Бірнеше миллиард АҚШ долларын құрайтын шетел инвестициясының қаншасы елде қалады?

«БИЗНЕСМЕН» Ел жаңалықтары Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/11 қыркүйек, 2019 жыл. Есепсіз соқыр тиын да шығармайтын шетелдік компанияларға қатысты проблема бар.

Бүгінде импорттаушылар мен отандық өнім өндірушілер үшін шарттарды теңестіру жайы қайта қаралуда. Сервистік қызмет көрсету бойынша орынды ұсыныстар айтылып жатыр. Ел Үкіметі мұнай-газдық машина жасау саласын дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады. Дегенмен, жер қойнауын пайдаланушылар «қазақстандық қамту» мәселесінде асықпайтын секілді. Олардың отандық сервистік құрылымдарға қатысты әрекеті балаға кәмпит ұстатқандай әсер қалдырады. Мұны себебі неде? Ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған миллиардтаған доллар қайда кетіп жатыр?

«Қазақстандық қамту» қалай жүзеге асуда?

Қазақстанда «қара алтынның» қазанын қайнатып отырғандардың қатарында әлемдік мұнай алыптары бар. Олар елімізге заманның озық технологиясын, жаңа құрылғысын әкелуде. Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов «қазақстандық қамтуды» көбейту, технологиялар трансферті мен тәжірибені игеруді қамтамасыз ету бүгінгі міндет болып отырғанын айтады. Оның баяндауынша, Энергетика министрлігі шетелдік ірі операторлармен, өзге құрылымдармен мұнай-газ саласындағы «қазақстандық қамтуды» ұлғайту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. – Теңіз кен орнындағы Үшінші буын зауытының құрылысы кезінде өндірісті орналастыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалды. Технологиялар трансфертін қамтамасыз ету, тәжірибе жинақтау мақсатында 10 бағыт бойынша бірлескен кәсіпорындар құрылды. Отандық мамандарды оқытуға, білімі мен біліктілігін арттыруға маңыз берілді. Соның нәтижесінде Келешек кеңею және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобаларын жүзеге асыру үшін қазақстандық компаниялардың шетелдіктермен 430 тікелей, 1100 қосалқы мердігермен келісім-шарт жасасуға қолы жетті, – деді министрдің бірінші орынбасары. «Теңізшевройл» биылғы жарты жылда 14,9 млн. тонна мұнай өндірді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 200 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, компания осы жылы 29 млн. тонна шикізат өндіргелі отыр. Қазір алпауыт құрылым ауқымды жобаларға 48 мың отандасымызды жұмысқа тартты.

 Мұнай «акулалары» – Атырауда

ТШО-ның баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жобаларды жүзеге асыру барысында 2200 қазақстандық компания алдын-ала іріктеуге қатысқан. Соның 1800-і квалификациалық бағалаудан өткен. «Келешек кеңею және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобалары қолға алынғалы «қазақстандық қамтуға» 6,7 млрд. доллар бағытталды» делінген хабарламада. Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов «Теңіз кенішіндегі жобаларды жүзеге асыру кезінде жергілікті қамтудың пайыздық көрсеткіші сақталып отыр» дейді. Осында жинақталған тәжірибе болашақтағы мұнай-газ саласын дамыту жұмыстарында қолданылады екен. Мәселен, көршілес облыстағы Қарашығанақты кеңейту жобасында жергілікті қамтуға 40 пайыз көлеміндегі өлшем белгіленген. Бұл – ақшаға шаққанда, 1,2 млрд. доллар. Ол Қазақстанда шығарылған тауарларды сатып алуға, жергілікті қызметті пайдалануға, тағы басқаға жұмсалады.

 «Атырау» газетіне арнайы сұхбат берген Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов «қызмет көрсету саласында алға ілгерілеушілік бар, мұнай «акулалары» осында шоғырланғандықтан, үлкен нарықты даладан іздеудің қажеті жоқ» деген пікірді ұстанады. – Бұл еліміздегі мұнай сервистік компанияларға мүмкіндік береді. Үлкен нарыққа даңғыл жол ашады. Оны отандық құрылымдар пайдалана білуі, ауқымды жобаларға тең дәрежеде қатысуға қол жеткізуі керек, – деді Рашид Жақсылықов. Отандық мұнай – газ саласындағы қызмет көрсету нарығында 1000-нан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Мұнда 170 мыңдай адам еңбек етеді. Саланың жылдық қаржы айналымы 2,2 трлн. теңгеден асуда. Одақтың төралқа төрағасының пікірінше, еліміздегі барлық мұнай-газ сервистік сатып алулардың 75 пайызы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі үш жоба операторының үлесіне тиесілі. Дегенмен, орайы келгенде айтпай кетпейтін мәселе бар. Бұл – қазақстандық сервистік кәсіпорындардың тиімді келісім-шарттардан әлі де шет қалып жатқандығы. Миллиардтаған қаржы қаралған тендерлер көбінде жабық жағдайда өтетіні, шетелдік компанияларға артықшылық берілетіні бүгінгі күннің шындығы болып тұр.

Қол жетпеген қаражат «PSA» ЖШС-нің (мұнайгаз жобалары бойынша ел Үкіметінің өкілетті органы) бұрынғы бас директоры, бүгінде Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Атырауға сапарында шетелдік жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты өткір сын айтты. Оның пікірінше, мұнай-газ саласындағы орасан зор қаражаттың көп бөлігі шетке кетіп жатыр. Отандық сервистік компаниялар өзінің мүмкіндігін тиімді пайдалана алмауда. – Өндіріс дамыса, оның ішінде өнім өндіретін өндіріс алға басса, ел экономикасына ерекше серпін береді. Шетелдік инвесторлар осы мәселені ескеруі қажет, – деген ол нақты мысал келтірді. Мәселен, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компаниясы газды кері айдайтын құрылғыларды сатып алмақ болады. Оның құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Шетелдегі құрылғыны жасаушы зауыттарға тікелей аударылады. Ал, сонда ел ырысының далаға шашылуына неге жол беріледі? Қаражат өзімізде қалса қаншама жұмыс орны ашылып, мемлекет қазынасына түрлі түсім, салықтар түсер еді…

Алайда, еліміздің мұнай-газ саласына жауаптылар олай ойламайтын секілді. Олар шетелдік компанияларға нақты талап қоя алмай отырғанға ұқсайды. Осы себептен тек Қарашығанақ емес, Атырау облысында да ірі жобаларды жүзеге асырушылар ірі технологиялық құрылғы, жабдықтардың бәрін шетелден тасуда. Сонда жергілікті өндіріс орасан зор қаражат жұмсалып жатқан жобалардан шет қала бере ме? Қазақстандық сервистік компаниялардың айналымға қаражатының жетпеуі де шешімін күткен мәселе болып отыр. Банктер отандық өндірісті қаржыландыруға ынталы емес. Несиелендірсе де орынсыз талап қояды. Мәселен, кепілге қойылатын мүліктің нарықтағы бағасы 10 миллион доллар болса, оны банк жарты бағасына бағалайды.

Керісінше, шетелдіктер көптеген артықшылықтарға ие. Өзіндік бренді бар компаниялар халықаралық қаржы ұйымдарынан төмен пайызбен несие ала алады. Кедендік, салықтық және өзге де жеңілдіктер бар. Осы мәселелерге Үкімет маңыз аудармаса, Қазақстанның экономикасына салынған инвестициялық қаражаттың басым бөлігі алдағы уақытта да шекара асып кете береді. Ал, ел келешегін ойласақ, бұған көз жұмып қарауға болмайды.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *