ДАЛА ӨРТІ

 «Тілсіз  жаудың» зардабы

Жуырда Ресейдің Хакасия аумағында болған орман, дала өрті жұрттың есінде. Ескі шөптің тұтануынан пайда болған қызыл жалын аз аралықта жолындағысын аяусыз жалмады. 18 елді мекендегі 200 тұрғын үй, 300-ден астам саяжайдың күлге айналғандығы бүгінде белгілі болуда. Ең өкініштісі, тосын оқиғадан 30 адам қаза тапты. Зардап шеккендердің саны 21 мыңнан асады.

– Бұл деректер естіген жанды шошындырады, оған жеңіл қарау мүмкін емес. Сақтанбаса, орман, дала өрттерінің сұмдық зардаптарға ұшыратарын осынау оқиға ұғындыра түскендей, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Сәлімғали Салықбаев.

Оның айтуынша, былтыр облысымыздың Құрманғазы ауданында бір, Қызылқоға мен Исатай аудандарында жеті дала өрті тіркелген. Тосын оқиғаның салдарынан 1,5 гектар жердегі ағаш-терек, 17540 гектарды құрайтын шабындық шөп жанып кетіпті. Бір қора мен 26 ұсақ мал қызыл жалынның құрбанына айналып, 260 төлді күйік шалған.

Ал, биыл елімізде 13 дала өрті тіркелсе, соның 2-уі Атырау өңірінің Каспий маңындағы қамыстан шыққан. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Арман Құрманбаев оның себебін былайша түсіндіреді:

– Осы жылдың 31 наурыз күні біздің бақылау аумағымыздан тыс жерде өрт шығып, ол лезде мемлекеттік қорықтың аумағына ауысты. Өзіңіз білесіз, резерватта өте сирек кездесетін құстар, жан-жануарлар мекендейді. Сондықтан, оларға қауіп келтірмеудің барлық шарасы алынып, от ошағы уақытында өшірілді, – дейді құрылым басшысы.

   20 мамыр күні болған екінші төтенше жағдай кезінде де өрт сөндірушілер жедел әрекет еткен. Дегенмен, «тілсіз жау» әп сәтте бір гектар жерді шарпып үлгеріпті. 

Тың  бастама, соны  серпін

 Өңірімізде көлденең жағдайлардың алдын алу мақсатында тың бастамалар қолға алынуда. Биылғы мамыр айынан бастап облыс әкімдігі мен «Гео Сат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы келісімді соның мысалы ретінде айтуға болады. Ғарыштық мониторинг облыс аумағын бақылауда ұстауға, оқыс оқиғаларды дер мезгілінде ауыздықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті орман қорын тәулік бойы қадағалау үшін оптикалық-сенсорлық жүйе енгізуді ұсынып отыр. Геоақпараттық технологияға негізделген жоба қазір республиканың шығыс бөлігінде тәжірибеден өте бастапты.

Тағы бір жаңалық, қажетті әуе көлігіне қатысты. Бұрын теңіздегі қамыстың ортасынан от шықса, оған ешбір техника бара алмайтын. Осы себептен жалынды сөндіруге өрт сөндірушілердің «қолы» жете бермейтін. Олқылықтың орны бүгінде тола бастағанға ұқсайды. Бұдан бұрын алынған «ВСУ-5» су ағызу құрылғысы жуырда төтенше жағдайлар комитеті «Қазәуеқұтқару» құрылымының Ми-8 тікұшағына орнатылып, Алғабас ауылының тұсында сынақтан өтті. «Құрылғы ашық айдыннан су толтырып алып, оны шартты түрдегі өртеніп жатқан жерге төкті. Сынақ шарасы нәтижелі болды» дейді төтенше жағдай департаментінің өкілдері.

Бүгінде «тілсіз жаумен» күресу үшін жергілікті жерде 1137 мүшесі бар 105 ерікті өрт сөндіру жасағы жасақталды. Қолданыстағы техникалардың саны 238-ді құрайды. Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық және ведомстволық бағыныстағы мекемелерінің табиғи өрттерді өшіруге 500-ден астам адамды құрайтын жеке құрамы, 44 техникасы әзір тұр. 

Шешімін  күткен сан  түйін…

Далалық жерде кенеттен өрт шықса, оған біз «сақадай саймыз» деу қиын. Мәселен, теңіз жағалауындағы өртенген қамысты сөндіру біз үшін әлі күнге үлкен проблема. Күні кеше алынған арнайы жалғыз тікұшақ мәселені түбегейлі шешпейді. 

– Бүгінде Атырау облысы орман шаруашылықтарының жабдықталуының нашарлығынан, соның ішінде өрт-химиялық бекеттерінің, өрт сөндіру автокөліктерінің, бақылау мұнараларының болмауының салдарынан республика бойынша Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан кейін соңғы орында орналасқан. Орман қорлары 1936 -1953 жылдардан бері келе жатырғанын, жарақтандыру мәселесі жыл сайын төтенше жағдай комиссиясында қаралатындығын ескерсек, «неге осы проблемалар әлі күнге шешімін таппайды?» деген сұрақ туындайды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Сәлімғали Салықбаев.

Облыста ерікті өрт сөндіру жасақтарын жасақтау өмірдің қажеттілігінен туындады. Былтыр жергілікті әкімдіктер оларға 32 млн. теңгеге 1 трактор, 6 өрт сөндіру сорғысы, 2 катер, басқа да керекті дүниелерін алып берді. Еліміздің өзге облыстарында аталған жасақтардың күшімен сөндірілген от ошақтары аз емес көрінеді. Ал, бізде мұндай құрылымдар өзінің дәрменсіздігін көрсетуде. Соның айғағындай, былтырғы дала өрттерінің барлығы да төтенше жағдай департаментінің арнайы техникалары, жеке құрамының күшімен сөндіріліпті. Сонда үміт еткен жасақтарымыз қайда? Олардың дайындығы неге уақытылы тексерілмейді?

Өрт сөндірушілер жұртшылық арасындағы түсінік жұмыстарына әлі мән бермей келе жатқан секілді. Ақпарат құралдарымен де байланысы тығыз деуге ауыз бармайды. Тұрғындардың тоғайға заңсыз кіруі, далалық жерлерде от тұтандырып, оны өшірмей кетуі – соның бір көрінісі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлы бүгінде жергілікті тоғайларды қорғауға ерекше маңыз берілгенін айтып отыр. Осы мақсатта былтыр 14 тонна сым алынып, мәселен Индердегі қалың терек  аумағының біразы қоршалыпты. Әйткенмен, аудандардағы орман шаруашылығы мекемелерінің ғимараттары да, техникалары да өте ескі. Мұның бәрі тоғайдағы болуы ықтимал өрттің алдын алуға кесірін тигізеді.

Өмірдің тәжірибесі көрсеткендей, орман, дала өртінің біразы тұрғындардың тартқан темекісінің тұқылы, өшірмей қалдырған ошағының отынан да тұтанып жүр. Сондықтан, «тілсіз жауға» жол бермес үшін сақтық шараларын қолға алайық, ағайын.

P.S.Осы мақала дайындалып жатқанда Қызылқоға ауданында және «Ақжайық» резерватының аумағында дала өрті болып, ол жедел сөндірілгені туралы хабар алдық.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*