Дәнекерлеуге де машық керек

Қазіргі таңда мұнайлы мекенде жұмысшы мамандардың қажеттілігі өткір сезіледі. Осы  орайда үш оқу орнын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының реестріне енгізу бастамасы көтеріліп отыр.

Дәнекерлеуге де машық керек

Бұл үшеуі де – жұмысшы мамандықтарына оқытатын және қайта даярлаумен айналысатын оқу орындары. Енді Атыраудағы жұмыс берушілер дәнекерлеушілерді жұмысқа қабылдау үшін оқу аяқталғанын күтуде.

Басты мақсат ­– кәсіби білім алған жас маманды жұмысқа орналастыру. Бұл ретте, біз бүгінгі нарық талабын жан-жақты зерттеп, қажетті мамандықтар тізімін жасадық. Өңірге негізінен мұнай сервистік компаниялар үшін жұмысшылар қажет. Ұлттық палата реестріне енген үш оқу орталығында дәнекерлеуші, бетон құюшы, электрлі монтаж жасаушы және басқа да мамандар дайындалады, ­- дейді өңірлік палатаның адами капиталды дайындау бөлімінің басшысы Қуанғали Қожантаев.

Аталған орталықтардың қатарында «Сварка» Атырау аттестациялық орталығы бар. Ол «АтырауМұнайМаш» кәсіпорнында орналасқан. Қысқа мерзімді оқыту курсы дәнекерлеу түрлерін үйренуге мүмкіндік береді. Қазір бұл бағытта 20 адам білім алып жатыр.

Өндірістік база халықаралық  стандартқа сай. Мұнда теориялық білім бірден тәжірибеде шыңдалып отырады. Оқу сыныптарында компьютерлер мен заманауи проектор қойылған. Өндірістік цехта 36 дәнекерлеу кабинасы бар. Барлық материалды өзіміз жеткіземіз. Оқу аяқталғаннан кейін емтихан тапсырылады, – дейді орталықтың бас нұсқаушысы Ертай Корбенов.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші, яғни, «Қысқа мерзімді оқыту» бағытымен биыл 1055 адамды қамту жоспарланған. Оқыту орындалғанымен, қызметке орналастыру үлесі – 30 пайыз ғана.

Өкінішке қарай, кейбір оқу орталықтарының материалдық-техникалық базасы талапқа сай келмейді. Теориялық білім тәжірибемен ұштаспай жатады. Білімін дәлелдей алмаған адам жұмысқа қалай орналасады? Міне, жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатылған үш оқу орталығын реестрге енгізу шешімі сол себептен туындады. Облыста барлығы 25 оқу орталығы бар. Онда жұмыссыз азаматтар 47 мамандық бойынша дайындықтан өте алады, – дейді аталған басқарма басшысының орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.

Ал, «АтырауМұнайМаш» кәсіпорнының «Сварка» орталығына 25 дәнекерлеуші өтінім берген. Мәселен, «Жаһан Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрт дәнекерлеуші сұраған. Сондай-ақ, ресейлік вагон құрастыру зауыты 60 адамды жұмысқа алуға дайын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*