Декреттік демалыс немесе бала күтімінде отырған ерлер туралы ел не дейді?

Елімізде әйелдерге қарағанда бала бағатын ерлер санының артып келе жатқанын білесіз бе? «Бала күтімінде жүрмін» деп әкелер жар салмаса да, отбасылы азаматтардың 72 мыңнан астамы декреттік демалыс алған. Себебі, бала күтіміне байланысты демалысқа әйелдер ғана емес, ерлер де шығуға құқылы. Бұл туралы Еңбек Кодексінің 100-бабының, 1-тармағында тайға таңба басқандай жазылған. Мұны азаматтардың бір бөлігі «менталитетімізге жат» деп мойындағысы келмесе, енді бірі «халыққа жасалған қолайлы жағдай» деп қабылдауда.

happy father with child on sunset

Сонымен, еркек не үшін декреттік демалысқа шығады дейсіз ғой? Бұл сұрақ бізді де мазалаған болатын. Мамандар мұның бірнеше себебін айтады. Оның бірі – әйелдің еңбекақысының жоғары болуына байланысты. Яғни, отбасындағы табыс көзі азаяды деп есептейді де, ер адам демалыс алғанды жөн санайды. Екіншіден, ер адамның жұмысында қандай да бір келіспеушілік болса, уақытша демалу үшін осындай шешімге келеді екен. Үшіншіден, бала асырап алу да әсер етеді. Ал, тағы бір тобы әйелдеріне жаны ашып, бала күтімімен айналысқанды дұрыс деп тапса, кейбір жағдайда ана өлімі де себеп болады екен.

Ер адамның  декретке кетуіне заң бойынша тыйым жоқ. Бала туған соң, әйеліне көмектесу үшін демалысқа шыға берсе де болады. Бірақ, ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана төленеді.

Заңгер Айдос Ибраймов атыраулық әкелердің әйелдері жұмыссыз болған жағдайда ай сайын әлеуметтік төлем аударылып отырғандықтан, бала күтіміне байланысты құжатты өз аттарына жасататынын айтады.

«Осы мәселеге қатысты екі азамат келіп, менен заңдылық тұрғыдан кеңес алды. Байқағаным, отбасында әйел адам жұмыссыз болған жағдайда, үйдің отағасы жәрдем ақыны өз атына рәсімдейді», – деді ол.

Елімізде отбасында нәресте туғанына байланысты демалыстың екі түрі бар. Біріншісі – анасына, екіншісі – ата-ананың біріне: – жүктілік пен бала туу бойынша демалыс немесе декреттік демалыс. Ол төленеді және жұмыс  істейтін әйелдерге 126 күн (босанғанға дейін 70 күнтізбелік күн және туғаннан кейін 56 күнтізбелік күн) беріледі. Егер әйел қиын жағдайда жеңілденсе, бірден екі немесе одан көп нәресте дүниеге келсе, онда туғаннан кейін 70 күн демалыс беріледі. Ал, екіншісі – бала 3 жасқа толғанға дейін күтуге арналған демалыс. Бұл демалысты баланың анасы да, әкесі де ала алады. Онда еңбекақыңыз сақталмайды, бірақ, бала өмірінің бірінші жылында жәрдемақы төленеді.

Иә, біздің елде осылай. Мәселен, Финляндияда әкелердің 66% бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Ал, Ұлыбританияда қамқор әкелерге тиісті өтемақыдан бөлек 100 фунт стерлинг көлемінде қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ, көптеген зерттеулер әкесінің тәрбиесін алған балалар тезірек дамитынын дәлелдеген. Ал, психологтар ер адамды үй шаруасындағы бала бағушы ретінде елестету қиын болғандықтан, ең алдымен, туыстары мен достарының, әріптестерінің келемеж сөздерін көтеруге моральдық тұрғыдан дайын болуы керектігін айтады.

Әкелердің бұлайша бала күтіміне араласуы бекер емес. Елімізде туу көрсеткіші күрт өскен. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Дегенмен, демография көрсеткішімен бірге, ажырасатын ерлі-зайыптылардың саны да артып отыр. Былтыр 55 мыңға жуық жұп дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен.

«Бала тәрбиесіндегі жауапкершілік әйел адамның мойнында деген түсініктен арылуымыз қажет. Баланың аман-есен өсуіне, білім мен тәрбие алуына әкесі мен анасы да бірдей жауапты. Сондықтан, ер адамның бала күтіміне атсалысуын айыптаудың қажеті жоқ. Кінә артып, «қазаққа жат  нәрсе» дер болсақ, әкелер бала тәрбиесінен тіптен алшақтап кетуі мүмкін. Осылай бір жақты пікірден аулақ болу, керісінше, бүгінде төмендеп кеткен әке рөлін жоғарылатады», – дейді Атырау қаласының тұрғыны, көп балалы ана Альфия Ізтілеуова.

Алайда, бұл пікірге қосылмайтындар да көп. Солардың бірі, Қызылқоға ауданының тұрғыны Орынгүл Тілеуғалиева:

«Ер азамат түздің тірлігімен айналысса, әйел – шаңырағының шырағы. Сондықтан, қанша айтсақ та екеуі бір-бірінің орнын алмастыра алмайды. Иә, Еңбек Кодексіндегі бұл жаңалықты тиімді пайдаланып жүргендер бар. Десек те, шарасыздықтан ғана болмаса, жігіттердің үйде бала бағып отырғанын қаламас едім. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны ерекше. Бірақ, бұл үйде бала бақ деген сөз емес», – дейді.

P.S. Бізге бұл тақырыпты қозғауға түрткі болған бір жасар Айарудың әкесі Алмастың мына  пікірі болатын. «Әйелімнің табысы көбірек болғандықтан бала күтіміне байланысты демалыс алдым. Себебі, күзетшінің айлығы мардымсыз еді. Әйелім екеуіміз кеңесіп, осындай шешімге келдік. Мен үйде отырып, қызымды бағатын болдым. Ұялмаймын, ол – менің ұрпағым. Қиын да емес. Анасы жұмыста болған кезде қосымша сүт ішеді. Алғашында көпшіліктің күле қарағаны рас. Өйткені, бұл – қазақы түсінікке жат. Сол кезде  жұмысқа қайта шығып кеткім келді. Бірақ, тапқаның не пәтерақыңа, не тамағыңа жетпей жатса, елден емес, ең алдымен, отбасымның алдында ұятты болар едім» дейді ол. Ал, сіз бұған келісер ме едіңіз?..

 

Мәлике Қуанышева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*