БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Диплом алу – студент өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Дәрістер, семинарлар, іс-тәжірибелік сабақтар артта қалды, мемлекеттік емтихандар тапсырылып, диплом жұмысы қорғалды. Түлектерді алдарында үлкен өмір күтіп тұр – жұмысқа орналасу немесе колледжде алған білімдерін, дағдыларын одан әрі қолдану.
Колледж директоры Болат Рысқалиев ұжым атынан түлектерді құттықтап, оларға табыс тілеп, оқу орнының оқытушылары мен студенттер ата-аналарына жастарды тәрбиелеуде қосқан үлестеріне алғыс білдірді.
Табалдырығынан талай ғылым, өнер, мәдениет майталмандары, қоғам қайраткерлері, ұлағатты ұстаз ұшырған білім ордасы 60 жыл бұрын шәкірт болған мәртебелі түлектерімен де қайта қауышты. Олардың қатарында бүгінде ұстаздық еңбегімен елге танылған Мәдина Ғабдісәлімқызы, Айман Қадырғалиқызы, Үркімбай Сақтағанұлы келіп, түлектерге ақжарма тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов, облыстық ардагерлер төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық білім беру басқармасының бастығы Берікқали Сәрсенғалиев орта кәсіптік білім туралы дипломдарды үздік оқыған түлектерге табыс етті. Оқу кезінде әртүрлі бағыттарда – ғылыми жетістіктері, колледждегі қоғамдық жұмысы, спорттағы белсенділік, шығармашылық жұмыстарда көрсеткен жетістіктері үшін бірнеше студент грамоталарға ие болды. Оларды да бұрынғы колледж түлектері және облысқа белгілі педагогтер табыстады.
Шараға арнайы шақырылған ҚР-ның мәдениет қайраткері, эстрада жұлдызы, әнші Мадина Садуақасова түлектерге дипломдарды тапсыру құрметіне ие болып, репертуарындағы бірнеше әнді шырқап берді. Колледж түлегі, әнші Елена Ералинаның орындауындағы жаңа ән де жастардың көңілін серпілтіп, ерекше көңіл күй сыйлады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*