ҰБТ: ұмтылыс пен ұтылыс

Биыл алтын ұя мектебінен қанат қағып, ҰБТ-дан өткен түлектер көп  ұзамай өздері қалаған мамандыққа оқуға қадам басады. Ал, белгіленген көрсеткішке жете алмай, сыннан сүрінгендер тамыз айында тестілеуді ақылы түрде тапсыруына мүмкіндік бар. Бұл жаңашылдықтың мәні неде? Жалпы, биылғы ҰБТ-ның нәтижесі қандай?

ҰБТ ұмтылыс пен ұтылыс

 74 балл: дайындықты күшейту қажет

Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, ҰБТ биыл жетілдірілген жаңа форматта екінші рет өтті. Ал, «Алтын белгі», «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері мектептердегі емтихан нәтижесінде анықталды.

Тестілеуді өткізу пункттерін техникалық құралдармен жабдықтау үшін жеті миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. ҰБТ-ға қатысушы 2671 түлекті тасымалдау  ұйымдастырылды. Барлық оқушылар сумен, 552 оқушы тамақпен қамтамасыз етілді. Ал, тестілеуді тапсыру қорытындысы бойынша көрсеткіш 74 баллды құрады. Сынақ нәтижесі биыл да 100 пайызға жетпегенімен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі баллға жоғары.

Биылғы тестіде оқушылардың логикалық сауаттылығын айқындайтын сұрақтар көбейді. Дегенмен, ҰБТ-ға қатысушылар тарапынан  көкейге қонымсыз сауалдар бойынша шағым түскен жоқ. Апелляциялық комиссияға ұсынылған үш ұсыныс қаралып, әрқайсысына қосымша бір балл қосылды, – дейді аталғанбасқарма басшысының орынбасары Ерлан Өтемағамбетов.

Айта кету керек, облыстың жинаған көрсеткіші республиканың өзге өңірлеріне қарағанда көңілге аса қонымды емес. Өткен жылмен салыстырғанда екі баллға жоғарымыз деп өзімізді жұбатуымыз мәселенің шешімі емесі анық. Биыл  аймақта төмен сапа көрсеткен мектептер бар. Алайда, құзырлы орган өкілдері Білім және ғылым министрлігінің ұсынымы бойынша мектептер жария етілмейтінін алға тартты.

Сауалдар 50 пайызға жаңарды

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің сөзіне сүйенсек, биыл ҰБТ тапсыруға арналған сегіз пункт те www.testcenter.kz сайты арқылы онлайн трансляцияға қосылды. Кез келген аудиторияны онлайн қарауға мүмкіндік жасалды. Бұл жүйеге өткен жылы тек Атырау және Құлсары қаласындағы екі аудитория қосылған еді. Биыл барлық орталық осы жүйемен толық қамтылды.

– ­Мектепте дайындық барысында түлектердің басым бөлігі онлайн тесттен өтті. Бұл – кітапқа қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірнеше нұсқалары бар. Сондай-ақ, биыл сұрақтар 50 пайызға жаңартылды. Кейбір жақсы оқыған түлектердің төмен балл алып қалды. Мұндай жағдай оның білімінің төмендігінен емес, екі пәннің орнын ауыстырып, толтырып жіберуі салдарынан  орын алуы өкінішті, – дейді басқарма басшысы Қайырғали Рысқалиұлы.

Сыннан сүрінгендерге – ақылы сынақ

Бұрын ҰБТ-дан өтпей қалған түлек сол жылы оқуға түсе алмай, келесі жылғы сынақ уақытын күтетін. Ал, қазір алғашқы сыннан сүрінгендер үшін тамыз айында білімін ақылы негізде сынауға мүмкіндік жасалды. Бұл кезеңнен сүрінгендер жоғары оқу орындарына ақылы түрде сертификатсыз құжат тапсыруына болады. Бір семестр оқыған соң, қаңтар айында өтетін екінші ақылы сынақты тапсырады. Нәтижелі балл жинаса, оқуын жалғастыра береді. Ал, осы мүмкіндіктен де өте алмай қалса, оқу орнынан шығарылады. Бұған дейінгі төлеген оқу ақысы кері қайтарылмайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*