Ақын Айсұлу Қадырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» тақырыбында шығармашылық кеші өтті

Мәдениет

Облыс орталығындағы  Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қоғам қайраткері, ақын Айсұлу  Қадырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» тақырыбында шығармашылық кеші өтті. Айсұлу Қадырбаева 1950 жылы 2 қарашада Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебін бітірген соң, 1968-1972 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алған.  Жетпісінші жылдары «Жазушы» баспасында корректор, кіші редактор, редактор, 1984-1990 жылдары Қазақ радиосының редакторы, оның Орал облысындағы меншікті тілшісі, 1990-1993 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Орал облыстық бөлімшесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Ал, 1993 жылдан бері шығармашылық қызметпен айналысуда. Көптеген өлең, дастан, толғаулары түрлі газет-журналдарда,  Түркияда шығатын басылымдарда, ұжымдық жинақтарда 1979 жылдан бастап жарық көрген. «Айту – парыз», «Ақ мама», «Барып қайт, балам, ауылға», «Иманға жүгін, ей, пенде!» жыр кітаптарының авторы.

Өткен ғасырдың 1990-1994 жылдары Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы басқармасының мүшесі, Орал облыстық бөлімшесінің тең төрағасы болған, 1991 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында жергілікті казактардың Ресей казак әскерлері басшылығымен бірігіп, «Орал казактарының патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерекесін тойлау» жөніндегі отаршылдық арандату әрекетіне қарсы тойтарыс акциясын ұйымдастырушылардың бірі. Осы кезеңде ақынның қайраткерлік қыры ашылып, бүкіл елге «Айсұлу ханым» есімімен әйгілі болды. Осы жерде Қадыр Мырза-Әлінің «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деген өлең жолдары еске түседі. Ол– Дүниежүзі түркі халықтарының 1994 жылы Измир қаласында өткен I құрылтайының делегаты.

Поэзия мерекесінде Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры әртістері ақынның өмірі мен өлеңдерінен театрландырылған қойылым қойды. «Ақ мама» дастанынан, яғни, ақын әйелдің анасының рухымен сырласқан психологиялық шегіністерден басталып, Шәмші Қалдаяқовтың «Анаға сәлем» әнімен жалғасын тапты. Осы жерде ақынның төлқұжатындай болып кеткен, ХХ ғасырдың сексенінші жылдары жұртшылықтың аузынан түспей айтылған «Барып қайт, балам, ауылға» әні орындалғанда ақын образы толық ашылатын еді деген ойдамыз. «Шыңғыс хан», «Бабырнама» дастандары би композицияларымен түрлендіріле отырып, сахналандырылды.

Аталған кеш Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің құттықтау сөзімен ашылды:

–Айсұлу Қадырбаева  өз шығармаларында түркі дүниесінің бірлігін жырлап келеді. Қоғамға қосқан үлесі жетерліктей өзі ақын, өзі батыр апамыздың «Шыңғыс хан», «Бабырнама» дастандары  тарихтың бізге беймәлім бастауларынан сыр шертеді. «Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» деген Міржақыптың,

«Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім өніп-өскен.

Тұранның тағдыры бар толқымалы,

Басынан нелер қиын күндер кешкен» деп жырлаған Мағжанның жырларындағы идеяны өз өлеңдерінде көтере білген Айсұлу апамыз – кезінде қазақ үшін басын бәйгеге де тіккен адам, – деген ол  ақынның иығына Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев атынан камзол жауып, Алғыс хат табыстады.

Филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Айсұлу Қадырбаеваның түркі дүниесіне сіңірген еңбегін айта келіп, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулеттің атынан құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс хат тапсырды. Ақын, қайсар анаға камзол жауып, құрметке бөледі.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев те кейіпкеріміздің ұлт тағдыры сынға түскен шақта көрсеткен ерлігін, ер-азаматтың қолынан келмейтін батырлығын, екінің бірі айта алмайтын ақындығы туралы  сыр шертті. Ал, Айсұлу Қадырбаеваның курстасы, белгілі өлкетанушы, жазушы Өтепберген Әлімгереев қызығы мол студенттік шақтардың естелігімен бөлісті. Ақынның тұңғыш ұлы Айдын Қадырбаев сазсырнайда өнер көрсетті.

Айсұлу ханым залдан түскен сұрақтарға жауап бере отырып, өз өмірінен сыр шертті. Алаштың біртуар ардагерлерімен рухтас өлеңдерін оқып, серпілтіп тастады.

Шығармашылық кеш  аясында ақынның «Бабалар рухына тағзым» атты кітабының  тұсауы кесілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *