ҰБТ- САПАЛЫ БІЛІМ ӨЛШЕМІ

ТІЛШІ: – Елімізде осымен он екінші рет өткелі отырған бұл жауапты әрі мемлекеттік маңызға ие Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жылға ұсынар басты ерекшеліктері қандай?
ЖАУАП: – Біздің мақсатымыз – орта мектеп қабырғасынан жан-жақты, бәсекеге қабілетті маман бола алатындай түлек дайындау. Аталған мақсатқа жетудің тиімділігі ҰБТ енгізілгеннен бері нақты мысалдармен дәлелденуде.
Сынақ нәтижесімен орта мектепті бітіруші түлектер қолына аттестат алып, жоғары оқу орнына түсуге, бағын сынауға, конкурсқа қатысуға мүмкіндік ала алады. Бұл – мектеп бітіруші мен олардың ата-аналары үшін өте тиімді. Биылғы тестілеу сынағында айтар¬лықтай өзгерістер жоқ, талаптары бұрынғыша. Мектеп бітірушілер бес пән бойынша сынақ тапсырады. Олар: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты оқушы таңдаған пән. Тестілеуден өтудің шекті деңгейі – 50 ұпай. Ал, ұлттық деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге үміткерлер кемі 70 ұпай жинауы тиіс. ҰБТ-ге 3,5 сағат уақыт бөлі¬неді. Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат беріл¬мейді.
Биыл емтихандардан кейін түлектердің аты-жөндері қорытынды тізімге ашық жазылып, ашық жарияланбайды, оның орнына яғни, түлектің аты-жөнінің орнына, оның жеке идентификациялық нөмірі (ЖСН) жазылмақ. Осылайша, биылғы талапкер ҰБТ қорытындысындағы өзінің ұпайын үйден шықпай отырып-ақ біле алады. Мәселен, ҰБТ қорытындысы Ұлттық тестілеу Орталығының сайтына жарияланады, өзі тапсырған емтихан қорытындысына қатысты ұпай санын білу үшін талапкер осы Орталықтың сайтына өзінің жеке идентификациялық нөмірі мен құпия кодын енгізсе болды, ұпайына қатысты толық ақпарат ғаламтор мониторына жарқ етіп шыға келеді.
Биылғы жылы оқушылардың аттестатқа түсетін бағасы олардың мектеп бітірген кездегі жылдық қорытынды бағасының және ҰБТ-да жинаған балының орташа есебімен шығарылады. Яғни, үлгерімі жақсы мектеп түлегі тестілеуден түрлі жағдайлармен төмен балл алып қалса, бұл орайда оның жылдық бағасы ескеріледі.
ТІЛШІ: – 2013-2014 оқу жылында атыраулық түлектердің ҰБТ-де жинаған орта балы – 62,1. Бұл – республикалық рейтингтегі төмен көрсеткіштердің бірі. Өткен оқу жылында 152 «Алтын белгіге» үміткердің 20 пайызы ғана өз білімін дәлелдей алды. Үздіктер қатарындағы түлектеріміздің осыншама төмен көрсеткішке ие болуының басты себебі неде деп ойлайсыз?
ЖАУАП: – Себеп –оқушы білімінің бастауыш сыныптан бастап обьективті бағаланбауы, білімді артық бағалаудың басымдығы. Облыс түлектерінің математика, Қазақстан тарихы, қазақ мектептеріндегі орыс тілі, таңдау пәндерінен орта балл көрсеткішінің деңгейі төмен болуы білім беру стандартының талабына сәйкес жоғары буындағы бейіндік оқуға көшу барысында таңдаудың дұрыс болмағанын көрсетеді.ҰБТ-ге дайындықта оқушының таңдау пәнін дұрыс анықтауы – оның жеке тұлғаға бағытталған дамуының көрсеткіші. Сондықтан, жақсы маман, жан-жақты азамат болуды алдына мақсат еткен түлектердің 10-11 сыныптарда бағдарлы білім алуға көшуде дұрыс таңдау жасауына ықпал ету қажет болып отыр.
ТІЛШІ: – Қазыналы өлкенің білім ордалары биылғы ҰБТ сынағына қалай дайындалуда? Шәкірт – ата-ана – ұстаз – қандай мәселелерге баса назар аударуы тиіс деп ойлайсыз? Өткен жылдың ащы сабақтары ескеріліп жатыр ма?
ЖАУАП: – Биылғы оқу жылында ҰБТ-ге дайындық іс-шаралар жоспарын құруда педагогтардың біліктілік санаттары есепке алынып, мектеп бітірушілерді жеке пән мұғалімдеріне бекіту арқылы тестілеуге дайындау жұмыстары тәжірибеге енгізілді. Тестілеу барысында оқушы білімінде байқалған олқылықтарды жою мақсатында орта буында дәріс берген педагогтар да дайындық жұмыстарына тартылды. Аудандық білім бөлімдерінің қолдауымен жоғары және бірінші санатты педагогтар тартылған ҰБТ-ге дайындық орталықтары жұмыс жасауда.
Оқушы білімінің сапасының көтерілуінде пән мұғалімдерімен бірге психолог мамандардың, ата-аналардың да атқаратын ролі зор. Себебі – оқушы бейіндік оқу деңгейіне көшуде ата-ана мен психологтың кеңесіне сүйенсе, ҰБТ-ге дайындық кезінде өзі қалаған пәнді таңдауында да берілетін кеңестің алатын орны бөлек. Бір ескеретіні, көпшілік жағдайда мектеп бітірушілер өз бетімен шешім қабылдауға дайын болмайды.
Биылғы жылғы күшейтілген талап – тестілеу барысында тыйым салынған құралдарды пайдалану кездескен жағдайда қатысушы тест тапсыру құқығынан айырылады.
Қала, аудандық білім бөлімдері Білім және ғылым министрлігімен бекітілген ҰБТ өткізу қағидаларын, нұсқаулығын сынақ үрдісінде бұзудың алдын алу шараларын ұйымдастырып, оны тапсыру кезіндегі тәртіптің қатаң сақталуы туралы ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын, құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер өткізуде.
Облысымыздағы білім беру мекемелерінде ҰБТ-ге дайындық жұмыстары заман талабына сай жүргізілуде. Барлық мектептер интернет жүйесіне қосылған, оқушының дайындығына қажетті компьютерлер, арнайы бағдарламалар жеткілікті. Оқушылар даярлығының Мемлекеттік білім беру стандартынан төмен болмауы мақсатында пән мұғалімдері күнделікті сабағынан бөлек оқушылармен ҰБТ-ге дайындық жұмыстарын қосымша жүргізуде. Оқушылардың қабілеттері мен білімдері әр түрлі деңгейде болатыны да шындық. Сондықтан, біз оқушыларға берілетін тест тапсырмаларының мазмұны білім алуды жалғастыруға қажетті нақты білімді меңгеруді, интеллектіні дамытуды, қоғамда толыққанды қызмет етуге қажетті ойлау сапасын қалыптастыруды тексеруге арналған болуы керек деген талапты қойып отырмыз.
ТІЛШІ: – Мектеп бітірушілерді ҰБТ-ге психологиялық тұрғыда дайындау – өзекті мәселелердің бірі ғой. Бұл туралы не айтар едіңіз?
ЖАУАП: – Мектеп психологтары мен педагогтарының оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлескен жоспарлы жұмыстары жүзеге асуда. 11 сыныпқа дәріс беретін педагогтар біліктілігін арттыру курстарынан (пән бойынша және педагогикалық-психологиялық) өткен. Оқушылардың мінез-құлқын реттеу, өзін-өзі бақылауы мен ерік-жігерін арттыру мақсатында «Уақытты қалай басқаруға болады?», «Сіз күйзеліске бейімсіз бе?», «Күйзелісті қалай жеңуге болады?», «ҰБТ кезіндегі қобалжуды қалай басуға болады?», «Мен өмірді сүйемін», «Сезім әлемі» коррекциялық тренингтері, ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыруды көздеген «Жанұялық тәрбие стилін анықтау», «Отбасы тәрбиесі мен мектептегі тәрбиенің үйлесімділік табуы», «Балаларды тәрбиелеу және психологиялық даму мәселелері» тақырыптарындағы шаралар түрінде өтті.
Облыстың білім беру ұйымдарында білім саласындағы бақылау департаментінің тапсырысымен «Жасөспірімнің ҰБТ-ге дайындығы кезінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсету» тақырыбындағы ата-аналар жиыны, республикалық «Отбасылық Тәрбиелеу Институты», «Салауатты Қазақстандық» қоғамдық бірлестіктерінің қолдауымен «Саламатты өскелең ұрпақтың психологиялық денсаулығы» тақырыбындағы басқосу, «Нәтижеге бағытталған білім беру жүйесінде ҰБТ-ге жаңаша көзқарас» атты кеңейтілген конференциясы өткізіліп, өзара пікір алмасылып, ұсыныстар берілді.
Барлық орталықтар металліздегіш құрал-жабдықтарымен, бейнебақылау камераларымен, ұялы байланысты тұншықтырғыш қондырғылармен, салқындату жүйелерімен қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізу пункттері базаларынан шалғайда тұратын мектеп түлектерін тасымалдау, тамақпен, жатын орынмен қамту жұмыстары мемлекеттік комиссия тарапынан талапқа сай ұйымдастырылатын болады.

Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖҰМАТ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*