Дефляцияның әсері қандай болады?

Әдетте, дефляция сұраныстың төмендеуіне әкеп соқтырады. Мұндай жағдайда тауар құнының арзандау ықтималдығы туындайды. Бір қарағанда, ол қатардағы тұтынушыға тиімді көрінер. Бірақ, оның соңы кәсіпорындарды  кідіріске ұшыратып, жаппай жұмыссыздыққа жол ашуы мүмкін.

эКОНОМИКА

Екінші жағынан дефляция – шетел капиталын тарту үшін қолайлы құбылыс. Өзгелер осындай ахуалды бастан кешіп отырған елдің арзан тауарына қызығушылық танытады. Мемлекеттің экспорттық әлеуеті, онымен сауда жасаушылар саны артады. Әріге бармай-ақ, бұдан бірер жыл бұрын Ресейде қалыптасқан жағдайды жадымызға алайықшы. Көршімізде рубль бағамы төмендеп, автокөлік пен жылжымайтын мүлік арзандап еді, қазақстандықтар тобымен солай қарай ағылды. Атыраулықтар іргедегі Астраханнан асып, сонау Мәскеуге дейін жетті. Көбі жеңіл көлікті, кейбірі тіпті үйлі болды. Бір қарағанда, қарапайым халыққа қолайлы, арзан дүниеге қол жеткізді. Ертең қымбатына сатып жіберсе, тағы пайдаға кенелмек.

Әйтсе де, өзіміздің отандық өндіріс ошақтарына тоқырау қаупі төнді. Бүгінде Қазақстанда да автокөлік құрастырылады. Өскеменде осындай зауыт бар. Міне, соның өнімдері өтпей, сауда орындарында жиналып жатты. Жұрт Ресейдің арзан көліктеріне ұмтылды. Қалыптасқан жағдайда отандық өндіріс те өнім бағасын түсірсе, ол өзінің шыққан шығынын да өтемес еді. Ал, тек зиянмен жұмыс жасау  кәсіпорынға тиімді емес. Демек, бір елдегі дефляция өзге мемлекеттің де экономикасына кері әсер етеді.

Осы орайда Атыраудағы ахуал қандай? Аймақта дефляция құбылысы байқала ма? Рас, ол  экономикалық көрсеткіштерге арқау болатын бағам емес. Бірақ, жекелеген кәсіпорындардың қызметін сол арқылы саралауға болады. Әсіресе, қыруар қаражат жұмсалып, Индустриалдық даму бағдарламасы аясында қатарға қосылған өндіріс ошақтарының қайтарымын таразыға тартуға қажет-ақ.

Мәселен, аймақтағы «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясының полиэтилен құбырлар зауыты – осы сала бойынша республикада көшбасшы кәсіпорын. Елімізде бүгінде кең қолданысқа ие полиэтилен тұрбаларды да бірінші болып дайындады. Қазір оны өзге облыстар да қолға алған.

Бұдан біраз жыл бұрын мұнда жаңа жобалар жүзеге асырылды. Аса ыстыққа төзімді тұрбалар, басқа да сапалы бұйымдар даярланды. Әттең, қазір солардың өтуі мардымсыз. Өйткені, бағасы қымбат. Тендер талабы – арзан өнім алып, қаржы үнемдеу. Әрине, ол дұрыс. Бірақ, қазақ «арзанның жілігі татымас» демей ме? Бүгінде тендерге түсушілер де әккіленіп алған. Арзан бұйым ұсынса өтіп кетерін біледі. Алайда, Атырау полиэтилен құбырлары зауыты бас директорының орынбасары Омар Әбдиевтің айтуынша, бағасына қызығып, сапасыз өнімді бірнеше мәрте тұтынғанша, сапалы нәрсені бір-ақ рет алған артық емес пе? Ендеше, тендер тәртібіне тауар құнымен қатар, оның сапасына қатысты да талап енгізілгені дұрыс тәрізді.

Дефляция тым созылып кетсе, күткендегіден де көп залал шектіреді. Кәсіпорындар кідіріске ұшырап, жұмыссыздық пайда болса, тұрғындардың табысы да төмендейді. Өндіріс ошақтары өзін ақтамаған соң жұмысшыларға жалақы төлеуде проблема туындайды. Демек, тұтынушының сатып алу қабілеті кемиді. Арзан тауардың өзі қолға тимеуі мүмкін. Жылжымайтын мүліктің бағасы түкке тұрғысыз деңгейге дейін құлдыраса, оларды банктер де кепілге алудан бас тартады. Яғни, қаржылық құрылымдар несие беру көлемін қысқартады. Ал, бұлардың қызметі халықпен жұмыс жасауға тікелей қатысты екенін ескерсек, өздерінің де ахуалы нашарлайды.

Дефляциялық құбылыстың оң және теріс тұстары бар. Мәселен, егер бағаның төмендеуі адал бәсекелестікке және сатып алу қабілетіне қатысты десек, онда оны дұрыс қабылдауға болар. Арзан тауар тұтынушы талабын да қанағаттандырады, сауатты сауда жүйесін де қалыптастырады. Ал, нарық ойыншылары тауар құнын қасақана кемітуге күш салып, өнімнің нақты бағасын қолдан құлдыратса, бұл – тұтас экономикаға жасалған қиянат. Демек, дефляцияның пайдасы мен зиянын салыстыра отырып, таразыға тартқан жөн.

Жалпы, қай жобаны қолға алғанда да оның өнімділігіне сауатты менеджмент жүргізіліп, сату аясы анықталғаны абзал. Өкінішке орай, бүгінде аймақтағы «Казтурборемонт», «Брандо», «БиасТек», «Тұз», т.б. зауыттарда жұмыс саябырсыған. Бәрінде де ортақ кемшілік – сұраныстың жоқтығы. Әлі есімізде, осылардың барлығы салтанатты жағдайда ашылып, тапсырысшы да табылатындығы айтылған-ды. Бүгінде сол сөздердің бәрі далада қалды.

Дефляцияның тағы бір тиімсіздігі – қаржылық тепе-теңдік пен табысқа кері әсері. Ол адам мойнындағы қарыз салмағын одан әрі ауырлата түседі. Өйткені, оның төлем қабілеті нашарлайды. Ал, борышкерлер банкрот болса, несие берушілердің де жағдайы қиындайды. Себебі, тиісті қарызын мезгілінде жинай алмайды. Жалпы, қай ел үшін де ішкі қаржылық ахуал мен баға тұрақтылығының маңызы зор. Сайып келгенде, инфляцияның төмен деңгейі – сол мемлекеттің қалыпты дамуының нақты көрсеткіші, жайлылықтың белгісі. Ал, экономикалық құлдырау дефляцияны тудырады.

Мамандардың айтуынша, соңғы 200 жылда, тұтастай алғанда, әр елдің экономикалық дамуы ондағы жеке адамдардың капиталы өсуінен көш кейін қалған. Демек, күнделікті күйбең тірліктен емес, әркімнің меншігіндегі мүліктен алынатын пайда артуда. Осы үрдіс жалғаса берсе, әлеуметтік ахуалға сызат түседі. Қоғам екіге жарылып, кедейлер мен ауқаттылар арасы ашыла береді. Мұндай жағдайда таразының қос басын тең ұстау үшін қалталыларға салынар салықты көбейтіп, қарапайым жұртқа азайтқан абзал. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде мұндай шара қолға алына бастаған. Оны сол мемлекеттер халқының басым бөлігі қолдауда. Ал, салықты осы күйінде қалдырып, байға да, кедейге де бірдейлендіру – онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүргендерге қосымша соққы.

P.S. Материал дайындалып жатқанда, сарапшылар Қазақстанда номиналды орташа айлық жалақы 4,4 пайызға артқанын мәлімдеді. Алайда, негізгі тұтынатын тауарлар мен қызметтер түрінің қымбаттағаны соншалық, нақты еңбек табысы биылғы екінші тоқсанда үш пайызға төмендеген. Әсіресе, Атырау облысында өткен жылдың осындай уақытымен бағамдағанда нақты жалақы деңгейі 13,3 пайызға құлдыраған. Бұл да – назар аударарлық жағдай.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*