«БОЛАШАҚ» ДАМУҒА ЖОЛ АШТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданған бұл бағдарлама қазақстандық жастардың білімін шыңдауға, бәсекелестікке қабілеттіліктерін арттыруға мол мүмкіндік беруде.

Астана қаласындағы Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін тәмамдап, неміс, ағылшын және жапон тілдерін жетік меңгерген жас азаматқа тұрақты жұмысқа орналасу қиынға соққан. Кейін ол шетелдік білім алуға бел буып, құжаттарын 47 шетелдік университетке тапсырды. Нұржанның құжаттарын қарастырып, оқуға қабылдауға келісімін берген оқу орындарының ішінде өзі қалаған Ұлыбританиядағы Лондон экономика және саяси ғылым мектебі де болды.

– Бұл кезде қатты қуандым. Өйткені, бұл университет әлемдегі ең мықты оқу орындарының ондығына кіреді. Университеттің оқуға қабылдауға келісімін берген құжаттарын «Болашақ» бағдарламасына ұсынып, арнайы комиссия алдында психологиялық тестілеуден өттім. Олар да мені бірауыздан қолдап, әлемнің есігін ашты десем, артық болмас. Сөйтіп, 2007 жылдан бастап аталған оқу орнының «Магистратура» бөлімінде «Урбандалу және даму» мамандығы бойынша білім алдым. Аталған мамандықтың басты мақсаты қаладағы кедейшілікті тоқтату болатын, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұржан Ғанимұратұлы.

Кейіпкеріміз оқу орнында жастардың білім алуға деген ниеті зор екендігін айтады. «Студенттер кітапханадан шықпайтын. Орнымыздан айырылып қалмау үшін кітапханада ұйықтайтынбыз. Университеттегі 8000 студенттің ішінде он қазақ болды. Кейбірі – «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып жатқандар. Лондондағы «Қазақтар қоғамы» жыл сайын Наурыз сынды ұлттық мерекелерді тойлап келеді. Сондай шараларда өз халқыңның салт-дәстүрін шетелде паш ету, еліңді көрсету – үлкен абырой», – деп еске алады ол.

– Елге оралып, әртүрлі мекемелерде аудармашы қызметін атқардым. Бұдан кейін Назарбаев университетінде кәсіпкерлік пен техникалық білімді реформалаудағы ұлттық кеңесші болып жұмыс жасап, өткен жылы Атырауға келдім. Лондон университетінде алған теорияларды тәжірибеде колдануыма үлкен мүмкіндік туды. Кейбір жастардың бойындағы «мемлекет маған барлық жағдай жасап беруі керек» деген пайым қате түсінік деп білемін. Шетелден білім алып келген кейбір жастар арзанқол жұмыстарды да менсінбей, бірден жоғары лауазымдарда қызмет атқаруды қалайды. Мемлекет бізді оқытты, жағдайымызды жасады, енді әрі қарайғы күнкөріс – әр адамның жеке жауапкершілігі. Үнемі дайын нәрсеге қол жеткізу жастарға тән қасиет емес. Мен оны қатарластарыма жиі айтып келемін. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты – жастардың білім деңгейін өсіру, алға қарай ұмтылуына септігін тигізу. Сондықтан, бізге артылған үмітті үлкен жауапкершілікпен, абыроймен орындауымыз шарт, – дейді Н.Ғанимұратов.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде ғылыми, педагогтік, инженерлік және медициналық кадрлар даярлаудың осы тәсілі Қазақстан ұйымдары мен кәсіпорындарының нақты кадрлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Жастардың болашағын, елдің келешек тағдырын үнемі ойлайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру саласын дамыту мақсатындағы қолға алған бағыты қазіргі таңда өз нәтижесін беріп жатыр.

Тәуелсіздік алған бастапқы жылдары қиын заманда бағдарламаның құрылуына бастамашы болған, бұл тәжірибені ТМД елдері аумағында алғашқылардың бірі болып қолға алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сол кезеңде бұл шешімді қабылдаудың маңызы зор еді. Өйткені, тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекетіміздің әрбір саласы білікті кадрларға мұқтаж еді. Бағдарлама қабылданған 20 жылдан астам уақыттың ішінде бірнеше жас шетелдік білім алып, қазіргі таңда ел экономикасының артуына, еліміздің дамуына қолұшын беріп келеді.

Облыстық білім беру басқармасының маманы Клара Тастайбекованың айтуынша, жалпы бағдарлама шеңберінде қазіргі кезде әлемнің 33 елінің 22 мықты университеттерінде стипендианттар білім алуда.

2005-2014 жылдар аралығында облыс бойынша 192 адам (2%) «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атанып, оның 115-і бітіріп шықты. Қазіргі таңда облыс экономикасының әр саласында аталған бағдарлама бойынша оқыған 101 (87%) маман еңбек етуде.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*