«БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ»

 Рас, бүгінде дінді үлкен саяси құрал етіп отырған тараптар бар. Әлемде мұндай озбыр саяси тәсілдің пайда болғаны кеше ғана емес. Кезінде Абдулла ибн Саба хазіреті Алидің уақытында мұсылмандардың арасында теріс діни көзқарастарды таратумен айналысты. Осының негізінде мұсылман әлемі сунниттер мен шииттер болып екіге бөлініп кетті. Ибн Саба бастап берген жымысқы жолды кейбіреулер әлі күнге дейін жалғастырып келеді. 

Кеңес одағының тұсындағы іске асқан дінге қарсы саясаттың салдарынан, қоғамда дінсіздену немесе діни сауатсыздық орын алды. Мұны діни, яғни рухани вакуум деп те атап жүрміз. Мен жоғарыда айтып өткен жымысқы саяси тәсіл осындай өтпелі кезеңде тұрған қазақ қоғамына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан белсенді түрде қолданылуда. Жан-жақтан әртүрлі діндердің атын жамылып ағылып келген ағымдар мен уағызшыларға әлі есін жия алмай, рухани шөлдеп тұрған қоғамның арбалып қалуы лезде болып жатты. Қазіргі таңдағы қоғам ішіндегі дінге бөлінушіліктің басты себебі осы болды деп ойлаймын.  

– Қоғамды алатайдай бүлдіруге бағытталған жат ағымдарды «дін» деп атаудың өзі әбестік сияқты. Дейтұрғанмен, әсіресе жастар жағының өзі табынып жүрген жат ағымды жанкештілікпен қорғау себебі неде?

– Дәстүрлі емес діни ағым идеясына уланған азаматтармен жұмыс барысында көптеген жайттарды байқаймыз. Атап айтқанда, олардың өздері шырмалған діни ағымнан шыға алмауына немесе шықпауына бір емес, бірнеше фактор себеп болып жатады. Ең негізгі себеп, дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде жүрген қаракөз бауырымыз өзін «ақиқат» жолында жүрмін деп есептейді. Менің жолым нағыз дұрысы, мәңгілік бақытқа апаратын жол деп біледі. Сондықтан, оған адасып жүргені қанша айтылып ескертілгенімен, ол бұған шайтанның азғыруы, оны ақиқаттан адастырудың әрекеті ретінде қарайды.    

Тағы бір фактор, теріс ағымдардың көсемдері өздерінің ерушілеріне басқа пікірді немесе уағызшыларды, атап айтқанда елдегі дәстүрлі діни ұстанымның өкілдерін – мешіт имамдарын тыңдауды шариғатқа бұрмалап негіздей отырып тыйым салып, харам етіп тастаған. Яғни, олар өз ерушілеріне жан-жақты көзқарастарды салыстыру мүмкіндігін бермейді. Нәтижесінде олар өз уағызшыларының сөзі мен пікірі ғана нағыз ақиқаттың ұшқыны деп жүре береді. Егер олар дұрыс пікір мен көзқарасқа құлақ салса, өз ұстанымдарымен салыстыра отырып райынан қайту ықтималдығы күшейер еді. Бүгінде біздің пікірімізді тыңдай білген сәләфилік бағыттағы кейбір бауырларымыздың соңында райынан қайтып жатқандары бар. Себебі, ақиқат жалған пікірден әрқашан үстем, әрі ақылға қонымды болады.  

Сосын, теріс діни ағымдағы жастардың арасында жалған намысқойлықпен де райынан қайта алмай жүргендер байқалады. Себебі, ол ерген ағымның идеясын ұстанатын басқа достары бар. Кеше ғана белсеніп қорғап жүрген идеяны бүгін тастайтын болса, ол достарының алдында абыройсыз қалып немесе олардың тарапынан жазғырылады. Міне, осындай қоғамдық-психологиялық фактордың салдарынан райынан қайтпай, жастардың тілімен айтқанда өзінше «еркектік» жасаған болады. 

Тағы бір себеп теріс ағымдардың үлкендеріне, шейхтері мен уағызшыларына байланысты деп ойлаймын. Қазақта «жеген ауыз ұялады» деген сөз бар ғой. Ағымдардың барлығы дерлік сырттан келіп жатыр. Бұл олардың қаржыландыру операциясының сырттан болып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, олар осы ағымның жаршысы болып жүріп іштегі кейбір қалталы азаматтарды да қаржылай пайдаланып үлгерген. Нәтижесінде, өз ағымына қаржылай кіріптар болып жүреді.  Сондай-ақ, ондайлардың көсемдердің өзіне ерушілерді жоғалтудан қорқып та жүргендерін кездестірдік. 

– Көп жағдайда сіздер жастармен ғана айналысып кетіп жатқандай көрінесіздер. Қоғам тек жастардан ғана тұрмайды ғой…

– Дұрыс біз жастардың діни сауатын арттыру шараларын қашан да басты назарда ұстауымыз қажет. Бірақ, алдыңғы буынды, яғни ата-аналарды ұмытпау керек. Ата-ананың діни көзқарасы мен сауаты төмен болып тұрса, баланың адасуы, теріс ағымға кету ықтималдығы артады. Сондықтан, теологтың дін тақырыбындағы оқушыға түсіндіретін мәселелерін ата-ана бірге отырып тыңдаса, әр күні үйде немесе түзде баласының сол айтылғанға қайшы әрекеттерге бармауын қадағалайтын болады. Біз осы мақсатта Атырауда былтыр тұсаукесері болған «Хақ жолы» драмасына оқушыларды ғана емес, ата-аналарды да қосып шақырттық. 

Жастардың санасына жетудің бүгінгі таңдағы ең маңызды тәсілі – ғаламтор екені белгілі. Сырттағы радикалдық және деструктивтік бағыттағы барлық діни ағымдар мен топтардың негізгі құралы осы интернет желісі болып отыр. Бұл құралды біз оларға қарағанда 10 есе артық пайдалануымыз және ол арқылы сапалы ақпарат жеткізуіміз қажет. Меніңше, бізге шешен елінің тәжірибесі үлгі болуы керек сияқты. Олай дейтінім, өткенде интернет сайттарын қарап отырып, сол елдің басшысы Рамзан Қадыровтың ресейлік телеарналардың біріне беріп жатқан сұхбатын көріп қалдым. Аталған ел президентінен журналист «Рамзан Ахматович, сіздің еліңізде діни экстремизм мен радикализм өте жоғары деңгейде еді, ал қазір осы проблеманы шешіп, санасы уланған тұрғындарды емдедіңіздер. Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер?» деп сұрақ қойды. Бұл сұраққа Рамзан Қадыров «Біз қоғамның радикалдану үрдісі интернет арқылы іске асып жатқанын байқадық. Сол үшін мен ондаған теолог, дін ғалымдарын жинап, арнайы сайттар ашып халықтың, жастардың дін тақырыбындағы сұрақтарына сауатты, негіздей отырып жауап беруге тапсырма бердім. Нәтижесінде радикалдану пайызы 98-ден 2 пайызға дейін төмендеді»  деп жауап берді. Олай болса, біз  қазіргі таңда осы ақпараттық кеңістікте белгілі бір деңгейде ұтылып жатқанымызды мойындап, ақпараттық-насихат шараларын белсендірек жүргізуіміз керек. Дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен, әрі сапалы етіп насихаттау қажет. Бүгінде халқымыз сәләфилердің кесірінен исламнан, намаздан қорқатын жағдайға жетті. Біз дәстүрлі емес діни ағымдардың идеясына өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызбен ғана қарсы тұра аламыз деп ойлаймын. 

– Пікіріңіз құптарлық екен. Жалпы, біздегі адасушы топтарды психологиялық жағдайына қарай санатқа бөліп қарастыруға бола ма? Мүмкін, әртүрлі топқа әр басқа методикамен келу керек шығар?

– Мұндай жастарды салыстырмалы түрде үш санатқа бөлуге болады.  Біріншісі – теріс ағымның идеясымен жоғары деңгейде уланған, белгілі бір деңгейде ағым уағызының  теориялық негіздемелерін білетін, соны насихаттап жүрген, біршама ерушілері бар және сол ағымның ғана ұстанымын абсолюттік ақиқат деп есептейтіндер. Екіншісі – ағым идеясымен санасы уланған, бірақ оның теориялық негіздемелерін біле бермейтін, солай бола тұра оны нағыз ақиқат деп қабылдайтындар. Бүгінгі таңда теріс ағымға ерушілердің басым көпшілігі осы санаттағылар. Үшіншісі – өзі еріп жүрген ағымның уағыздары мен үгіт-насихаттарын енді ғана тыңдап, жаңадан уланып екіленіп жүргендер. Жоғарыда аталған топтардың әрқайсымен арнайы жұмыс тәсілі болуы керек. Соның ішінде үшінші санаттағылармен жұмыс аса қиынға соқпайды. Бірнеше түсіндіру жұмысы немесе ақыл-кеңес айтумен ғана райынан қайтарып, дұрыс жолға салу мүмкін болады. Себебі, ол – құздан әрі қарай құлап үлгермеген адам.

Екінші топтың негізгі проблемасы – өз уағызшыларының пәтуасы негізінде олардан басқаны тыңдамауы. Демек, бұл санаттағы санасы уланған азаматтарға білікті теологтарды тыңдата алсақ, бірнеше дәрістерден кейін олар да түзелуі мүмкін. Сондықтан, оларға дұрыс уағыздар мен көзқарастарды тыңдатудың жолдарын қарастыру қажет.  Ал, енді, бірінші санатқа қатысты мәселе, меніңше, өте күрделі. Бұл санаттағылармен жұмыстың тәсілі түсіндіру шараларынан басқа шеңберде болуы қажет.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ. Дінге бөлінушіліктің ақыры қайда алып барады?

– Діни негізде бөлінген қоғам мүшелерінің біріне бірі жаны ашуы мүмкін емес. Сондай-ақ, ондай қоғамда ауызбірлік пен ынтымақтың болуы неғайбыл. Міне, сыртқы күштердің қалайтыны да, мақсаты да осы. Яғни, ел ішіндегі алауыздық. Мен үшін ұлттың, үмметтің мүддесі және өзара ауызбірлігі барлығынан жоғары тұрады. Сондықтан, жастарды, жалпы еліміздің мұсылмандарын ешбір топтың жетегінде кетпей, Діни басқарманың ұстаздары мен имамдарының пәтуасын құрметтеп, оны басшылыққа алатын «қарапайым мұсылман» болуға шақырар едім.

Әңгімелескен 
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретте Еркінбек ШОҚАЕВ, 
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы, дінтанушы:

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*