Брест қамалы: ерлік пен даңқ

Неміс-фашист басқыншыларының шабуылына бірінші болып төтеп берген қамалда биылғы 20-22 маусым аралығында «22 маусым. Брест қамалы» тақырыбында халықаралық қайта құру іс-шарасы ұйымдастырылды. Ауқымды шараға «Атырау батырлары» қоғамдық ұйымының басшысы Талғат Ильясов жетекшілік еткен топ арнайы қатысты. Құрамында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағадат Әжіғалиев, кәсіпкер Асан Сұлтанов, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Қайрат Сатаев бар экспедиция облыстық әкімдіктің қолдауымен жолсапарға шықты.

БРЕСТ ҚАМАЛЫ ерлік пен даңқ4

Тарихқа шегініс

Брест қамалының қорғаушыларының бірі – соғыс және еңбек ардагері Ғаббас Жұматов өз естелігінде:

«Соғыс қарсаңында Брест қамалында орналасқан артиллерия бөліміндегі әскери борышым аяқталып, елге қайтамыз деп жүрген кезіміз болатын. Соғысты алғашқы кезеңінде қатты жаңбыр алдындағы күннің күркіреуі деп ойладық. Кейін бізді бомбалап жатқандығын түсіндік. Шынын айтқанда, соғыстың болатындығын біз білдік. Себебі, ауада соғыстың «иісі» айқын білініп тұрды. Бірақ, қай уақытта, қай күні басталатындығын білмедік», – деген болатын.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ. Брест – Мухавец өзенінің Буг өзеніне құяр жерінде орналасқан қамал. Ерлік пен батырлықтың символына айналған «Батыр қамал – Брест» мемориалдық кешеніндегі ескерткіш тақтада қазақстандықтар Нүри Садықов, Ботабай Сүлейменов, Ідіріс Күреңкеев, Ұлықтымбаев, В.Калугин, В.Вавилов есімдері жазылған.

Белгілі жазушы Николай Шахов Брест қорғанысына қатысқан қазақстандықтар туралы жазбасында қамалды қорғаушының бірі Жұмаш Қабдолдаевтың мына хатын келтірген.

«1941 жылдың 22 маусымында біз Брест қамалына жақын жазғы лагерьде болатынбыз. Біздің бөлімше жігіттерінің ішінде Б.Аманжолов пен Қ.Орынтаев әрқашан көзге түсіп жүрді. Екеуі де мерген атанды, екеуі де дивизион комсомол комитетінің мүшесі болды. Таң сәріде айнала тарсыл-гүрсіл болып кетті. Фашистер ұзын шеппен қаптап келеді. Екі жақтан да атыс басталды. Бірі оқ салып, бірі нысаналап жатқан Қ.Орынтаев пен Б.Аманжоловтың қимылдарынан сондай ерекше ептілік пен шапшаңдық сезілді. Енді бір сәтте жау машинасының тас-талқаны шықты. Осы бір шақта тас төбеде жау самолеттері көбейіп кетті, автоматшылары да оқты жаудырып келеді. Гимнастеркаларын шешіп тастаған Б.Аманжолов пен Қ.Орынтаевтың денесі қан аралас терге малынды. Он минуттың ішінде оқ-дәрі түгел жұмсалып болды. Осы кезде командиріміз Лисач алға ұмтылды. «Уралап» атой салған жігіттер жекпе-жек айқасты. Жау шабуылына тойтарыс берілгендей болып еді, бірақ, екінші бір бүйірден танкілер бізге жақындап келе жатты. Олардың тасасында – автомашиналар. Ал, бізде снаряд жоқ. Жау жақындаған кезде граната лақтырдық. Бір танкінің күлі көкке ұшты. Жауға граната лақтырған Аманжоловқа оқ тиіп, қолымызда көз жұмды, денесін Брест қаласының шетіне жерледік. Кейіннен Барановичи қаласы түбіндегі шайқаста Қ.Орынтаев та ерлікпен қаза тапты».

Соғыс қарсаңында…

Өткен жылы да осы шараға қатысқандықтан, аса жауапты іске топ жетекшіміз Талғаттың ұқыптылығының нәтижесінде киген әскери киіміміз сол жылдардағы әскери жарғыға (уставқа) сай келіп, әскери формамен түскен фотомыз жапсырылған әскери кітапшамыз қолға тиді. Сөйтіп, атыраулық жауынгерлер 125-атқыштар полкі құрамының 2-ші взвод құрамына тіркелді. Взвод командирі В.Васьков (Москва) – осы шараны ұйымдастырушылардың бірі. Взвод құрамын Нижний Новгород, Одесса, Москва, Тула, Витебск қалаларынан келген әскери-патриоттық ұйымдардың мүшелерімен бірге біз де толықтырдық. Ұйымдастыру комиссиясы тарапынан берілген әскери кітапша қамал аймағында емін-еркін жүріп-тұруға, қамалда орналасқан әскери бөлімдерді (шекарашылар, артиллеристер, байланысшылар, миналау бөлімдері, НКВД-ның арнайы бөлімдерін) аралауға, олармен танысуға құқық береді.

Биылғы қайта құру іс-шарасының бір өзгешелігі, шабуыл жасаған вермахта армиясы бөлімдерінің қамалдың басқа қанатына орналасуы болды. Бұрынғы іс-шарада неміс армиясы бөлімдері Қызыл армия бөлімдерімен қанаттас орналасқан болатын. Сонымен қатар, бұрынғы пайдаланусыз тұрған әскери казармаларға іс-шараға қатысушы «кеңес жауынгерлері»  взводтарға бөлініп орналастырылған.

21 маусым. Брест. Соғыс алдындағы соңғы бейбіт күн шарасы. Қаладағы Совет көшесінде «Ертең соғыс» атты театрландырылған қойылым болды. Қойылым аясында 40-жылдардағы сән үлгілері, үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен би кеші, соғыс алдындағы әскери киім үлгілері қалың жұртшылыққа көрсетілді. Соғыс алдындағы Брест қамалында орналасқан әскерилердің шеруі өтті. Әскери киім үлгілері қатаң сақталып, ереже талаптарына сай өткізілгендігіне куә болдық. Соғыс алдындағы әскери киім үлгісімен Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясы (РККА) жауынгерлері қала көшелерімен шерулетіп өтті. Ұйымдастыру комитеті бұл шараларға ерекше мән берді.

Сол күні күндіз де, түнде де қамалдағы «Қызыл армияшылар клубында»  және  қамал аумағындағы әскери бөлімдерде «Соғыс болмайды» тақырыбында саяси сабақтар өткізілсе, тирде «Үздік атқыш» сайысы, алаңда би сабағы, соғыс қарсаңындағы әскери әндерден концерттер қойылып, кинофильмдер көрсетіліп жатты. Штабтың қызу жұмыс құшағында екенін ондағы самаладай жанып тұрған жарықтардан-ақ аңғаруға болады. Күндіз сондай жоспарға сай өткізілген іс-шараның бірі «КСРО – Германия» арасындағы футболдан өткізілген жолдастық кездесуде жерлесім Сағадатпен бірге немістерге қарсы ойнадық. Ұйымдастыру комиссиясы кездесудің нәтижесінде жеңіске жеткен біздің команда құрамын марапаттап, жеңіс кубогін команда капитаны Сағадат Әжіғалиевке табыс етті.

БРЕСТ ҚАМАЛЫ ерлік пен даңқ-24

Түнгі  сағат 02.00. Казармаларда жауынгерлер тәтті ұйқыда. Бұл жақта түн – салқын, әрі ылғалды. Біз алау жанып жатқан шатырдың қасына келіп, отқа жылынып отырдық. Алау басындағылар ертеңгі жауды алғашқы қарсы алатын ержүрек шекарашылар екен. Шекарашылар Мәскеу, Санкт-Петербург, Воронеждан келгендер болып шықты. Алау басындағылардың бірі москвалық Трофим (ұлты кәріс) – бірнеше жылдан аталған шараға қатысушы, яғни «ардагер шекарашы». Әртүрлі әңгімелермен қатар, әзіл-қалжыңды сүйеді. Алау басындағыларды әзіл әңгімелерімен әлсін-әлсін ду күлдіріп отырды. Таңғы сағат 03.00-те  митинг-реквиемге қатысушылар құрамында сапқа тұрып, қамал ортасындағы «Ерлік» (Мужество) ескерткішіне бағыт алдық. Бұл ескерткіштің маңында қамалды қорғаған 1020 жауынгердің мүрдесі жерленген. Оның 275-інің есімі мрамор тасқа қашалып жазылған.

Саптағы жауынгерлердің керзі етіктерінің сартылы түн тыныштығын бұзуда. Жауынгерлерде үн жоқ, сап түзеп жүріп келеді. Шара өтетін алаңға жақындаған сайын адам бойын еріксіз жауапкершілік пен Отан үшін ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге құрмет сезімі билейді.

21-інен 22 маусымға қараған түні «Брест қамалы» мемориалдық кешенінде «Еске алу және аза тұту күні» аясында «22 маусым. Брест қамалы» атты тарихи қайта құру халықаралық фестивалі барысында ұйымдастырылған «Еске алу алауы» атты митинг-реквием зор ұйымшылдықпен өтті.

Ұрыс  даласында

22 маусым. Таңғы сағат 04.00. «Мен – Брест қамалы. Ұрыс жүргізудемін» атты театрландырылған қойылым басталды. Аталған қойылымға атыраулық экспедиция мүшелері үшінші мәрте қатынасты. Бұл атаулы шараға биыл Беларусь, Қазақстан, Ресей, Эстония, Польша, Жапония, Қытай, Чехия, Украина мемлекеттерінің өкілдері тартылған.

Таңғы тыныштық. Бәрі әп-сәтте басталды. Бір мезетте айналада жарылған снарядтар мен бомбалардың құлақты тұндыратын дыбысынан, сатырлаған автоматтардың дауысынан ештеңе естілмейді. Қара түтін арасынан ештеңе көрінбейді.

Казармалардан жүгіре шыққан жауынгерлерді жаудың бораған оғы шалғыша сұлатуда. Командирдің жанұшыра «Шегініңдер!» деген айқайы естіледі. Айнала қара түтінге оранған, түк көрінбейді. Винтовкамды қыса ұстап, казармаға бекінген жауынгерлер арасынан жерлестерімді көз қырыммен іздеп қоямын. Әне, терезенің жақтауына сүйеніп, сыртқа көз тастап тұрған Талғатты, оның жанында тұрған тұлғалы қазақ жауынгері Асанды байқадым. Арамызда қолын таңып алған жауынгерлер пайда болды. Енді бір кезде взвод командирі жауынгерлерді кезекті шабуылға көтеруге дайындауда. Әне, политрук «сәл шыдасақ, көмек келіп жетеді» – деп жауынгерлерді жігерлендіруде. Казарманың түкпірінен: «Жолдас командир, байланыс үзілді, байланыс жоқ!» – деп жанұшыра айқайлаған байланысшы жауынгердің дауысы естіліп жатыр.

Міне, кезекті шабуылға көтерілдік. Бұл шабуылда Сағадат басынан жараланды, Талғат шартты түрде «қаза тапты». Образға әбден енген нижнийновгородтық жауынгер Андрейдің «Сволочи, Таляна убили», – деген айқайын бәріміз естіп жатырмыз. Қайтадан кейін шегініп, казарманы паналауға мәжбүр болдық. Тағы да соңғы шабуылға көтерілдік…

Айнала «уралаған» айқайдан жаңғырады. Сатырлаған автомат, пулемет, винтовкалар дауысы құлақты тұндырады. Қарсы алдымызда жасыл киімді қаптап келе жатқан фашистер легі. Олар да қатар түзеп, автоматтарынан оқ жаудырып келеді. Қатарымыз әбден сиреді…  Міне, біздің полктің соңғы жауынгері қаза тапты…

Шара аяқталды. Ұрыс даласындағы қаза тапқан жауынгерлердің рухы алдында бір минуттық аза тұту рәсімі өтті. Бұл тек жас ұрпақты осындай ерлікке шақыратын, ата-бабалар ерлігін мақтаныш ететін іс-шаралар барысында болсын деген тілек әрбір қатысушының көкейінде тұрғанын олардың көз жанарынан байқадық. Беларусь Республикасындағы Қазақстан консулының өкілі 125-атқыштар полкі құрамы алдында сөз сөйлеп, өз ризашылығын білдірді.

Майдан даласында мәңгі қалған жауынгерлер рухына арнап аспанға үш дүркін оқ атылып, құрмет көрсетілді. Шараның соңында бізге «22 маусым. Брест қамалы» деген ескерткіш медалі табысталды. Брест қамалын қорғаушылардың даңқы мәңгі жасайды және олардың есімі мен ерліктері халықтың жүрегінде әрдайым сақталады. Олардың ерлігі ешуақытта ұмытылмайды.

Біз, қазақстандықтар, Брест қамалын қорғаушылардың ерлігіне бас иіп, тағзым етеміз!

Аққали  Ахмет,

тарих ғылымдарының докторы, экспедиция мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*