«Болашаққа салынған инвестиция»

Әлішер ПІРМЕТОВ, «Астана ЕХРО-2017»

Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d3%99%d0%bd%d0%b5-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc

«Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктеріміздің бірі сол, Қазақстан әлемдік аренаға шықты. Халықаралық ұйымдардың белді мүшесіне айналды. Ал, ЕХРО-2017 көрмесінің Астанада өтуі – Қазақстанның әлемге  инновациялық  орталық ретінде таныла түсуіне мүмкіндік береді» дейді «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов. «Атырауға» берген эксклюзивтік сұхбатында спикер ЕХРО көрмесіне дайындық, қалашықтың болашағы, алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

–  Санаулы айлардан соң, халықаралық ЕХРО көрмесі басталады. Әлемдік деңгейдегі шараның Астанада өтуі елімізге не береді? 

– Қазақстан – халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесін өткізетін ең жас мемлекет. ЕХРО көрмесінің бұған дейінгі тарихы халықаралық іс-шараның негізінен Еуропа елдерінде өткенін көрсетіп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, ЕХРО көрмесі Астананың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің мерейі. Себебі, біз отандық ғалымдарымыз, өнертапқыштарымыз жасап шығарған ғылыми технологияларымызды әлем назарына ұсына аламыз. Және де көрме аясында Қазақстан жаңалықтар орталығына айналады. Мұның соңы – экономикаға салынатын инвестиция, капитал, бірлескен кәсіпорындар, ең бастысы өндіріске енетін жаңа технологиялар деген сөз. Халықаралық іс-шара сөзсіз, тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігіміз.

– Астана ұсынған «баламалы қуат көзі» тақырыбына әлемдік ғылыми ортаның қызығушылығы қандай деңгейде?

–  Азық-түлік тапшылығынан бастап, әлем қазір табиғи ресурстардың азаю кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мұндайда көмекке келетіні – ғылыми индустрия. Демек, баламалы қуат көзін әдеттегідей электр тогынан емес, табиғи көздерден өндіру мәселесі де бәрібір өзекті күйінде қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, Астана ұсынған тақырыпқа әлемдік қауымдастықтың қызығушылық деңгейі жоғары.

Әрине, Еуропа елдерінде қазір энергияны жел, күн сәулесі ресурсынан өндіру тәжірибелері бар. Тіпті, Қазақстанның өзінде баламалы қуат көздеріне қатысты 50-ге жуық жоба іске қосылды. Сол жобалар арқылы жылына өндірілетін альтернативті энергия қуаты бүгінде 300 мегабайттан асатын деңгейге жетті.

Айта кетерлігі,  көрме барысында назарға ұсынылатын жобалардың өзі жан-жақты сараптаудан өтеді. Ол үшін халықаралық деңгейдегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия құрамына Нобель сыйлығының лауреаттарынан бастап, саланың ең үздік мамандары енгізілді. Күні бүгінге дейін әлемнің 25 елінен 33 жоба ұсынылды. Оның ішінде комиссия 17 жобаны таңдап алды. Жобалар мамандандырылған көрме кезінде арнайы павильонда таныстырылатын болады.

DCIM100MEDIADJI_0052.JPG

– Жаңа технологиялар, инфрақұрылымдық әлеуеттен бөлек, көрме отандық туризм саласының «екінші тынысын» ашуға мүмкіндік беріп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Үш айға созылатын көрме кезінде, оны тамашалауға 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Бұл көрсеткішті белгілі бір деңгейдегі «туристік көшкін» ретінде қарастыратын болсақ, әрине атқарылып жатқан жұмыстар бар.

Дәл қазіргі таңда Астана қаласында жаңа теміржол вокзалы салынуда. Жаңа ғимарат жолаушылар санының бір мезгілде үш есеге дейін ұлғаюына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақстан бойынша 70-тен астам туристік маршрут жасақталды. Бұл – көрмеге қатысушылар, туристер, жалпы келушілер контенті бір мезгілде еліміздің тарихи, өлкетану, мәдени бағыттағы ошақтарын аралап, таныса алады деген сөз. Соның ішінде, Атырау облысында қазір туристік үш маршрут белгіленіп отыр. Арнайы турпакеттер де жасақталды.

– «Көрме салынған қаражатты қаншалықты ақтайды? Және халықаралық іс-шара барысында тұрғызылған ғимараттардың болашағы қалай болады? ЕХРО қалашығы декоративтік нысан деңгейінде қалып қоймай ма?» деген сауалдар қазір «ҚазНет» әлемінде жиі талқыланып жүр..

– Ең алдымен, мынаны түсініп алуымыз керек. ЕХРО көрмесі – болашаққа салынған инвестиция. Егер сіз көрме болатын үш айлық мерзім ішіндегі қаражат туралы айтатын болсаңыз, бір ғана туризм саласы миллиондаған табыстар әкеледі. Ал, әңгіме көрмеден кейінгі кезең туралы болса, оның нәтижелері бөлек тақырып.

%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d3%99%d0%bd%d0%b5-%d3%99%d0%bb%d0%b5%d0%bc3

Бүгінде ЕХРО қалашығы үшін Астанадан 174 гектарды құрайтын жер телімі бөлінді. Онда қазір 30-дан астам ғимарат салынып жатыр. Бұған дейін әлемнің бірнеше елінде болып өткен ЕХРО көрмесінің тәжірибесі, ғимараттардың бос қалмайтынын көрсетіп отыр. Астана көрмесінің басты символы болып табылатын сфера және тақырыптық павильондар «болашақтың мұражайы» ретінде жұмыс жасай береді. Павильондардың тең жартысына халықаралық қаржы ұйымдары орналасады. Ал, қалашық аумағындағы тұрғын үй кешендері «Бәйтерек» холдингінің меншігінде. Көрме аяқталғаннан кейін ол үйлер ел азаматтарына жаппай сатылымға шығарылуы мүмкін. Бұл мәселемен «Бәйтерек» холдингі тікелей айналысады.

– Халықаралық көрме – ауқымы жағынан өте ірі жоба. Бұл іс-шараға әлемдік деңгейдегі қызығушылық та жоғары болады деген сөз.  Ақпараттық саясатта қандай жаңалықтарды күтуге болады?

– Ең алдымен, имидж үшін жұмыс жасау керек. ЕХРО қалашығында қазір бұқаралық ақпарат құралдары үшін көлемі 1000 шаршы метрден асатын арнайы ғимарат жасақталып жатыр. Баспасөз орталығы өз жұмысын келер жылдың сәуір айынан бастайды. Тіпті, көрмеге келе алмаған күннің өзінде, арнайы тіркеуден өткен, шетелдік журналистер үшін мәтіннен бастап, фото, бейнематериалдар онлайн режимде жолданып отыратын болады. Біздің базамызда қазір 367 аймақтық БАҚ тіркелген. Бұл – республикалық деңгейдегі ақпарат құралдарын қоспағандағы мәлімет. Яғни, біз өңірлік деңгейдегі журналистерден бастап, республикалық, әлемдік БАҚ  құралдарымен тығыз байланыс-та жұмыс атқаратын боламыз.

Егер біз  отандық ғылыми контентке, өнертапқыштарға тиісті деңгейде қолдау  көрсетіп, әлемдік озық технологияларды экономикаға енгізетін болсақ, Қазақстан сөзсіз үздіктер қатарынан табылады.

Атырау-Астана-Атырау.

Баян Жанұзақова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*