БИЗНЕСТІҢ БЕРЕКЕЛІ БАСПАЛДАҒЫ

«Даму» қоры саясатының басты бағыттары – даму әлеуеті бар шағын және орта бизнестің барлық субъектілеріне қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне несиелік ресурстар қолжетімділігінің және оларды беру жеделдігінің дәрежесін, кәсіби деңгейін арттыру, халықты кәсіпкерлікке тарту,  сондай-ақ, ішкі өндірісті кеңейтуге, инновацияларды ендіруге және өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықтимал мүмкіндіктері жоғары кәсіпкерлік субъектілерін қолдау құралдарын көбейту.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырыла бастаған өткен бес жылда ауылдық аймақтарда шағын және орта кәсіпті таңдаушылар қатары өсіп отырғандығы байқалады. Күні бүгінге дейін моноқалалар мен селолық елді мекендер арасынан жалпы сомасы 2,7 млрд. теңге болатын 42 жоба мақұлданды. Өткен жылы Индер ауданындағы «Сапанов» жеке кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік қолдауға ие болды. Халыққа жолаушы тасымалы қызметін көрсету үшін «Қазақстанның Халық банкі» АҚ қаржыландыруымен негізгі қорға қажетті мүліктер сатып алып, ісін бастады. Ал, осы аудандағы «Ахмедияр» ЖШС өкілі де үстіміздегі жылы мемлекет қолдауынан қайыр көрді. Ол осы өңірдегі халықтың тазартылған ауыз суға деген сұранысын ескеріп, жаңа кәсіпті қолға алды. Құрманғазылық жеке кәсіпкер Шакупов керамзит өндірісін дамыту үшін қажетті жабдық-құрылғыларды Қытайдан жеткізді. Өндірісті іске қосқан кәсіпкердің шаруасы оңғарылып келеді. Осы өнімді шығаратын аймақтағы алғашқы бірден-бір бұл зауытта қазір 51 жұмыс орны ашылды. Демек, ауылдағы жұмыссыз жүрген осыншама адам жұмысқа орналасып, отбасын асырауға қол жеткізді деген сөз.

Бизнесті қолдау және дамытудың Бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша он үш кәсіпкерге көлемі 33 млн. теңгенің мемлекеттік қолдау түріндегі гранты берілді. Мұнда жобаларға Исатай ауданындағы «Биханов», Құлсары қаласындағы «Тасмұханов», Махамбет ауданындағы «Марат», Қызылқоға ауданындағы «Бота» сынды жеке кәсіпкерліктері қатысты. Әрқайсысы екі миллион теңгелік грантқа ие болған кәсіп иелерінің бірі жүн өңдеп, ұзатылатын қыздың жасауы – көрпе, жастық, жамылғыларын дайындаса, келесілері ауылды жасыл-желекпен көріктендіруге, енді біреулері тротуар үшін төсемтастар шығаруды, жем қоймасын салуға қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алып, қамысты өңдеуді қолға алды.

Осы қыркүйек айына дейін облыста шағын және орта бизнес компанияларының 65 топ-менеджері өз білімдерін жетілдірді. Бұлардың 20 пайызын ауыл кәсіпкерлері құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылдан бері «Назарбаев Университеті» жоғары мектебінің базасында «Шағын және орта бизнес топ-менеджерлерін оқыту» жобасы негізінде алпыстан астам атыраулық кәсіпкер шеберліктерін шыңдады. Олардың қатарында қызылқоғалық шаруагер Тұрлан Бекешев, малдәрігерлік қызмет көрсетуші Октябрь Нұрадинов, ет өнімдерін өңдеуші Абзал Елғондиев, құрманғазылық шаруагер Сержан Шүкірәлиев, махамбеттік Шолпан Торбаева және басқалар бар.

Айта кету керек, аймақтың ауыл кәсіпкерлерін несиелеу үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен де қаражат бөлініп келеді. Соңғы екі жылда жарты миллиард теңгеге жуық бөлінген қаражатқа, шағын және орта бизнес субъектілерінің 98 жобасы іске асырылды, 220 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның өзі де ауылдағы ағайынның қалаға жұмыс іздеп сабылмауына, туған жерінде тұрып, бала-шағасын асырауға деген ынта-жігерін бекіте түсері даусыз. Кәсіпкерлікті өрге бастыру мақсатында облыстың алты ауданында «Даму» қорының бөлімшелері ашылып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіле бастады.

2009 жылдан бастап аталған қордың «Даму-Көмек» бағдарламасы өмірге келгені көпшілікке мәлім. Бұл бағдарлама өзінің қарым-қабілетін өмірде ғана емес, бизнесте де жүзеге асыруға талпынып отырған, жігері жасымаған, рухы мықты жандар – мүгедек-кәсіпкерлерді қолдау мақсатын көздейді. Осы тәріздес жобаларды іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, қашан да көмек бергісі келетін жандардың саны оны алғысы келетіндерден әлдеқайда көп. Ал, кәсіпкерлер уақыттың тарлығы, қалай және немен көмектесу керектігін білмеу тәрізді объективті себептермен – өздерінің ізгі ниеттерін жүзеге асыра алмай жатады. Біз мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер мен әлеуетті демеушілер арасын жалғайтын негізгі буын болуға дайынбыз. Көмекті әркім де көрсете алады және оның қаржылай көмек болуы да шарт емес. Әлдекім артық-ауыс жиһазымен бөліссе, енді біреу кеңсе техникасы түріндегі көмегін ұсынуына болады, тіпті, білгенімен бөлісіп, «іс тетігін үйретемін» деушілер де табылып жатады. Мәселен, Исатай ауданындағы кәсібін жаңадан бастауға ынтасы бар мүмкіндігі шектеулі он кәсіпкерге бизнес өкілдері қолдау көрсетіп, ноутбук, тігін машиналарын алып берсе, индерлік, қызылқоғалық, махамбеттік мүгедек жандарды да  жомарт жандар жарылқады.

«Даму» қоры мен «Казкоммерцбанк» АҚ «Құс жолы» қайырымдылық қорының бірлесе жүзеге асыратын «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасының аясында Атырау гуманитарлық колледжінің түлегі, Томарлы ауылының 21 жастағы тұрғыны Әйгерім Әлиева «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігі жанынан мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ағылшын тілін оқып-үйрену курсын ұйымдастырды. Ол грант арқылы бөлінген қаржыға оқу құралдарын, кітаптар мен жиһаздар сатып алуды қамтамасыз етсе, Қызылқоға ауданының орталығында тұратын екінші топ мүгедегі Нұрболат Есенбаев ауылдағы жалғыз аяқ киім жөндеу шеберханасын жасақтап, жұмысын бастап отыр. Биылғы осындай конкурстың қорытындысымен облыс бойынша осы санаттағы жандардың жаңа кәсібін бастауына бөлінген грантқа лайықты төрт жоба мақұлданды.

Экономиканы жаңаша қарқында дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету арқылы жұмыссыздық пен өнім өндіру мәселесінің түйінін шешуге себептігін тигізуде. Осы тұрғыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры – бизнес белестерінің берекелі баспалдағына айналып отыр.

Әлия ӨТЕПҚАЛИЕВА,

«Даму» қоры Атырау аймақтық филиалының директоры.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*