Оқу-білім өндіріспен ұштасса…


Әрбір жастың арманы – жоғары білім алып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу. Осы орайда елімізде жастардың сапалы білім алу үшін  ең озық технологиялары бар зертханалармен жабдықталған жоғары оқу орындары аз емес.

Соның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Білім мен өндірістік тәжірибені үндестіріп, бәсекеге қабілетті түлектерін  жұмыспен қамту рейтингісінде 500 жоғары оқу орындары арасында  251 орынды  иеленген  Орталық Азиядағы алғашқы университет атанды. Рейтинг жұмыс берушілердің студенттермен өзара іс-қимылын ұйымдастыру, университетті бітіргеннен кейін  жұмысқа орналасуы мен жұмыс берушілер арасында беделі, түлектердің кәсіби жетістігі мен жұмыс берушілермен серіктестік сынды бағалау критерийлері негізінде құрастырылды. Мұндай жетістік Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жұмыс берушілермен әріптестік байланысы бар екеніне айқын дәлел бола алады. Сонымен бірге, көптеген  түлектерінің отандық ең таңдаулы компанияларда, тіпті шет елдерде де табысты жұмыс атқаратынын растайды.

Мәселен, университеттің химия және  химиялық  технология факультетінің студенттері де болашақта өндірістегі жұмыс орнын еліміздегі және шетелдердегі ең үздік компаниялардан тауып, жемісті жұмыс атқаратынына сенімді болып отыр. Өйткені, факультет студенттері академиялық күнтізбе бойынша ұдайы мұнай-газ өнеркәсібі және өзге де салалардағы компанияларда өндірістік  тәжірибеден өтіп жүр. Өткен жылы үшінші курс студенттері  үшін өндірістік  тәжірибе 5 аптаны, яғни, 28 мамыр-29 маусым аралығын қамтыды. Болашақта дипломдық жұмыстарға, ғылыми жобаларға қатысуға қадам жасауға баспалдақ болып табылатын өндірістік тәжірибеден өтуге кафедра студенттері құлшыныс білдірді. Сондықтан ертерек өндіріске баулу жұмыстары пәнаралық байланыстар арқылы жүргізілді. Мұнай химиясы бойынша өндіріс орнында өндірістік тәжірибеден өткісі келетін, келешекте осы салада жұмыс жасауға талпынған студенттерге мұнай өңдеу компанияларының, кәсіпорындардың бірнешеуімен келісім-шарт жасалды. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне  жол ашқан кәсіпорындардың қатарында  «Атырау мұнай өңдеу зауыты»  ЖШС бар.  Отандық мұнай өңдеу саласының  флангманы –Атырау мұнай өңдеу зауытында физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасынының 23  студенті  іріктелді. Олардың  Атырауға және Алматыға дейінгі жол жүру шығынына университет тарапынан 2 миллион 716 мың 533 теңге бөлініп, әр студентке 113 730 теңгеге жуық қаражат төленді. 

Кәсіпорын тарапынан студенттерге жетекшілік жасауға тағайындалған  цех инженерлері, реагент пен газ лабораториясының инженер-xимиктері, зауыт бөлімдерінің инженерлері  студенттерге мұнай өңдеу процесімен толық танысуына мүмкіндік жасады. Өйткені, бұл елімізде 1945 жылы ашылып, бүгінде  ең ірі үш мұнай өңдейтін зауытының бірегейіне айналып отыр. Иә, шынында да Атыраудағы бұл зауыт –Қазақстандағы мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш өнеркәсіптік кәсіпорны. Іске қосылғаннан бері сапа мен сенімділіктің үлгісіне, еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң экономикалық өркендеу жолындағы флангманға айналды.

Студенттер Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу процесі  қандай цехтарда іске асырылатынын көзбен көрді. Бірнеше цех тәжірибе жинады. Шикі мұнайдан бастап, дайын өнімдерге дейін қандай сатылардан өтетініне, тауарлы өнімдерді эстакадада тиеп әкетіп жатқанына қанықты. Сондай-ақ, болашақта іске қосылуға тиіс  мұнайды терең өңдеу цехының құрылысымен танысты. Отандық зауыттың келешегі кемел  екеніне көз жеткізді. Университетте алғалы отырған мамандығы бойынша осы салада жұмыс істеуге болатынына сенімі артты. Бұл үшін тек ағылшын тілін меңгерумен бірге, өз саласының жақсы маманы болу қажеттігін сезінді. Зауыт туралы толық мәліметтер мен   ақпараттарды жинап, техникалық құжаттармен танысты.

Студенттер үшін цехтарда жұмыс істеу әлдеқайда қызықты болғаны даусыз. Қазақстан – дүние жүзіндегі мұнай қорының 3%-ын құрайтын, сондай-ақ,  көмірдің орасан мол қоры бар елдің ондығына кіретін мемлекет. Еліміз табиғи газ қоры жөнінде де жиырмалықтың қатарында екенін ескерсек, химия және химиялық технология саласында еңбек ететін білікті мамандарды даярлаудың  маңызы арта түседі.  Осыған орай отандық өндірістің мәртебесін көтеру мақсатында химия және химиялық  технология факультетінің ел экономикасына сүбелі үлес қосатын мамандарды даярлауда отандық және шетелдік өндіріс орындарымен әріптестік байланыс орнатып отыр. Бұл алда да жалғаса береді.

Нұрбибі  ЖӘКІРОВА,

химия ғылымдарының кандидаты,  

Айжан  КӨШЕРБАЙ,

IV курс студенті,

Алматы  қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*