Дархан даланың дауылпазы

Мұрат Мөңкеұлының ақындық қыры хақында

Мурат Сурет

Еділді тартып алғаны

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны

Жағаңа қолды салғаны,

Ойылды тартып алғаны

Ойындағысы болғаны.

Маңғыстаудың үш түбек

Оныдағы алғаны, – деп өрден еңіске түскендей еңкілдей жырлайтын, өн бойынан өкініш пен арманның лебі есетін әйгілі толғауды ілгеріректе біздің елдің таңдайына өлең ұя салған ақын-жыршылары жатқа білетін… Қазақтың басына төнген азап пен нәубеттің қайсыбірін айтып тауысарсыз?.. Сол сұрқылтай заманның бетпердесін сыпыра саңқылдаған талантты ақындары ше… Солардың қайсысы халық мұңынан жырақ бақытты күн кешіп еді?.. Отаршылдықтың қамыты қажаған қайран қазақтың даласы мен баласы біресе қайрат көрсете азуын айға білесе, біресе «бұ дүниенің жүзінен» баз кешіп аһ ұрып еді-ау…

Заманнан заман оралған,

Дүние шіркін соны алған.

Адыра қалғыр бұл қоныс

Қайырсыз екен озалдан, – деп шер толғатқан өлеңнің қас жүйрігі Мұрат Мөңкеұлының жазмыш тақтасында да туған жұртының тағдырынан бөліп алып қарауға болмайтын тылсым жатты.

Ақындық һәм әулиелік

Сөз өнерін бар өнерден биік қойған жалғыз қазақ халқы емес. Ол – анық нәрсе. Бағзыдан шайырлардың аузымен жиі айтылатын, қасиетті Құран Кәрімде жазылған «Пайғамбарлардан соң ақындар келеді» деген даңқты сөз бар. Інжіл кітабы «Ең әуелі Сөз болған» деген сөйлеммен басталады. Соған қарағанда өнердің барша көркем түрінің ішінде ең ескісі де, ерекшесі де сөз өнері, ақындық екендігінде дау болмаса керек. Қала берді, ұлы ақындардың көріпкелдігі туралы айтылатын аңызы мен ақиқаты егіз қаншама деректер бар. Әлемдік өркениеттің түпсіз тарихына бойламай-ақ, бір ғана мысал келтіруді жөн санап отырмыз.

Кіші жүздің айбатты билеушісі Әбілқайыр ханның кеңесшілерінің бірі болған Тілеуұлы Мөңке бидің «Түрлі-түрлі халық болады‚ Күндіз-түні жарық болады… Дүниенің жүзіне‚Өре мен темірден жол тартылады… Адам ақысыз жұмыс істемейді‚ Дүниені түрлеп кестелейді» деп басталатын әйгілі толғауы осыдан үш ғасырға жуық уақыт бұрын өмірге келді. Дәл осы толғауындағы Мөңке бидің «Алашұбар тілің болады, Дүдамалдау дінің болады. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады» деген бұлтартпас болжамы бүгінгі күннің боямасыз шындығына айналды емес пе?..  Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен би Мөңкенің айтулы толғауы тылсым бір күшпен байланысты секілді көрінеді де тұрады. Әсіредіншіл, әсіреқызылшыл қоғамның қазіргі келбетін сонау бір ескі күндерде тап басып танып, әулиелікпен айту дегеніңізді басқаша түсіндіре алмаймыз-ау…

Арада ғасырдан астам уақыт ауғанда қазақтың тағы бір талантты жырауы Мұрат Мөңкеұлы өз толғауларында дүниенің ауған көшін, алай-дүлей болмысын бетпердесіз ашық баян қылады.

Мұраттың «Үш қиянында»:

Мен қауіп еткеннен айтамын,

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланы,

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін,

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңін!, – деген жолдар бар. Мұрат ақын өмір сүрген кезең отаршылдыққа қарсы наразылықтың асқынып тұрған тұсы-тұғын. Еділ-Жайық, құм Нарынды ереуілдеткен Исатай-Махамбет көтерілісінің өршіл рухы елеске айнала қоймаса да, елдің сағын сындырған жағдаяттар көптеу кезең еді ол. Баяғы Мөңке би айтқан болжамның бір шеті ел ішіне дендей бастаған уақыт еді ол…

Осының бәріне куә болған Мұрат ақын «Заман азып не қылсын, Ай орнынан туады, Күн орнынан шығады, Мұның бәрі адамнан» деп түйін жасайды. Парақорлық пен пасықтықтың, күншілдік пен кесірліктің ара жігін ажырата жырлап, туған халқының келер күндері үшін уайым шегеді. Ақынның «Үш қиян» дастанындағы соңғы бөлімдердің туралығы таң қалдырады. ХХ ғасырға кірер тұста көз жұмған жырау сол кезеңнің аласапыран сәттерін айнытпай айтып өтті. Өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын суреттей отырып, сол жараның асқынар тұсы туралы анық болжам жасады. Отаршылдық зардабын шеккен қазақ даласынының тағдыр-талайы қызыл империя тұсында да өзгермеді.

Мұрын ақын Мұрат туралы: «Мен Мұраттан өлеңді қалай айтып кеттің дегенде айтқаны: «Бір күні түсімде бір жиын той болған екен, сол тойда отырған ақсақалдар маған өлең айт деді, мен білмеймін дегенде, жоқ сен білесің деп болмады, сол арада телпегімді қолыма алып, айғайды салып, өлеңді қоя бердім, оянсам түсім екен, ертеңінде тұра сала өлеңді айттым, аузыма сөз түйдектеп түсе берді», – дейді. Өле-өлгенше замананың шындығын жырлаған қайран ақынның Жайық бойына жетіп демі үзілген екен. Ақырғы сәтте ақын запыран құсыпты. Көз көрген куәгерлер сол сәтті де тылсыммен байланыстырады. Пайғамбар жасына келіп көз жұмған Мұраттың кеудесінен өлеңнің ақырғы демі запыран боп шықты деседі…

Қынапты қара қылышпын…

Мұрат толғауларымен жақсы таныс оқырман оны шабыттанбай оқу мүмкін емес деген пікірмен келісуге тиіс. Ол өзінің қайнар көзін сонау тереңнен алып, түп-тарихыңды қозғап, тамырыңды аралап аққан жойқын өзен секілді.

Сөйлейтін сөзге шешенмін,

Қынапты қара қылышпын,

Салып кетсем, кесермін.

Сұр жорға аттың сүргіні,

Ақ төстері ақиып,

Қараша қайтар күз күні,

Қызыл тілім қырмызы

Уақыт келсе Алладан,

Алып кетер бір күні, – деп, Құдайға ғана бас ұрар асқақтықпен түйдектете толғаған ақын топқа түссе алдына жан салмаған екен. «Мен бір шарға ұстаған қара балта едім – Шабуын таппай кетілдім, Қайраса – тағы жетілдім» деген Махамбет сарыны құлаққа келеді. Шынында да, Мұрат ойын-той мен насихаттың ақыны емес, өз заманының айбынды үні болған ақын. Бүкіл батыс топырағына тән жауынгерлік поэзияның жарқын болмысы оның бар туындысының бойында асау қандай тулап жатыр. Қазақ пен ноғайдың ескі күндерінен бергі бай шежірені жатқа білген, жырға қосқан Мұрат толғаулары өткен мен бүгінді жалғастырған алтын желі іспетті. Едіге мен Асан би, Қазтуған мен Доспамбет, Қырымның қырық батыры… Олардың есімдері де, ерен істері де Мұрат жырларында жарқырай көрінеді. Атамекенді солардан қалған махаббатпен, ащы өкінішпен сүйеді.

Еділдің бойы – қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстау бойы – шаңды қиян,

Адыра қалғыр үш қиян!

Қайран елім деп өткен ерлердің атакүлдігі… Батырының өзі ақын бабақоныс…

Адыра қалғыр көк Жайық,

Көпір салып өткен жер,

Асанқайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс,

Шораның шұбап кеткен жер, – деп бейнелейді Мұрат ақын. «Қараша, Құбан – қанды су,

Ақтөбе, Бозан – данды су,Үшөзен, Самар – жанды су» деп жан ұшыра түгендейді қайран жырау… «Аузы түкті гәуірдің, Басы шошақ қалмақтың» қанын судай шашқан қаһарман ұлдардың шежіресін маржандай тізеді.

«Еділде тұрып оқ атса, Жайықта оғын жоғалтқан, Жайықта тұрып ырғаса, Еділде оғын жоғалтқан» қаһарман ұлдарды суреттеуде Мұраттың зергерлігіне шендесер шебер кемде-кем. Қазтуған мен Доспамбеттен бергі бүкіл батыс жырауларына тән жыр оралымдарын Мұрат өзгеше түрлендіреді.

Тыңдағанның аруағын қоздырар, айбынын оятар аталы сөзді Мұрат ақын тегін айтпаса керек. Сан ғасырлық езгіден жүдеген жұрттың еңсесін көтерер, рухын оятар асылзат тарихты өлеңге айналдырып, өн бойын шымырлата толғаған ақынның миссиясының өзі сол шығар. Қайсар бабасының қанындағы тектілікті аңсау, елдікке үндеу, намысын қайрау…

Қалай айтқанда да, Мұрат Мөңкеұлын қалыптасқан түсінікке сыйдырып «Зар заман ақыны» дегеннен гөрі, Махамбетше рухты оятушы дауылпаз жырау деген жөн секілді көрінеді де тұрады. Өйткені, Мұрат жырларынан үмітсіздік сарыны емес, жауынгердің дабылы көбірек естіледі.

Әлия Дәулетбаева

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*