Кәсіпкерлік саласына жаңа міндеттер жүктелді

palata idresov 2 1 scaled COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/11 мамыр, 2020 жыл. Елімізде төтенше жағдай режимінің аяқталғаны көңілге медеу ұялатады. Бірақ, бұл арқаны кеңге салатын жағдай емес. Керісінше, енді карантиннің әсеріне ұшыраған экономиканы қайта жандандыру жұмысы қыза түспек. Әсіресе, бизнесті қалыпқа келтіру керек. Мұны Мемлекет басшысы да ерекше атап өтті.

Карантиндік шектеулердің бірден алына қоймайтыны айдан анық қой. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлер де өздерінің қалыпты қызметіне біртіндеп көшеді. Өзге елдермен салыстырғанда, бізде коронавирусқа орай экономикалық дағдарыс айтарлықтай сезілген жоқ. Себебі, барлық сала, соның ішінде бизнестің барлық тыныс-тіршілігі ұдайы бақылауда болды.

Мәселен, біздің жергілікті палата несие шегерілімі, салықтық жеңілдіктер, жалға алу құнының арзандатылуы, жұмыстан босағандарды әлеуметтік төлеммен қамтуға қатысты кәсіпкерлердің сауалдарына тәулік бойы жауап беріп отырды. Қазір де бірыңғай 109 нөміріне қоңырау шалып, барлық сұраққа жауап алуға болады.

Президент қазірдің өзінде республикада 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққанын айтты. Расымен де, кәсіпкерлердің иелігіндегі дүкендер, сән салондары мен басқа да бизнес нысандарының қызметі қайта жанданып жатыр. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Бірақ, сақтық шараларын сақтау талап етіледі.

Осынау қиын-қыстау кезеңде бизнеске бұғау болар жайттар белең алатыны белгілі ғой. Қай кәсіпкер қандай мәселесін шеше алмай жатыр, осыны анықтау үшін біз жүздеген кәсіпкермен телефон арқылы байланыстық. Бұл жұмыс күн сайын жүргізіліп отыр. 23 наурыздан бастап жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, қай кәсіпорында қанша жұмысшы қысқарғанын немесе ақысыз демалыс алғанын бақылап отырамыз.

Сөйтсек, кәсіпкерлердің көбісін несиелік қарыз, салықтық төлем, жалға алу құны, жұмыстан босағандарға берілетін әлеуметтік төлем және басқа да мәселелер толғандырады екен. Штабқа шағын және орта бизнес өкілдерінен көптеген өтініш түсіп, жүзге жуық мәселе тіркелді. Онлайн түрде шелімеген проблеманы арнайы мамандар аяқтай жүріп шешті.

«Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұл ретте, біз жергілікті тауарөндірушілер тізімін жасадық. Оған облыста 745 түрлі тауар шығаратын 150 отандық мекеме кірді. Атап айтсақ, бұлар – ағаш өңдеу, жиһаз өндірісі, қағаз, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, металлургия, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, химия өнеркәсібі және фармацевтика.

Мемлекеттік тапсырысты орындауда ең үлкен басымдық осы отандық тауарларға беріледі деп жоспарланып отыр. Өйткені, бүгінгі нарықта қалыптасқан жағдайды ескерсек, жергілікті тауарөндірушілерге зор қолдау көрсетуіміз керек. Әйтпесе, өнім көлемі күрт азайып, көп адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал, мұндай олқылықтың орнын толтыру кейін қиынға соғады.

Президент мәлім еткен тағы бір жағымды жаңалық – «егістіктен – сөреге дейін» бастамасы. Жалпы, Қазақстанда 1миллион 700 мың жеке шаруа қожалығы бар екен. Алайда, олардан шыққан өнім ресми түрде сауда нысандарында сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына қабылданбайды. Бұлардан  салық та түспейді. Ал, ондағы жұмысшылар әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған. Президент мұны қатаң сынға алды. Осы орайда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жаңа міндеттер жүктелді. Біз бұл міндеттемелерді жергілікті жерде тиісті деңгейде атқаруға дайынбыз.

Екінші бір мәселе – азық-түлік бағасын бақылау жайы. Дұрысында, бағаны «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтындай» етіп қою қажет. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор тауардың жөні бір бөлек. Олардың саны – 19. Ал, соның жетеуі – сырттан саудаланып жатыр.

Жалпы алғанда, Атырауда шектен тыс шарықтаған баға әзірге тіркеле қойған жоқ. Бұған арнайы бақылаудың да оң әсері болар. Десек те, дүкен сөрелерінде аз да болса ұн, макарон мен қант тапшылығы байқалады. Бұлар да өзімізде өндірілмейді, тыстан тасымалданады.

Сондай-ақ, палата күшімен ірі сауда орталықтарының басшыларымен жалға беру төлемін үш айға тоқтата тұру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілді. Тіпті, тоқтата тұру былай тұрсын, жалға құнын жарты бағасына түсіргендер де табылды. Солардың бірі – «Өнерпаз» мекемесі. Ал,  «Дина» мен «Насиха» сауда орталықтарының басшылары үш айлық каникул қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

Абдолла ИДРЕСОВ,

Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз