Атырауға келген Тимур Құлыбаев бизнесмендермен кездесті

«БИЗНЕСМЕН» Басты жаңалық Ел жаңалықтары Жаңалықтар Жаңғырту 3.0 Жолдау

Atr.kz/6 қыркүйек, 2019 жыл. Атырау облысы елдің жалпы ішкі өнімінің 15,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Аймақтың шағын және орта бизнес саласында 48,6 мың субъекті жұмыс жасайды. «Атыраудың «Қазақстанның мұнайлы астанасы» ат алуы заңдылық. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына өңірдің қосып отырған үлесі зор. Шикізат өндірісінің қарқынды дамуы бизнеске, қызмет көрсету салаларына үлкен мүмкіндік беріп отыр» деді жергілікті кәсіпкерлермен кездесуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев. Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Қазақстандық қамтудың жайы

Мұнайлы аймақтағы шетелдік компаниялар бизнесті магнитше тартып отыр. Мемлекет те «қазақстандық қамтуды» ұлғайтуға қолдау білдіруде. Бүгінде тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтудың үлесі 40-тан 49 пайызға дейін өсті. ТШО, КПО және НКОК компанияларының үлесіне саладағы сатып алулардың 77 пайызы тиесілі (4 трлн. 640 млрд. теңгеден астам). Тауарлар бойынша көрсеткіш 20 пайызды құрайды. Осындай зор мүмкіндікке ие кәсіпкерліктің дамуына облыста айрықша маңыз берілуде. Қазір 127 мыңнан астам адам осы бағытта еңбек етеді. Экономиканың табысын еселейтін жаңа құрылымдар пайда болуда. Биылғы алғашқы тоқсанда жалпы өңірлік ішкі өнім 2 трлн. 53 млрд. теңгені құраса, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі де өсті.

 – Өңірде кәсіпкерліктің дамуын экономикалық талдау мақсатында «скрининг» өткізілді. Бұл келешегі бар салаларды анықтауға мүмкіндік берді. Жергілікті жердегі ең көп сұранысқа ие бизнестік жеткілікті игерілмеген тұстар, компаниялардың мамандарға қажеттіліктері айқындалды. Атырау облысы осы бастаманы елімізде алғашқы болып жүзеге асырды, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

«Скрининг» шеңберінде 600-ден астам бизнестік  жеткілікті  игерілмеген тұс анықталған. Осының негізінде жалпы сомасы 397,6 млн. теңгені құрайтын 145 жоба қаржыландырылыпты. 169 жұмыс орнын құру көзделуде. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресовтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 27,6 млн. теңгені құрайтын 26 жоба (тігін цехтары, аспаздық, наубайханалар, жалюзи өндірісі, тағы басқа), ауыл шаруашылығында 48 (175,2 млн. теңге) және қызметтер бойынша 30 жоба (құны 13,8 млн. теңге) қаржыландырылған. Сауалнама Жылыой, Мақат және Исатай аудандарында суландыру жүйесінің құрылысын салу немесе қайта жаңғырту, Мұғалжар тауының етегі, Ембі өзені бастауының төменгі жағынан су бөгенін тұрғызу, агроаймақ қалыптастыру, инфрақұрылым жеткізу, тағы басқа өзекті мәселелерді жүзеге асырудың қажеттілігін анықтапты.

Жергілікті кәсіпкерлер палатасының басшысы өңірдегі бизнестің дамуы туралы баяндап, проблемалық тұстарға тоқталып өтті.

– Өңдеу  өнеркәсібі кәсіпорындарын скринингтеп, паспорттағанда облыста осы салада 1 128 кәсіпорын бар екенін анықтадық. Машина жасау кәсіпорындарының қуатының пайдаланылуы 20 пайызды құрайды. Сатып алуларға қатысу үлесі –5 пайыз. Соның салдарынан кәсіпорындар өсе алмайды, олардың тауарлық линейкасы кеңеймей, айналымдары өспей отыр,- деді А.Идресов.

Бұның бір себебі – кәсіпкерлердің мемлекеттік және квази сатып алуларға қол жеткізуінің күрделілігі, сондай-ақ, шетелдік қатысы бар ірі компаниялардың алдын-ала квалификациялық іріктеу талаптарына жергілікті өндірушілердің сай болмауы. Қуаттарының пайдаланылу төмендігі себепті машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 6 пайызды (584 млрд. теңге) құрап отыр, ал, өңдеудегі үлесі – небары 0,5 пайыз (2018 жылы 34,9 млрд. теңге). 

Абдолла Идресовтың пікірінше, шетелдік қатысы бар өндіруші компаниялардың алдын-ала квалификациялық іріктеулерінің жергілікті кәсіпорындардың өсуіне пайдасы жоқ. Жергілікті компанияларды үйрету, оқыту үшін құзыреттілік орталығын құру қажет.

 «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев мәселеге байланысты өз ойын айтты.

 –Мемлекеттік құрылымдар мен квазисектор біртектес өнімдерді сатып алады. Өкінішке орай, мемлекеттік сатып алу туралы заң сақтала бермейді. Статистика бойынша, мемлекеттік сатып алулардың 75 пайызы бір көзден алынады. Бірнеше жеткізуші қатысатын тендерлік рәсімдермен салыстырғанда  бағаның  жоғары болуы байқалады, кейде 30 пайызға дейін жетеді.

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен келісіміміз бар, сатып алулардағы бағалар мөлшерден асып кеткен жағдайларда, жауап қатылады. Мұндай жүйе осындай ақпаратты автоматты түрде беріп отырады. Бұл сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етеді деп ойлаймын және отандық тауар өндірушілер ұзақ мерзімді келісім шарттарға қатыса алады. Соның арқасында өндірісті жаңартып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға болады. Жер қойнауын пайдаланушылар сапа, баға талап ететіні түсінікті. Осы бағытта, соның ішінде өңірлік палата өз деңгейінде  жұмыстанамыз. Жұмыс ауқымы үлкен, облыс бойынша бюджеттен мемлекеттік сатып алулар көлемі 200 млрд. теңгеден астам. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларының көлемі де үлкен, – деді Тимур Құлыбаев.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев билік пен бизнестің қарымқатынасы мәселесіне назар аударды.

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы билік кәсіпкерлердің адалдығына, инабаттылығына назар аударатынын атап өтті. Бизнестің дамуы адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Мәселен, бір кәсіпкер автотұрақ ашу үшін алған жеріне жазғы кафе салып, нәтижесінде айналадағы үйлердің тұрғындары таңғы сағат 4-5-ке дейін шудан ұйықтай алмаймыз деп шағымданды. Оның себебін білейін деп барған әріптестерімнің үстінен кәсіпкер Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке арыз жазып, жаңағы қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарылды. Не үшін деген сауал туындайды.

Тұрақтылықты, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы орган ретінде біз бұған жауап береміз. Ал, бұл жерде мемлекеттік қызметшілер қараланып отыр. Сондықтан, бизнесмендерден түсіністікпен қарап, ақпаратты тек өзіне тиімді түрде ұсынбауды сұраймын. Қай бизнесмен де табыс түсіруге ұмтылады, бірақ, қоғамдық қауіпсіздік те маңызды екенін ескеруі керек,- деді Нұрлан Ноғаев.

Маман тапшылығы қалай жойылады?

Бүгінде Атырауда 3 жоғары және 25 орта-техникалық оқу орны бар. Мамандарды даярлауға 3 млрд. теңге көлемінде қаражат бағытталған. «Скрининг» адами капиталды дамыту, жоғары оқу орындары мен колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлуде маңызды болып тұр. Бұл микроқаржыландыру көлемін айтарлықтай өсіріп, анықталған жобаларға алғашқы кезекте назар аударуға мүмкіндік береді.

 – Мамандарды даярлау мәселесі облыс үшін әлі де өзекті болып отыр. Кәсіпкерліктің 5,5 мың субъектісіне жүргізілген сауалнама нәтижесінде 8,5 мың бос жұмыс орны анықталған. Ресми статистикаға сәйкес, бос жұмыс орындарының саны 4 есе аз. Облыстағы жоғары оқу орындары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары өткен жылы 6 мың маман дайындап шығарды. Бірақ, маман даярлауда теңгерімсіздік бар, – деді  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.

Тың бастаманың нәтижесі көптеген түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болмай отырғанын көрсетіпті. «Жұмыс берушілердің нақты қандай мамандықтарға мұқтаж екендігі байқалды. «Скрининг» деректеріне сүйенсек, онда еңбекпен қамтылу пайызы және сұранысқа ие мамандарды даярлау сапасы арта түседі» деді осы тұста палата басшысы.

Ал, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиеваның кадр тапшылығын жою үшін өзге өңірлерден жас мамандарды, жоғары оқу орындарының студенттерін тарту, оларға атаулы гранттар бөлу қажет деген ұсынысы бар. Кадр теңгерімсіздігі жоғары оқу орындарының рейтингі шеңберінде шешіледі. Аталған көрсеткіш түлектердің жұмыспен қамтылу үлесін, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары өзектілігін анық көрсетіп, мемлекеттік тапсырысты бөлуге әсер етуі тиіс. Тура осындай жұмыс кәсіптік-техникалық білім беру саласында қажет болып тұр. Осы орайда тұрғындарды қысқа мерзімді  оқыту жүйесі тиімді болғандығы ерекше айтылды.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *