БИЗНЕСТЕГІ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН НАҚТЫ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Ал, бұл жолы кеңес талқысына қандай жобалар ұсынылды? Олар несімен ерекшеленеді?
Мәселен, «Азмуханова» жеке кәсіпкерлігі «Центр Кредит» банкіндегі қалдық ақшаны жабу мен наубайханаға күрделі жөндеу жүргізу үшін «Еуразиялық» банкпен келісімге келіпті. Соңғы қаржы институты өкілінің айтуынша, бизнес иесінің өздеріне берешегі жоқ, қажетті төлемін уақытында өтеуде.
Осы орайда аймақтық кеңес төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев өзінің кәсіпкерлерге банк таңдауда асығыстыққа салынбау керектігін айтқанын тағы да еске салып өтті. Мамандармен ақылдасу керек, несие бағытындағы түрлі тәсілдерді нақты білу қажет. Ал, кәсіпкерлерді қолдау бағытында өзгелермен салыстырғанда жеңіл несие ұсынып отырған «Еуразиялық» банк тәрізді қаржы институтының қызметін лайықты көтермелеп, бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамаласа да артық емес.
Ал, «Atakent Product Transkom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтініші біраз талқыланды. Бұл кәсіпорын Доссор мен Ескене стансалары арасында темір жол тұйығын салмақшы екен. Өкілдерінің айтуларынша, жұмыстың 90 пайызын аяқтап та қалыпты. Осы көктемде іске қоспақ ниеттері бар. Сөйтсек, бұл ірі кәсіпорындардың қорындағы вагон-цистерналарды уақытша сақтайтын орын болмақ екен. Қарапайым тілмен айтқанда, кәдімгі автотұрақ тәрізді. ТШО компаниясымен алдын ала келісімін де жасап үлгеріпті.
Енді, қандай мәселе туындап отыр? Сөйтсек, бұл жоба былтыр кеңес отырысында талқыланып, «АТФ» банкінен алынбақ несиені субсидиялау келісіліпті. Алайда, соңғы сәтте банк несие беруден бас тартқан. Кәсіпорын қазір «RBK» банкімен әріптестік орнатқан. Бұл қаржы институты қосымша несие беруге де, «Еуразиялық» банктен алған қарызды өтеуге де келісім беріп отыр. Ал, субсидияға жататын соманың жалпы көлемі 2 млрд. 006,7 млн. теңге.
Әйтсе де, кеңес мүшелері бұл өтініштің дереу орындалуы қиын екенін әңгімеледі. Біріншіден, субсидиялау мөлшері тым үлкен. Екіншіден, ертең осы нысанның толық қайтарыммен жұмыс жасауына әзір сенім аз. Егер қажетті қызмет көлемі табылмаса, қосымша алынбақ алпыс адам да сырт қалмақ. Сондықтан, бизнес иелеріне алдымен ертеңгі күні нақты тапсырыс беретін кәсіпорындармен тиянақты шарт жасау ұсынылды. Ең бастысы – алматылық кәсіпорынның осы жерге тіркелуі қажет.
«Стандарт газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтініші де біраз талқылауға тақырып болды. Бұл мекеме сығымдалған газды өткізумен шұғылданады екен. «Халық банкінің» бас кеңсесі 1 млрд. 583,3 млн. теңге шамасында несие беруге келісіпті. Енді соған қолдау сұрайды. Мақсат – сығымдалған газ баллондарын сақтайтын парк тұрғызу.
Кеңес отырысында бұл кәсіпорынның да бас кеңсесі Алматы қаласында екендігі анықталды. Оның үстіне, энергетика және коммуналдық қызмет басқармасының бастығы Ақылбек Байшақановтың айтуынша, өнімінің басым бөлігін экспортқа шығарып, ішкі сұранысты қанағаттандыруға аса ұмтылмайтын көрінеді. Ақырында, кезінде жергілікті атқарушы билік осы мекемеге сығымдалған газ баллондарын Құрманғазы ауданына жеткізуді ұсынғанымен, ол да әлі шешімін таба қоймапты. Қысқасы, кеңес мүшелері бұл жобаны қаржыландыруға келісім беруді кейінге қалдырды.
«Изимова» жеке кәсіпкерлігінің өтінішін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына енгізіп, сол арқылы қаржылай қолдау мәселесі де біраз талқыға салынды. Мұнда ұққанымыз – бизнес иесі шет елден денесі тым толық адамдарға арналған диеталық мақсаттағы жабдық әкелмекші екен. Қажетті қаражат үш миллион теңге шамасында. Бір қарағанда аса көп қаржы да емес, бірақ заңдылық тұрғыдан қолдауға қалай жатқызу керектігі сөз болды. Мәселен, арнайы бағдарлама бойынша тек жаңа бизнес бастамаларды қолдауға ғана грант беріледі. Ал, жабдық әкелу тың бастама ретінде бағалана ма? Ертең сол жабдық жеткізілгенде онымен кәсіпкер пайда табады емес пе? Ол қазір үлкен проблемаға айналған семіздікпен күреске септігін тигізер, бірақ, қайткенде де, жеке адамға табыс түсіретін қадам болмақ. Міне, кеңес мүшелері осындай қарсы уәж айтты.
Кеңес талқысына «Индустриялық карта» бойынша бес жоба ұсынылды. Бірден айталық, олардың бәрі де қолдауға ие болды.
Алдымен, «Эко-Техникс» ЖШС мұнай қалдықтарын кәдеге асыру жобасын ұсынды. Жылыой ауданында жүзеге асырылмақ оның құны 508 млн. теңге. Жоспар бойынша биылғы екінші жартыжылдықта қатарға қосылмақ. Жиырма шақты жұмыс орнын ашатын жобаның 138 млн. теңгесін кәсіпкердің өзі қаржыландырып отыр. Қазір арнаулы техника әкелінуде, «Центр кредит» банкінен несие алу рәсімделуде. Жаңа бизнес нысанының өнімі жол құрылысына пайдалануға да жарамды болмақ.
«ЖігерМұнайСервис» ЖШС бұрғылау ұйымдарына ұңғымаларды көлденең қазу жөнінде жәрдем беру бастамасын ұсынды. Жалпы, мұндай тәсіл бұрын да пайдаланылып келгенімен, бұл жолы тың технологиялық жүйе қолданылмақшы екен. Жоба жетекшілері оны күллі елімізде жоқ жаңалық ретінде айтып өтті.
Бұл жоба да биылғы екінші жартыжылдықта мәреге жетпек. Құны 900 млн. теңгелік жобаның 200 миллионын бизнес құрылымы өзі тауып отыр. Қалғанын «Халық банкі» арқылы қаржыландырмақ.
«ALAN BUILDING SYSTEMS» ЖШС биылғы екінші жартыжылдықта модульдік тұрғын үй салу фабрикасын қатарға қоспақшы. Сол кезде 88 адам қызметке тартылмақ. Негізінен, жеке тұрғын үй салушылар қамтылмақ. Тапсырыс табылса, көппәтерлі үйлерді де салуға болады. Құны 667,5 млн. теңгенің 192 миллионы кәсіпкердің қалтасынан шықса, қалғанын «Халық банкінен» алмақшы.
Ал, «SP Euro Salda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бай кола» шырын зауытын салу үшін қажетті 2 млрд. 302 млн. теңгені түгелімен өзі көтермекші. Мұнда 300 шамалы жаңа жұмыс орны құрылмақ. Енді 2013-2014 жылдары жүзеге асырылатын жоба жетекшісі жетіспейтін инфрақұрылымды толықтыруды, сырттан әкелінетін жабдықтарға кедендік алымдардан босатуды өтінеді.
Ақырында, «КХ Caspian Royal Fish» жеке кәсіпкерлігі балық шаруашылығы кешенін құрып, бекіренің тағамдық уылдырығын алумен шұғылданбақшы. Жабық су тоғандарында жүзеге асырылатын бұл жобаның құны 491 млн. теңге. Оның 98,2 миллионын бизнес иесі өзі төлесе, ал қалғанын «Альянс банк» арқылы толықтырмақшы. Бұл жобаның да жүзеге асырылар мерзімі – 2013-2014 жылдар. Биылғы сәуірде бастапқы құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ.
Р.S. Міне, аймақтық кеңес отырысында осындай маңызды жобалар таразыға тартылды. Олардың бәрі де өңір үшін қажетті. Бірақ, ең бастысы – тек бизнес иесінің қалтасын ғана толтырмай, өңірдің әлеуметтік проблемаларын да шешуге бағытталған пайдалы жоба болуы тиіс.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*