ні құрайды, оның ішінде 147 987 әйел ұрпақ әкелуге қабілетті жаста.
– Ана мен бала өлімін болдырмау және төмендету мақсатында біраз жұмыстар жасалуда, қажетті құрал-жабдықтар, автокөліктер алынып, санавиация іске қосылуда, — деп атап көрсетті Д. Камелова, — облыстық перзентхана мен қалалық балалар емханасы базасында оқу орталығы ашылып, онда дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері оқып жатыр. 2011-2012 жылдары облыста 15 маман шетелден оқып келді, шетелдік ғалымдар мен дәрігерлер келіп өткізген шеберлік кластары мен семинарларға 150-ден астам маман қатысты.
Медицина қызметкерлеріне дифференциалды еңбекақы төлеу механизмі облыста 2011 жылы енгізілді. Осының нәтижесінде бүгінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарындағы орташа жалақы дәрігерлерде 130,0 мың теңгені, орта буын қызметкерлерде 70,0 мың теңгені құрайды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында болашақта жасалатын жұмыстар қатарында облыстық балалар ауруханасының жапсарма жайы тапсырылып, ескі ғимараты күрделі жөндеуге қойылатыны аталды. Осы аурухана базасында сурдология қызметі ұйымдастырылып, КТ аппараты іске қосылмақшы. Ал, жыл соңына қарай облыстық инфекциялық аурухананың жаңа үйі тапсырылады деп күтілуде.
«Дөңгелек үстел» барысында облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанова, қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова, салауатты өмір салтын қорғау орталығының директоры Гүлнар Мәмбетова, №1 қалалық емхананың бас дәрігері Еркінбай Қуановтар мекемелеріндегі ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Шараны облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан қорытындылап, ана мен бала денсаулығын нығайтудағы алда тұрған кезек күттірмес міндеттерді атап көрсетті.
Жиын қорытындысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ана мен баланың денсаулығын сақтаудағы жұмыстарды нығайтуға көңіл бөлу, барлық емханаларда ашылған профилактика және психологиялық-әлеуметтік көмек беру бөлімшелерінің жұмысын жандандыру, перзентханалар мен емханаларда әйелдерге кеңес беру кабинеттері базасында әлеуметтік-психологиялық қызметті жетілдіруге ұсыныс жасалды.

Бақытгүл ӘМІРЖАН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*