«BRANDO» ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС ӨТЕ ЖОҒАРЫ

Өндіріс көлемін ұлғайтқан өндіріс ошағы 16 сығымдағыш-машина мен үш стерилизатор сатып алған, соның арқасында медициналық қолғаптар мен инфузиялық ерітінділер құюға арналған системалар шығаруға мүмкіндік туды. Жалпы құны 675 млн. теңгені құрайтын зауыт өнім өндіру үшін қажетті шикізатты Оңтүстік Корея, Бельгия, Ресей, Румыния, Түркия елдерінен алдыртып отыр екен. Шикізатты өңдеуден бастап, залалсыздандырып, дайын бұйым шығаруға дейінгі процесс түгелдей автоматтандырылған.

«BRANDO» ЖШС өңдеу бөлімінің бастығы Ғалия Досалиеваның айтуынша, мұнда қалдықтың өзі қайта өңделеді, сондықтан, қоршаған ортаға залал келтірмейтіні рас. Цехтарды аралай жүріп, сәл ғана ақауы бар шприцтердің қайта өңдеуге жіберіліп, ұсақтап туралатынын өзіміз де көрген едік. Заманауи техникаға негізделгендіктен жұмыс үдерісіне адам күшінің көп тартылмағаны байқалады. Дегенмен, адам факторы қайткенде де орын алуы тиіс. Сол себепті, қызметкерлер бәрі де нақты уақытқа есептеліп, белгіленген мерзім жеткенде жанғыш индикаторлар арқылы «хабар» беретін, компьютер арқылы басқарылатын құрылғыларды мұқият қадағалауда.

Дайын өнім вагондарға тиеліп, теміржол бойымен Қазақстанның басқа өңірлеріне жол тартады. Соңғы жылдары Ресейдің Самара облысы да Атырау өнімдерін тұтына бастаған. Сонымен қатар, Иран елі қызығушылық таныт-қан. Ал, еліміз бойынша өнім жеткізу жөніндегі басты келісім-шарт «СК-Фармация» ЖШС-мен жасалып отыр.

Зауыт басшылығы шприц көлеміне байланысты жыл санап тұтынушылар санының да, сұраныстың да арта түскенін айтады. Бұл тенденцияға әсер етуші себептер қандай да бір мониторинг көмегімен анықталмағанмен, оған халықтың денсаулық жағдайына баса мән беріп, екпені уақытылы алуы, сол сияқты, емдеу мекемелерінің көбеюі сынды факторлардың ықпалы болғаны анық. Сөз реті келгенде, Ғ.Досалиева зауыттың алдағы жоспарларымен таныстырып өтті. Оған сүйенсек, кәсіпорын келешекте қазіргі күні ғаламдық медицинада қолданылатын өзінен-өзі бұзылатын (блокталатын) шприцтерді шығармақ. Қазіргі күні кеңінен қолданыста жүрген біржолғы шприцтердің өзін кей жағдайларда нашақорлар секілді әлеуметтік қолайсыз топтардың екінші қайтара қолданып жүрген деректері белгілі. Жаңа шприц түрі ондайды мүлдем жоққа шығарып, қолданылып болғасын дереу істен шығып қалады.

Сол сияқты, болашақта Атырау мұнай өңдеу зауытының жанынан қалдықтарды өңдейтін химиялық кешен салынып, пайдалануға берілгенде шприц шығаруға қажетті полипропилен шикізаты «өзімізден» алынбақ. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнына оң әсер етері анық.

Осындай өндірістік жетістіктерімен қуантып отырған мекеме қызметкерлеріне әлеуметтік жағдай жасаудан да көш басында келеді. Зауытта 160 жұмысшы үш ауысыммен жұмыс атқарады. Олардың тегін тамақтануы қарастырылған. Бұған дейін үш адамға пәтер беріліпті.

Қазіргі таңда елімізде дәл осы типті зауыттарда еңбек ететін арнайы мамандық иелері даярланбайтыны рас. Зауыттағы дені орта буынды инженер-техник мамандар біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Бірнеше адам Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтіп келген, қазақстандық жастардың оқып-үйренуге, білуге құштарлығы жақсы бағаланыпты. Осы жерде шприц шығару технологиясын жетік меңгеріп, өз ісінің білгірі атанған қызметкерлердің түгелге дерлік жергілікті жерден жасақталғанын айта кетейік. Соның ішінде, облыс аудандарынан келген жастардың көптігін бай-қадық.

Бұдан бөлек, мүгедек жандардың қоғаммен араласып, табыс табуына қолғабыс ету мақсатында «BRANDO» ЖШС қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бірнеше жанды жұмыспен қамтамасыз етіпті. Олардың бірі – денсаулығының жарамдылығына қарай есеп-қисап бөліміне, енді бірі цехтарға тартылған.

Ұжымның түрлі қайырымдылық шараларына тұрақты атсалысып тұратынына көңіліміз толып қалды. Қаладағы қарттар үйінде болып, қарияларға сый-сияпаттарын ұсынған мекеме Аққыстау селосындағы туберкулез диспансеріне, облыстық №4 шипажайына, ЖИТС-пен күрес орталығына көмек қолын созыпты. Қажет деп табылған жағдайда шприц түрінде көмек алған ұйымдар да болған.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Индустрияландыру картасына енгізілген кәсіпорын 2010 жылдың қыркүйек айында өндіріске ІSO-9001: 2009, ІSO 13485:2003 Сапа менеджменті жүйесін енгізген. Осы орайда, Атыраудағы «BRANDO» ЖШС шприц зауыты талапқа сай қызмет етіп, шын мәнінде жүзеге асқан өміршең жобалардың біріне айналып отыр десек артық емес. Көптің сұранысына ие өнімдерді шығарып отырған зауыт болашақта сыртқы нарықта да өзін танытып, «Атырауда жасалған» маркасы арқылы мұнайлы өңірді әлемге танытарына сеніміміз мол.

Қ.ОРАЗ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*