ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫ: БИЗНЕСТІҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ҚАЙТСЕК АРТТЫРАМЫЗ?

 Кәсіпкерге қолдау бар

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сайлауғали Кенжеғалиев мемлекет саясатының кәсіпкерлікті дамытуға басым бағыт беруінің нәтижесінде бизнес өкілдеріне түрлі жеңілдіктер, төмен пайызбен несиелер, субсидия, гранттардың үзіліссіз беріліп жатқандығын атап айтты. «Ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Соның аясында 493 адамға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Нақты айтқанда, 131 адамға 360 миллион теңге шағын несие, 15 кәсіпкерге 82,1 миллион теңге субсидия, 7 жобаға 21 миллион теңге грант берілді. Ісін бастауға ниет еткен 340 адам кәсіпкерлік негізде оқытылды» деген ол аудандағы бизнес жобалардың мұнай саласында ғана емес, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық қызмет, энергияның балама көздерін табу бағыттарында  дамып жатқандығын мәлімдеді.

 

Әлемдік деңгейдегі бәсекелестік

 Әлемдік бәсекелестікке төтеп беру үшін облыстағы кәсіпкерлік қандай бағытта дамуы керек? Осы мәселелерге тоқталған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енуі – бизнес саласына жаңа міндеттер жүктейтінін айтты. «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді алып қарайтын болсақ, Белоруссиядағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 24 пайызды, Ресейде – 20 пайызды, Қазақстанда 17 пайызды құрайды екен. Ал, дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш мүлдем басқаша сипат алған. Шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі Жапонияда 52 пайызды құраса, АҚШ-та 53 пайызды, Италияда  70 пайызды құрайды. Әрине, айырмашылық бар.

Біздің ендігі міндетіміз – бизнесті дамыта отырып, сапалы өнім өндіру, сол арқылы әлемдік бәсекелестікке төтеп беру. Ал, «әлемдік ұйымға мүшелік қарапайым халыққа не береді?» деген мәселеге келер болсақ, ежелден қоңсылас Түркия мен Қырғызстан елдері төмен бағамен ерекшеленіп келеді. Өйткені, ол елдер ДСҰ-на осыдан біраз уақыт бұрын еніп қойған. Демек, алдағы уақытта Қазақстандағы тауар бағасы сол елдермен теңесіп, елде арзаншылық орнап, баға тұрақтанатын болады. Мұндайда, әрине, халықтың таңдауы өзі арзан, өзі сапалы өнімге түседі» деген ол бизнестің алдында осындай бәсекелестікке бейімделу міндетінің тұрғанын айтты.

Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ, оның кей тетіктері жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жылыой аудандық филиалының төрағасы Ерболат Төлендиев кәсібін бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан берілетін үш миллион теңге несиенің көлемі жағынан аздық ететінін айтты. «Бизнесті толыққанды бастап кету үшін кәсіпке жаңа келушінің қаражаты да жеткілікті болуы керек. Толыққанды базасыз істі бастау қиынға соғады. Сол себепті, ісін бастаушыларға несиені бес миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынамыз» деді ол.  

Жер бөлудің де «жыры» жетеді

Кәсіпкер Талғат Майлыбаев «бизнестің дамуына кері әсер етіп отырған кедергілерді жою қажет» деген пікірде. Оның ойынша, кәсіпкерге ең алдымен қаржы, жер, содан соң инфрақұрылым қажет. «Жер инспекциясына учаске сұрап өтініш жазған жағдайда, бос жерді нақты көрсетуді талап етіп, кәсіпкерді кері қайтарып жібереді. Бос жерді кәсіпкер қайдан біледі? Жерді анықтаймын деп жүргенде, басқа жұмыстарын реттеуге кәсіпкердің уақыты жетпей қалады. Тіпті, жер берген күннің өзінде, оған инфрақұрылым тартылмаған болып шығады. Сондықтан, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруда «жерді кәсіпкерлік мақсатқа пайдалану үшін»деген талапты енгізген тиімді» деген бизнес өкілі кәсіпкерлік саласын әлде де болса бюрократиялық кедергілерден, қағазбастылықтан арылтуды ұсынды.

Бос жерлерге инфрақұрылымның тартылмауы – кәсіпкерлікті дамытуға үлкен кедергі келтіретін факторлардың бірі. Осы орайда, жылыойлық кәсіпкерлер Атырау өңірінен индустриялық аймақ ашуды ұсынды. «Қаланың немесе ауданның сыртынан инфрақұрылымы толық жүргізілген жер жасақталып, ол секторға бөлініп, бизнеске бекітілетін болса, кәсіпкерлер үшін бұл үлкен демеу болар еді. Мұндай тәжірибе көршілес Маңғыстау облысында бар. Енді оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты тетіктерді іске қосу қажет» дейді кәсіпкерлер.

«Достан Ата» шаруа қожалығының басшысы Сейітжан Балжігітов Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануы  тауар айналымы, шекара арқылы тауар тасымалдау мәселесінде проблемалардың азаюына алып келетінін атап өтті. «Әрине, бұл жағынан көкжиегіміз кеңейіп отыр деуге болады. Бірақ, ішкі және сырттан келетін тауарлардың сапасын анықтайтын механизмдер іске қосылуы керек» дейді ол. Кәсіпкер сапалы өнім шығара тұра, оны сата алмай отырғанын айтты. «Үкімет тарапынан көптеген қолдаулар бар. Оны атап айту керек. Тек, дайын өнімді айналымға шығару кезінде көптеген қиындықтарға кезігеміз. Мәселен, Ресейден жарамдылығы өтіп кеткен жұмыртқа әкелінеді де, әр данасы 7 теңгеден сатылады. Ал, біз жергілікті өнімді арзанға сатуға мәжбүрміз. Азық тасымалын есептегенде, жұмыртқаның бастапқы құны 13 теңгеге жетеді. Біз оны 11 теңгеден сатудамыз. Күні кеше Орынбор жерінен құс тұмауының шыққанын білесіздер. Сондықтан, басқа вирустарды айтпаған күннің өзінде, отандық және шетелдік жұмыртқаларда  сальмонеллездің бар-жоғын анықтау үшін, тұрақты тексеру жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынамын» деді кәсіпкер.

Әрине, халық таңдауы – әрі арзан, әрі сапалы өнім. Бұл орайда, кәсіпкердің ұсынысын негізсіз деуге болмайды. Халық экологиялық таза өнімді таңдауға құқылы. Осы орайда кәсіпкердің ұсынысын қолдаған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай Канада еліндегі тәжірибені үлгі етті. «Канадада тауардың өзіндік құнын түсіргені үшін, мемлекет кәсіпорынға арнайы қаржы бөледі екен. Жасақталған бағдарлама бар. Біздің еліміз де осындай үлгілерді тәжірибе ретінде қолданса, жаман болмас еді» деді ол.

 

Орталықтандырылған  ет комбинаты ашылса…

«Дөңгелек үстел» барысында мал бағасының төмендеп кетуі, ет сатылымының ойдағыдай болмауы, сырттан келген өнімдердің нарықта басымдық танытуы мәселелері де сөз болды. Бұл – әр шаруа қожалығына тән проблема. Ет өнімдерін өткізу үшін не істеу қажет? 

Осы орайда «Нұр Отан» партиясының Жылыой аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Үмбетқали Жақашев әр облыстан орталықтандырылған ет комбинатын ашуды ұсынды. «Мұндай тәжірибе шет елдерде бар. Мәселен, көршілес Моңғолияда мал және мал өнімдеріне байланысты мемлекеттік сатып алу тетігі қарастырылған. Өйткені, малды өсіру, өңдеу және оны әлемдік нарыққа шығару – кез-келген фермердің қолынан келмейтін іс. Сондықтан, орталықтандырылған комбинат ашылатын болса, шаруалар малын алаңсыз арзан бағамен тапсыратын еді» деді ол.

Жылыой аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаев ел Президентінің табысты саясатының нәтижесінде Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020», «Экспортер – 2020», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» аудан көлемінде табысты жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. «Соның нәтижесінде, Жылыой ауданы бойынша жыл басынан  бері 6618 кәсіпкер тіркелді. Нәтижесінде 11 701 адам жұмыспен қамтылды» деген ол, кәсіпкерлік саласының әр тарапта дамып жатқандығын айтты. «Кәсіпкерлерді негізінен жас және орта жастағы адамдар құрайды. Олардың таңдауы көп жағдайда тұрмыстық, қызмет көрсету саласына түсіп жатады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды қолға алғандар да бар. Дейтұрғанмен, күн сәулесінен электр қуатын өндіру стансасы жобасын ерекше атап өтуіміз қажет. Енді екі жылдан соң Астанада ЕХРО-2017 әлемдік көрмесінің өтетінін ескерсек, энергияның балама көздерін табуда бұл құнды жоба бола алады»деді ол.

Малды асылдандыру –маңызды фактор

Агросекторды дамытуда да ауданда айтарлықтай жұмыстар бар. Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда малды асылдандыру және егін алқаптарын ұлғайту мәселелері өткір тұр. «Малды асылдандыруда «Жаңа таң» серіктестігі мен «Достан» шаруа қожалықтарында нақты жұмыстар бар. «Жаңа таң» серіктестігінде 493 бас асыл тұқымды түйе, 8371 бас асыл тұқымды қаракөл қойы болса, «Достан» шаруа қожалығында 5898 асыл тұқымды еділбай қойы бар. Үстіміздегі жылы шаруашылықтар 106 гектарға егіс екті. Күні бүгінде 354 тонна көкөніс, 643 тонна бақша өнімдері жиналып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде халыққа қолжетімді бағамен сатылуда» деген сала маманы агросектор саласын дамыту бағытында машина-трактор паркін жаңарту мәселесінің маңызды екендігін айтты.

Өзге де мәселелерге тоқталған ол шабындық алқаптарға су жеткізу мәселелерінің өткір тұрғандығын да атап өтті. «Өткен жылдың күз айларынан бастап, Жем өзені суын тиімді пайдалану үшін бөгеттер тұрғызу, каналдарды ашу, Құрсай өзегін тереңдету жұмыстары жасалды. Мұның барлығы агросекторды дамытудағы маңызды фактор саналады. Сондықтан да, малды асылдандыру, егін алқаптарын ұлғайту, суландыру жүйелерінің мәселесін шешуді кешенді қарастыруға маңыз беру қажет» деп ойын түйіндеді ол.

 

Күн сәулесі көмекке келеді

«Атырау» газетіне берген сұхбатының бірінде Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл «ғалымдардың арасында «Қазақстандағы мұнай қоры 50 жыл, көмір қоры 600 жылға жетеді» деген болжам бар. Бір тонна көмірді жаққанның өзінде қаншама экологиялық зардап бар? Атомды игеру де өте қауіпті. Бұдан соңғы кездері Еуропа елдерінің өзі бас тартуда. Сондықтан, күн көзінің, желдің, табиғаттың бар пайдалы энергиясын пайдалану мәселесі өздігінен сұранып шығып отыр» деген еді. Осы орайда, энергияның балама көздерін табуда Атырау өңірінде нақты қадамдардың жасалып жатқаны қуантады.

Бұған дейін халықаралық ЕХРО көрмесіне Атыраудан қатысады деп күтіліп отырған екі жоба туралы жазған болатынбыз. Әуесқой ізденуші Ержан Нұриденовтің авторлығымен іске қосылғалы отырған горизонтальды жел генераторы жобасы – басқа қондырғыларға қарағанда электр энергиясын бірнеше есе көп өндіруге мүмкіндік берсе, Атырау мұнай және газ институты мен Астрахан мемлекеттік университетінің бірлесуімен жүзеге асырылып отырған екінші жобада – мұнайды жылыту үшін жанармайдың орнына күн энергиясы қолданылады. Құбыр бойымен жөнелтілетін мұнайды 80 градусқа дейін қыздыруға мүмкіндік беретін  жоба жүзеге  асқан жағдайда, жанармай көлемін Батыс Қазақстан жағдайында сегіз айға дейін үнемдеуге мүмкіндік туады деп күтілуде.

Енді міне, Құлсары қаласында күн сәулесінен электр қуатын өндіретін станса іске қосылады деп күтілуде. «Экопротех – Кульсары» ЖШС-нің директоры Асқар Секербаев жалпы құны 10,0 миллион долларға бағаланған жобаның қуаты – 10 мвт электр қуатын өндіруге жететінін айтты. «Жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер телімі бөлінді. Бүгінде жобаның техникалық экономикалық негіздемесі жасақталуда. Инвестор тарту мақсатында австриялық Ханрджи корпорациясымен арада келісімге қол жеткіздік» деді ол.

 

Түйіп айтқанда

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енудің отандық бизнеске әсері, теңгенің еркін айналымға  енуі жағдайында отандық бизнесті әлемдік  бәсекеге қабілетті ету, агросектор саласын дамыту, кәсіпкерлікті дамытудағы өзге де түйіндерді шешу мәселелері талқыланған жиын соңында қатысушылар төмендегідей ұсыныстар тастады:

– мемлекет тарапынан бизнеске көрсетілетін қаржылай қолдауды ұлғайту;

– екінші деңгейлі банктерден шағын және орта кәсіпкерлікке қызмет көрсететін арнайы бөлім ашу;

– ісін жаңадан бастаушыларға берілетін несие көлемін бес миллион теңгеге дейін ұлғайту;

– Атырау өңірінен индустриялық аймақ ашу;

– кәсіпкерлік саласын бюрократиялық кедергілерден, қағазбастылықтан арылту;

– әр облыстан орталықтандырылған ет комбинатын ашу. Сол арқылы шаруа қожалықтарының малын мемлекеттің сатып алуын қамтамасыз ету;

– мал басын асылдандыру, егін алқаптарын көбейту жұмыстарын жалғастыру;

– импорттық және экспорттық өнімдердің экологиялық қауіпсіздігін, сапасын анықтау мақсатында ұдайы тексеру жүргізу;

– Жылыой, Қызылқоға өңірлерінде қарабидай егіп, оны малға азық етіп беру жұмыстарын қолға алу.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суретті түсірген

Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*