ҰБТ: ҰМТЫЛЫС ҰТЫСҚА БАСТАСА…

 

Жуырда  облыстық білім беру басқармасы мен әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен  биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы және 2015-2016 оқу жылына дайындық жұмыстары кеңінен талқыланған басқосу өтті. Оған тек облыс орталығындағы ғана  емес,  аудандардан да аталған білім сынағына жауапты мамандар қатысты.

 Облыстық басқарма басшысының орынбасары З.Дүйсекенова «Ұлт жоспары «Нақты 100 қадам»  контекстінде білім беру жүйесіне қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасады.

 – «Ұлт жоспарының» әрбір тармағы түсінікті. Елбасының 100 нақты тапсырмасы, бұл қадамдар мемлекеттік даму мен қоғам өмірінің барлық қырларын реформалауды қамтиды. Кез келген ұжым мүшесінің әрқайсысы өзінің мамандығында, жұмыс орнында, қоғамдық өмірінде бүкіл елмен бірге осы маңызды 100 қадамды іске  асыруға тиіс. «100 қадам» – «Қазақстан-2050» Стра­те­­гиясында және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын­да қаланған шешуші басым­дық­­тарды жүзеге асырудың нақ­ты жол нұсқаушы картасы» – деген З.Дүйсекенова жыл сайын ҰБТ өткізу форматының жеңілдемей, керісінше,  ауырлап келе жатырғандығын айта келіп, өткен ҰБТ қорытындысының ешқандай сын көтермейтіндігін қадап айтты. Осыған орай «100 нақты қадам» тапсырмасы қойып отырған міндеттерді орындауда мұғалімдер қауымының алдына зор міндеттер жүктеліп отырғанына тоқталып, төмен көрсеткіш берген мектептерге арналған бөлек жұмыс жоспары жасалатынын айтты.

Басқармасының бөлім бастығы Р.Қабдолова ҰБТ-ға дайындықтың кезек күттірмейтін міндет екендігіне тоқтала отырып, дайындық жоспарын әдістемелік кабинет меңгерушілеріне әр аймақтың өзіндік ерекшелігін, сыныптағы бала санын, сабақ беретін мұғалімнің білігін ескере отырып, құруға мән беруді жүктеді. 

2015 жылғы ҰБТ-ның аналитикалық есебімен таныстырған облыстық әдістемелік кабинеттің бөлім басшысы О.Биманова 2014-2015 оқу жылындағы қала, аудандар бойынша төмен көрсеткіш деңгейі, ҰБТ-ның  салыстырмалы нәтижесі, пәндердің орта балл көрсеткіші, жеке пәндер бойынша төмен баға саны, оқушылары төмен нәтиже көрсеткен  педагогтардың сапалық құрамы, 100% білім сапасының көрсеткішін берген педагогтар туралы мәліметтер, таңдау пәндерінің көрсеткіші, дарынды балаларға арналған облыстық мектептердің рейтингі, 9-10 сыныптардың 2014-2015 оқу жылындағы білім сапасы, өткен оқу жылындағы тестілеуге дайындық орталықтарының жұмыстары туралы айтып берді.

ҰБТ-да төмен көрсеткіш берген математика пәнінің жай-күйін талдаған облыстық әдістемелік кабинет директорының орынбасары С.Сейталиева математикаға дайындауда ұстаздар тарапынан кетіп отырған кемшіліктің алдын алуға тоқталып, тұшымды ұсыныстарын берді. Көпшілік жағдайда ҰБТ-ға қатысушылардың бесінші сыныптың логикалық есептерін орындай алмайтындығын ескерткен С.Ғалымжанқызы педагогтарға әдістемелік көмек беруге дайындығын айтып, тығыз байланыста жұмыс жасауға, бірлескен жұмыстарға шақырды.

«ҰБТ – білім сапасының негізгі көрсеткіші» тақырыбында сөз алған Махамбет ауданы білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі М.Бекімова аудан  бойынша  мектеп  бітіруші  260 түлектің  тек 186-сы ғана, яғни, 71,1 пайызы тестілеуге қатысқанын айтты. Облыс бойынша қала, аудандар рейтингінде Махамбет ауданының алдыңғы орында тұрғанын мақтанышпен айтып, ҰБТ-ға дайындық тәжірибесімен бөлісті.

Бітіруші түлектерінің білім деңгейі 103 балды құраған облыстық қазақ-түрік лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ж.Рақымбаев «Нәтижеге бағытталған білім беру моделіндегі білім беру сапасын жетілдірудің жаңа бағыттары» тақырыбындағы баяндамасында әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың жолдарымен таныстырды.  Оқушылардың мектеп оқулығынан бөлек «АТТ», «Достықтың жұмыс дәптері», «Шың – кітап» баспасының оқу құралы, «Zipgrade», «Edmodo» бағдарламаларын пайдалануының тиімді болғандығына тоқталды.

Жиналысқа қатысушыларға ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтары, 2015 жылғы ҰБТ қорытындысының аналитикалық есебі, ҰБТ-ға психологиялық дайындық бетшесі, білім беру ұйымында ҰБТ-ны ұйымдастыру жолдары туралы жадынама салынған үлестірмелі материалдар топтамасы таратылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*