Қызылқоға қырындағы қарымды қадамдар

Агрокешен Басты жаңалық Жаңалықтар Жолдау Мәселе Рухани жаңғыру Экономика Қоғам Әлеумет әлеуеті

Желмаясымен желіп жүріп, жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз «қақпақты қара қазан» деп атап кеткен, шөбі шұрайлы, жері мұнайлы Қызылқоға өңіріне өткен аптада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен барып, Қызылқоға ауданы әкімі Арман Баженовтің тұрғындар алдында 2018 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстарынан есеп беру жиынына қатысты. Сондай-ақ, ауданда аймақ басшысының төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі және аудандардағы каналдар, жайылымды жерлерді суландыру мәселелеріне арналған көшпелі мәжіліс өтті.

Жастар  ғимараты бой  түзеді

Алдымен әлеуметтік, тұрмыстық нысандарды аралауды көздеген аймақ басшысы Жастар жылына орай Миялы селосында жаңадан пайдалануға берілген «Жастар ресурстық орталығына» бас сұғып, аудан жастарының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – аудандық  жастар орталықтарының арасында балансына жеке ғимарат алған алғашқы мекеме. Мұнда 14-29 жас аралығындағы жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды жоспарлай алады, әр түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға да мүмкіндік қарастырылған.

Мектептен тыс кезде жастар жиналатын қос қабатты ғимаратта түрлі бағытта жасақталған 8 бөлме бар. Оның бірінде инновациялық идеялар талқыланса, өзгесінде шығармашылық  бағытта дәрістер үйретіледі. Сондай-ақ, пікір алмасу, ойын түрлері  және интерактивті тақтамен жабдықталған бөлмелер де жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұнда ағылшын тілін үйрету, шешендік өнерге баулу үйірмелері ашылмақ екен. Орталықты аралау барысында облыс әкімі оқушылардың  сан түрлі  өнеріне тәнті боп, бір кезек олардың жоба талқылау барысындағы пікір-алмасу жиынына қатысып, ортақ ойларын, идеяларын тыңдады. Оларды қызықтыратын тақырыптар мен жобалар туралы біліп, жарқын болашақтарына сәттілік тіледі. Аудан әкіміне жастарға кәсіпкерлік негіздерін белсенді түрде түсіндіру жөнінде тапсырма берді.

– Шағын және орта бизнес – біздің экономикамыздың драйвері. Студенттерді бизнес субъектілерінде тәжірибеден өткізу жайын ойластыру керек. Ауданда 1465 кәсіпкер бар, олар студенттерге бизнес негіздерін оқыта алады. Мемлекет өз кезегінде бұл тәжірибенің ақысын төлейді, – деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.

Тұрғын үймен қамту бағытында былтыр аудан бойынша 82 пәтер пайдалануға берілген екен. Келесі кезекте аймақ басшысы Миялы ауылында мемлекеттік қызметшілерге берілген жаңа қызметтік үйлерді аралап, тұрғындардың хал-ахуалымен танысты. Былтыр салынған бұл үйлерде мұғалімдер, дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер тұрады. Жеке кәсіпкерлер тұрғызып, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша жекеменшікке ұсынылған тұрғын үйлердің әрқайсысының ауданы  100 шаршы метрді құрайды. Жалпы есеппен олар Миялы ауылдық округінде осындай – 9, Сағыз ауылдық округінде –  4, Жанкелдин ауылдық округінде 4 пәтер салып, пайдалануға берген.

Биыл құрылғанына 75 жыл толатын Қызылқоға ауданының орталығы сонау 1959 жылы Қарабаудан Миялыға көшіріліп, сол жылдары жаңа орталықта аудандық басқару органдарының нысандары  бой түзеді. Олардың қатарында бүгінге дейін қызметтік орын есебі ретінде пайдаланылып келе жатқан аудандық ішкі істер бөлімі және қорғаныс істері жөніндегі бөлім мекемелерінің ғимараттары да бар. Қабырғалары қарапайым қамыс пен ағаш тіреулерінен салынып, тозығы жеткен бұл нысандардың қазіргі жай-күйін көзімен көрген әкім  осыдан соң аудандық ішкі істер бөліміне берілгелі отырған жаңа ғимаратты да аралап шықты.

Бұдан соң өңір басшысы аудандық өлкетану музейінде болып, өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады. Сондай-ақ, аудан орталығына іргелес орналасқан Жанкелдин ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын көрді.

Түстен соң, «Нұр Отан» партиясының Қызылқоға аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Облыс әкімінің қабылдауында болған зейнеткер Қамидолла Әбдірахманов аудандағы «Бәйтік», «Арал», «Бүйрек» көлдеріне өр суын шығаруға ықпал етуін сұраса, «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрхат Қуанов мал басы санының көбеюіне байланысты, ауыл шаруашылығы мақсатында қосымша жер телімдерінің қажеттілігін көтерді. Тағы екі азамат тұрғын үй мәселесін қозғаса, Сағызбек Тастеміров «Сағыз ауылында жаңадан ашылған мектепке қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлының есімі берілсе» екен деген тілегін білдірді.

Жер  телімдері  мақсатты пайдаланылуы  тиіс

Көшпелі мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманжол Қабдешевтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, өткен жылы басқармаға 27 тапсырма беріліп, жыл ішіндегі құрылымдық өзгерістерге байланысты 11 тапсырма ветеринария басқармасына жолданған. Жыл ішінде  басқармаға қатысты берілген тапсырмалардың 14-і орындалып, екеуі орындалмаған.  

Облыста өткен жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен аграрлық несиелер корпорациясы арқылы 750 мүйізді ірі қара, 7000 қой сатып алу тапсырмасы артығымен орындалды. Сондай-ақ, төрт түлік мал мен олардан өндірілетін өнімдерде де алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім бар. Малды асылдандырумен айналысатын шаруашылықтардың саны 21-ге жетіп,  облыстағы асыл тұқымды ірі қара 117%-ға, жылқы 114%-ға, түйе 123%-ға артқан. Өткен жылы басқармаға 3,1 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде субсидиялық қолдау қаражаты 1,6 млрд. теңгені құрап, бөлінген қаржы толығымен игерілген. Яғни, бұл қаражатқа өңірдегі 727 шаруашылық субсидияланды.

Өңірде соңғы жылдары егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдарда тамшылатып суару технологиясымен өсірілетін егістік көлемі артып келеді. Биылғы жылы бұл көрсеткіш жалпы егістік көлемінің 32%-ын құрайтын болады.

Көшпелі мәжілісте облыс әкімі ескірген пестицидтер мен улы сұйықтық құйылған ыдыстардың жойылуы мен пестицидтермен залалдануы мүмкін аумақтарды, ескі орындарды анықтау жұмыстарының жүргізілуіне ерекше ден қойды. Сонымен қатар, «Каспий Лана Атырау» ЖШС-не жүн өнімдерін жинап тапсыру жұмыстарын ұйымдастыру және жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуы мәселелеріне  назар аударды.

– Ауыл шаруашылығы жерлерін ауданда жұмыс жасауға ынтасы бар азаматтар алуы  қажет. Жер бөлу бойынша ешқандай субъективті мәселе болмауы тиіс. Сондай-ақ, бұл жерлер игерілмей, бос жатпауы  керек. Жер алғаннан кейін адам өзіне орындауға міндетті белгілі бір жауапкершілік алады. Егер ол алған жерін талапқа сай пайдаланбаса, бұл іспен айналысатын басқа иесін табу керек. Бұл – Елбасының тікелей тапсырмасы. Өткен жылы біз мемлекет меншігіне 48,9 мың гектар жерді қайтардық. 2019 жылдың қаңтарында – 12,5 мың гектар. Бұл жұмыс жалғасын табады, облыстағы барлық жер телімдері бойынша ревизия жүргізіледі. Берілген мүмкіндікті пайдаланбағандар кесірінен бұған  мұқтаж жандар зардап шегеді. Бұлай болмауы қажет, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Былтырғы көрсеткіш  бойынша өңірде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 111,8 мың адам жер учаскесінің кезегінде тұр. Өткен жылы осы мақсатта 1177 жер телімі берілген. Ал, биылғы жылы 2643 жер учаскесін тұрғын үй құрылысы үшін беру жоспарланып отыр. 

Облыс көлемінде былтырғы  жылы 8 бюджеттік бағдарлама бойынша жалпы құны 1 млрд. 607 млн. теңгеге 727 шаруашылық субсидияланды.

– Субсидиялау тәртібі өзгеріп жатыр. Екінші  тоқсаннан бастап электронды форматқа көшеді. Бұл субсидия алу процесін жеңілдетеді. Жергілікті атқарушы органдар шаруашылық иелеріне жаңа талаптар мен төлем тәртібін түсіндіруі қажет. Субсидиялар туралы өтініштер электронды үкімет порталы арқылы беріледі. Бұл бірінші кезекте оларды алуды жеңілдетеді, ал екіншіден, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға көмектеседі. Біз бұл мәселені үнемі қадағалап отырамыз. Кәсіпкерлерге қажетті қолдау қаражаты уақытылы берілуі керек, – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте сондай-ақ, ветеринария саласындағы түйткілді мәселелер көпшілік талқысына салынды. Талқылау барысында Нұрлан Асқарұлы аймақтағы ветеринария және ихтиология саласындағы жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту мәселесін қолға алуды тапсырды.

– Ветеринария бөлімі өте жақсы жұмыс істейді. Қазақстанда тұңғыш рет бізде тіркелген экзотикалық ауру нодулярлы дерматитті еске түсіріңіздер. Біздің ветеринарлар тиімді жұмыс істеді. Бірақ, қазіргі жұмыстарыңыз туралы шағымдар бар, жақсы мамандар қажет. Балық жағдайына да қатысты – бұл  алғаш рет орын алған ахуал. Тоғандарды өлі балықтан тазарту жұмыстары жүргізілді, балық өнімдерін сату нүктелері де бақылауда. Жайық өзенінің жай-күйі үнемі қадағаланып отырады. Құқық қорғау органдары ластау себебін тексеру және кінәлілерді анықтауға жауапты. Алайда, бұл біз үшін дабыл болуы тиіс. Болашақта бұл жағдайдың алдын алу үшін бізге сыртқы көмек қажет,  жоғары білікті мамандарды осы салаларға тартуға тиіспіз. Өз тарапымыздан жергілікті атқарушы органдар жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Біздің облыстың табиғи шаруашылығы құнды, біз оларды сақтау үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет, – деді.

Облыста жалпы ұзындығы 1133 шақырым болатын 20 канал бар. Мәжілісте осы каналдардың жай-күйі, қордаланған өзекті мәселелер де ортаға салынды.

Былтырғы жылдың қаңтар айынан бастап электр энергиясына сараланған тариф алынып тасталды. Осыған байланысты электр шығындары 2017 жылмен салыстырғанда 64,039 млн. теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден кейбір каналдарға суармалы егістікке су алуға сұраныс мүлдем жоқ. Сондықтан каналдарға су тек жайылымдық жерлерді суландыру үшін жеткізіліп отыр. Кейбір каналдардың арналары бітеліп, тазалау жұмыстарын қажет етуде.

Аймақ басшысы шабындық пен жайылымдық жерлерді суландырудың бірден-бір көзі саналатын каналдарды ұтымды пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды.

Көкейкесті  мәселелер шешімін  тапты

Аудан әкімінің есеп беру жиыны аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде өтті. Өткен жылғы жетістіктер мен алда тұрған міндеттерді саралаған аудан әкімі Арман Баженов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Қазір ауданда екі мал сою пункті, үш мал сою алаңы жұмыс жасауда. Есепті мерзімде Сағыз ауылында 424 орындық мектеп пайдалануға берілді. Дәл осындай тағы бір мектеп Мұқыр ауылында бой көтеруде. Ал, білім ұясының салынуын көптен аңсаған Жантерек ауылының тұрғындары құрылысы басталған 60 орындық мектептің тез аяқталуын тілеп жүр. Сонымен қатар, биыл Сағыз және  Қарабау ауылдарында  балабақша құрылысы аяқталады.

Бүгінде ауданда жеке тұрғын үй құрылысына арналған 486 жер учаскесінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары толықтай аяқталды. Есепті кезеңде елді  мекендерде кірме жол салу және оны жөндеу, көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілді. Алдағы уақытта  Миялы ауылынан  ипподром құрылысын салу жоспарланып отыр. Аудан көлеміндегі 25 елді мекендегі халықтың 95%-ы орталықтандырылған, 5%-ы жер асты суын пайдалануда. Өңірдегі  халықтың 98%-ы көгілдір отынды пайдалануда. Сондай-ақ, ауданда медицина кадрларын толықтыруға көңіл бөлініп, былтыр жоғары білімді бес жас маманмен  толықты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Сағыз ауылынан жеке кәсіпкер Сағызбай Тастеміров бір уақытта  50 бала жаттыға алатын жаңа спорт залын пайдалануға берді. Ауданда 143 бұқаралық-спорттық шара өткізілсе, спортшылар мен құрама командалар 70-тен астам әртүрлі деңгейдегі жарысқа қатысты.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев  аудан әкімінің атқарған жұмысын оң бағалады.

Қызылқоға ауданы.

2018  жылдың  қорытындылары:

Ауыл шаруашылығы:

Өндірілген  өнім  көлемі –7 631,7  млн.  теңге.

Аудандағы  мал  саны:

Мүйізді ірі қара – 30 123

Қой-ешкі – 128 595

Түйе – 1669

Жылқы – 13 519

Көкөніс, бақша дақылдарыегістігі – 45 гектар

Алынған өнім: 

картоп – 137,2 тонна

бақша өнімдері – 193,1 тонна

көкөніс өнімдері – 143 тонна

Кәсіпкерлік:

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері – 1516

Оның ішінде: заңды тұлға – 74

Жеке кәсіпкер – 1212

Шаруа қожалығы – 245

Былтыр іске қосылған кәсіпкерлік нысан – 23

жұмыспен қамтылғандар –38 адам

Несиеге алынған қаражат мөлшері – 640  млн.  теңге

Инвестиция және тұрғын үй:

Пайдалануға берілгентұрғын үй көлемі – 11 620,8 шаршы метр

Негізгі қорға салынғанинвестиция көлемі –9 444,0 млн. теңге

Жұмыспен  қамту:

Жұмыссыздар саны – 290 адам

Жұмысқа орналасқаны – 1313 адам

Жылдық жоспардың орындалуы – 139,9 пайыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *