Салықтық рақымшылық қалай жүзеге асады?

Шағын және орта бизнес субъектілерінің борышын кешіру мақсатында  салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осыған орай Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Нұрболат САРМАНОВ мырзадан түсінік алуды жөн көрдік.

Фото – oren.ru

– Биыл жүргізілетін салықтық рақымшылық бойынша нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР-ның әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның Заңымен (28.12.2018ж.) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР-ның Заңына (25.12.2017ж.) енгізілген тиісті толықтырулармен бекітілді. Елбасы қол қойған заң биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді. Осы Заңға сәйкес, салықтық рақымшылық шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейді.

Бұл ретте бір ескеретін жайт, әзірленген түзетуге орай мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жерасты суын өндіру, емдеу балшығына құқығы бар жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер мен жеке тұлғалар салықтық рақымшылыққа жатпайды.

Елбасы Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті шағын және орта бизнес субъектілерінің борышын кешірудің механизмі қағидасын әзірлеп, алдағы уақытта бекітетін болады. Қазіргі кезде Мемлекеттік кірістер комитеті үстеме ақылар мен айыппұлдарды кезең-кезең бойынша кешіру механизмін және мемлекеттік кірістер органының әрекетін анық түсіндіру бойынша ережелер әзірлеуде. Бұл ереже Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі. Аталған бұйрық Әділет министрлігінде тіркеліп жарияланғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Салықтық рақымшылық кәсіпкерлерді қолдаудың пәрменді механизмі болады. Яғни негізгі салықтарды төлеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Салық төлеушінің жеке кабинеттеріне негізгі қарызды төлеген кезде, қанша қарызы кешірілетіні туралы электронды хабарлама жіберіледі. Ал, кабинеті жоқтарға пошта арқылы жіберіледі.

– Нұрболат Әлібекұлы, облыста қанша кәсіпкер бар, олардың қаншасы рақымшылыққа ілігеді? Кәсіпкерлер өздерінің рақымшылыққа іліккен-ілікпегенін қайдан біле алады?

– Атырау облысы бойынша 48 мың кәсіпкер бар. Олардың үш мыңнан астамы рақымшылыққа ілігеді. Оны білу үшін салық төлеуші кәсіпкерлерге ешқайда барудың қажеті жоқ, Мемлекеттік кірістер органдары салықтық бет есептеріне мониторинг жасап, негізгі салық қарызын төлеген жағдайда, үш жұмыс күнінен кешіктірмей, есептен шығару туралы тиісті шешімдерін өздері шығарып отырады.

Салықтық рақымшылық барысында өткен жылғы 1 қазаннан бастап негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады. Әр салық төлеушінің өз берешегін Комитеттің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы және «Электрондық үкімет» порталынан білуіне мүмкіндік бар. Бұл үшін «Салықтық берешектің жоқтығы (бар болуы) туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режимінде ЖСН/БСН бойынша салықтық берешектің болуы/болмауы туралы ағымдағы ақпаратты алуына болады.

Әңгімелескен: Лиза СЕЙТІМОВА.

КЕРЕК ДЕРЕК

Атырау облысы бойынша 48 мың кәсіпкер бар;

Олардың үш мыңнан астамы рақымшылыққа ілігеді;

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*