Дауылпаз ақын, халық батыры Махамбет Өтемісұлының ескерткіші ашылды (ФОТО)

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шарапаты тиген ауыл-аймақтарда ерекше бір рухани сілкініс байқалады. Соның бір жарқын айғағы – дулығалы батыр, дауылпаз ақын Махамбет бабамыздың халқымен қайта қауышуы дер едік. Жаңа жыл қарсаңында ауыздығымен алысқан жорық атымен тас тұғырға орналасып, Жайық бойын шолып, қасқая қарап тұрған батыр бабамыз бұдан былай еліміздің Тәуелсіздігін өр кеудесімен қорғауға тас бекінгендей. Осынау ерлік пен елдіктің үндесуіндей ғажайып ескерткішті облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев пен аудан әкімі С.Рысқалиев салтанатты түрде ашты. Барша аудан жұртшылығын осынау тарихи сәтпен құттықтаған Әлібек Ибатоллаұлы бүгінгі ұрпақ тәу етер бұл қасиетті де, киелі орын саналарды сілкінтіп, рухани жаңғыруға бастайтыны жөнінде өзінің ой толғамдарын ортаға салды.

26047441_1236162599819048_9064330061263341760_n

«Есімдері ғасырдан ғасырға көшіп, қай заманда болмасын ел аузынан түспейтін ұмытылмас бірегей ұлы тұлғалары болады. Сонау бір тар заманда туған халқының болашағы үшін тебінгі терлетіп, мұз жастанып, жалаулы найза қолға алып, найзағай жырларын нөсердей төккен ұлы бабамыз Махамбет Өтемісұлы еді»,-деді келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Сырым Мұратұлы. «Елі үшін ер боп туған Исатай мен Махамбет есімдері күллі қазақ халқы үшін қастерлі де құрметті.

Өшкеніміз қайта жанып, рухани жанымыздың шамын қайта маздатқан жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу қасиетті борышымыз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде «Махамбет-ұлттық тұлға, оның батырлығын, ақындығын, күйшілігін, азаттық жолындағы күрескерлігін болашақтың санасына сіңетіндей кеңірек дәріптеу керек!»-деген болатын.

Қашан да игілікті шаруаның ерте-кеші болмайды. Батыр атымен аталатын аудан орталығында баба ескерткішінің жоқтығы барша жұртшылықтың көңіліне қаяу түсіріп, арқамызға аяздай бататын.

Мінеки, батыр бабамыз сіздердің алдарыңызға алып ескерткіш болып келді ағайын! Махамбет Өтемісұлына арналған бұл еңселі ескерткіш рухымызды оятататын, ұлы мұраттарға жетелейтін, елжандылыққа, отаншылдыққа үндейтін қастерлі де қасиетті орынға айналатынына сенеміз.

Талай іс шаралар осы ескерткіштен бастау алып, Махамбет Өтемісұлының батырлығы мен ақындығы, айбыны мен ерлік қасиеттері туралы талай әңгімелер айтылатын болады.

26000898_1235406263228015_741627109528272007_n

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттердің бірі ұлтымыздың ұлыларын қастерлеу, оны ұрпақ санасына жеткізу болып табылады десек, бүгінгі Махамбет ескерткішінің бой көтеруі де осының айғағы.

Осы ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болып, үлкен еңбек сіңірген менің әріптесім, Жылыой ауданының әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлына, мүсіннің авторы Серік Мәтениязовқа және осы зәулім ескерткіштің тұғырын орнатқан «БатысАльянсстрой» мекемесінің басшысы Әділ Жұбановқа аудан жұртшылығы атынан шексіз ризашылығымды білдіремін.

Батыр бабамызға арналған еңселі ескерткіштің ашылуы құтты болсын ағайын! Қашан да ұлы мұраттар жолында бірге болайық, ақ берен батыр, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының рухы бәрімізді де қолдай жүрсін!»

«Махамбет өз заманының жалынды жыршысы, азаттық күрескері»,-деді мінберге көтерілген облыстық қоғамдық қауымдастық төрағасы Мұрат Сақтайұлы. «Ол хандарды, бай-бағыландарды мақтап жыр жазып, азаматтық ары алдында аласармады. Қайта қара халыққа тізе батырған үстем тап өкілдерін отты жырларымен жасқап, рухты асқақтатар өршіл өлеңдерімен бұқараны азаттық жолындағы күреске шақырды. Қасқайып тұрып хандардың озбырлығын бетіне басса, жорықтағы үзеңгілес серігі, әрі алдындағы ақылшы ағасы Исатай батырдың ерлігін дәріптейді. «Исатай басшы, мен қосшы, арыстан еді-ау Исатай, бұл фәнидің жүзінде» деп үлкеннің алдын кесіп өтпеген қазақы дәстүрмен батырдың ізіне ілескен інісі екенін мақтан тұтады. Сол Махамбет бабамыздың рухы халқымен қайта қауышты. Ұзағынан болғай!»

26001337_1236162303152411_2409820250109129615_n

Ескерткіштің ашылу салтанатында тебірене сөз алған батырдың төртінші ұрпағы Бағыт Ғабдуллин ағамыз өз ойын ұрпақтар сабақтастығымен орайластырып, туыстық жақындықтары жөнінде тарқатып айтып, көз алдымызда ат үстінде сұстана қарап тұрған батырдың рухы баршамызды қолдай жүрсін деген тілегін жеткізді.

«Мен жастайымнан Махамбетпен «ауырдым», мені Махамбетпен байланыстыратын нәрсе көп. Махамбет колхозында туып, Махамбет орта мектебінде оқып білім алдым»,-деді Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының басшысы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Қойшығұл Жылқышиев. «Ол аз десеңіз, рухты өлеңдерге берілетін Махамбет атындағы сыйлықты алдым. Қаройдағы Махамбет мазарын салудың басы-қасында жүрдім. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілген Махамбеттің 200 жылдық торқалы тойын ұйымдастыруға жауапты комиссиясының мүшесі ретінде де баба рухына қызмет еткен адаммын. Сол үшін де өзімді бақытты санаймын»,-деп тебірене сөйлеген Махамбет рухтас ақын батыр бабасына арнаған өлеңін оқып берді. Ескерткіштің авторы, талантты мүсінші Серік Мәтениязов сөз алып, осыған дейін отыздан аса ескерткіш мүсіндегенін алға тартып, Махамбеттің өр рухын аспандату арманы енді ғана орындалғандығына ризашылығын білдірді. Алматы облысының Қарғалы ауданында орналасқан цехта жасалған Махамбеттің қола мүсінін жасау кезінде кідіріс болмағандығын айтып, батырдың аруағы желеп-жебегендей сезінгендігін жеткізді. Ескерткіштің ашылу салтанатында ұлтжанды азамат, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының махамбеттіктерді құттықтаған жедел хаты оқылды.

Талантты әнші Е.Ғафуровтың орындауындағы «Батырлар ұраны» әні де тыңдармандарын бей-жәй қалдырмады. Талай өнер додаларында олжа салған күміс көмей әнші К.Әлиева кек пен ызаға, арман мен мұңға толы Махамбет термесін ашық аспан астында әуелетті. Әділдік пен азаматтықты ту еткен, елі мен жері үшін қасық қанын төккен батырларымызды ұлықтау арқылы жастарымыздың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, олардың қоғам өміріндегі белсенділігі арта түсері сөзсіз. Тарихи тұлғаларға ескерткіш орнату-бүгінгі ұрпақтың оларға деген шексіз құрметінің белгісі. Жергілікті авторлардың шығармашылық бірлескен туындысы – «Махамбетім қыраным» әнін Қ.Жұмашев нәшіне келтіре орындаса, ақын, сазгер Е.Әбдіқалықованың рухты асқақтатар «Қазақ елі» әнімен Ә.Төлеуов жұртшылықты өзіне баурап алды. Ал, тұғырдағы тас-түйін Махамбет елді береке-бірлікке үндеп, Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруға шақырып тұрғандай.

Нұрым Ерғалиев

Махамбет ауданы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*