БОЗ ДАЛАНЫҢ БОЗДАНОВЫ

Есімі елінің есінде жүретін ағалардың бірі облыстық газеттің Жылыой және Мақат аудандарындағы меншікті тілшісі болған Бақытжан Бозданов еді.

Боз даланың

Маған бұл кісімен де 1996 жылы осы басылымға жұмысқа келгеннен кейін біраз уақыт қызметтес болу бақыты бұйырған-ды. Бірден айтарым, Бәкеңнің редакцияға жолдаған әрбір материалы дерлік белгілі бір мәселені көтеріп, өзекті тақырыпты қозғайтын, көбінесе, сыни-сараптамалық тұрғыда болып келетін. Мақалаларына арқау болған жайттар жергілікті биліктің назарына ілігіп, бақылауына алынатын. Соған байланысты әкімдік пен басқа да жауапты құрылымдар басшыларынан айтылған мәселенің шешімін қалай тауып жатқандығы жөнінде жауаптар да келетін.

Бақытжан ағамыз ойындағысын шымбайға батардай етіп жазса, сөйлескен кезде де айтарын бүкпесіз жеткізетін. Сонысымен де біріне жағып, біріне жақпайтын. Қызмет бабын пайдаланып, жеке мәселесін шешіп алуды еш ойламайтын. Ағамыздың  журналистік шеберлігіне, ширақтығы мен жеделділігіне ешқандай күмән келтірмесек те, басшылықтың тапсырмасы бойынша оның редакция поштасына келіп түскен материалдарын  бір қарап шығуға тура келетін. Өзі де телефон арқылы хабарласып, қай мақаласында қандай мәселе көтерілгенін айтып, мүмкіндігінше қысқартпауын сұрайтын. Осылайша, тығыз байланыста жұмыс жасап, тәжірибесі мол әріптесімізден өзімізге беймәлім біраз нәрсені үйренетінбіз. Кейде сол кісіге ұқсауға тырысатынбыз.

Мұнайлы өңір болғандықтан, оның өзіне тән проблемалары мен мұқтаждары болатыны сөзсіз. Соның бәрі де біздің Бәкеңе таныс көрінетін. Өйткені, ол жазбақшы болған әрбір мәселені жете зерттеп, зерделеп, қыр-сырына үңіліп, жілігін шағып, майын тамызатын. Күнделікті хабарлары мен іс басынан, оқиға орнынан жазылған репортаждарынан бөлек, қаламынан туындаған сырлы суреттемелері мен ойлы очерктері, ел аузынан жинақтаған шағын әңгімелері, оқта-текте болса да өткірлігімен оқшауланып тұратын фельетондары көкірегі ояу, көзі қарақты оқырманды бейжай қалдырмайтын. Үлкенді-кішілі туындыларының әрқайсысы туған табиғатпен үндестік тауып, бейне бір боз далада еркін өскен бозғылт жусан иісі аңқып тұратындай көрінетін.

Ел ішінде жүріп, жұртпен емен-жарқын араласатын азамат көзі тірісінде халықтың қалаулысына айналып, туған жері – Жылыой ауданының Құрметті азаматы атанды. Газетіміздің мерейтойы қарсаңында «Боз даланың Боздановы» атанған қаламдасымызды еске алуды парызымыз деп есептедік.

Дәулетқали Аруев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*