Бюджет қаржысы мақсатты игерілсін

  Сәрсенбіде алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Алқалы басқосуға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен оның орынбасарлары, басқармалар басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар өткен жылдың облыстық бюджетінің орындалу есебін талқылап, алда атқарылатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті. Былтырғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы 103,3 пайызды құрады. Яғни, 143 млрд. 248 млн. теңге жоспарланып, орындалуы 147 млрд. теңгені құрапты. Негізінен салық түсімдері, салықтық емес түсімдер, капиталды сатудан түскен түсімдер жоспарларының орындалуы қамтамасыз етілген.

  Бұл жөнінде мәлімдеген облыстық қаржы басқармасының басшысы Бақытжан Жылқыбаев бюджеттің шығындары бойынша да түсінік берді. Баяндамашының айтуынша, шығындар 99,8 пайызға орындалды. Белгілінген қаржы сомасынан 293 млн. теңге игерілмей, бюджетке қайтарылды. Бұл жағдай әсіресе, құрылыс, ішкі істер органы, қорғаныс салаларында жиі байқалған. Осыған орай жауапты органдардың лауазымды тұлғаларына «сөгіс» түріндегі жаза берілген. Сондай-ақ, алқалы басқосуда Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игерілуін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бұдан басқа отырыста аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бұрынғы облыс басшысы, бүгінде ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде шешім алынды. Жиын соңында аймақ басшысы өткен жылдың жұмыстарын оң бағалап, жиналғандарға бірқатар тапсырма жүктеді. «Былтыр өңірдің инфрақұрылымын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруда біраз игі іс атқарылды. Алайда, әлі де баса көңіл аударатын тұстар бар. Бюджет қаржысы мақсатты игерілуі тиіс. Бұл міндеттерді тиімді әрі уақытында жүзеге асыру маңызды» деп атап өтті Нұрлан Асқарұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*