Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, әнші Сәуле Жанпейісованың «Бұлбұл дәурен» атты шығармашылық кеші өтті.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен қазақтың дәстүрлі ән мерекесінде күміскөмей, жезтаңдай әнші Батыс өңірінің дәстүрлі әндерін, Маңғыстаудың жеті қайқысы мен адайдың бес жүйрігі қалдырған рухани мұраны, Арқа мен Жетісудың мол қазынасын көрермендерге тарту етті.
Түбі бір түркі дүниесінің есте жоқ ескі замандардан бері Ұлыстың ұлы күні деп қарсы алған Наурыз мейрамымен бірге жер ананың тоңын жібітіп, сіре қардың көбесін бұзып, өзендерде күркіретіп сең жүргізетін Ебінің алтынкүрек желіндей ән мейрамын ала келген дәстүрлі әннің дүлдүлі Атырау облысындағы шығармашылық сапарын Құрманғазы ауданынан бастады.
Орлы, Нұржау, Ақкөл, Жыланды, Қиғаш, Жұмекен және Мақаш ауылдық округтерінде болып, ел-жұртпен жүздесті. Сонау ХІІ ғасырда Сарайшықта өмір сүрген Сыпыра жыраудан бастап, Нұрым, Мұрын жыраулардың көкірек көзін ашатын термелерін, Махамбеттің рухты жырын асқақтатқан ол сал Мұхит, Ғарифолла әндерін шырқап, тыңдаушыларды талантына тәнті еткені анық.
Шығармашылық кешінде Сәуле Жанпейісова жиналған жұртшылыққа кейінгі кезде шығарған өз әндерін де орындады. Көрермендер асқан ризашылықпен алғыстарын арнады.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ