Бизнес – экономиканың басты тірегі

Әрбір төртінші атыраулық бизнеспен айналысады. «Мұнайлы өлке бойынша 57 мыңға жуық бизнес субъект бар. Олар 126,8 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы екі жылда өндірілген өнім көлемі 1 733, 9 млрд. теңгені құрады» деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шағын және орта бизнесті дамыту аясында екі мемлекеттік, екі өңірлік бағдарламаның іске асырылып жатқанын атап айтты. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 76 жоба іске қосылып, 139 жұмыс орны құрылған.

????????????????????????????????????

Басты жаңалық сол, жақында облыс орталығында «Толық форматтағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылады. Онда бизнес иелеріне қызмет көрсететін отыз мемлекеттік органның, даму және қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері орналасады. «Екі жүз адамды қамтитын күту залында кәсіпкерлерге жан-жақты қызмет көрсетіледі» деген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мұнда оқыту семинарларының да ұйымдастырылатынын айтты.

Атырауда индустриялық аймақ құру жоспарлануда. 240 га болатын арнайы жер учаскесі де бөлінген. Осы мақсатта атыраулық делегация Түркияның Ыстамбұл қаласына арнайы сапармен барды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 1986 жылы жұмысын бастаған Ыстамбұлдағы индустриялық аймақта қазіргі таңда 185 субъект бар. Аймақ қырық мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда Парламентте индустриялық аймақ жөніндегі заң қаралуда. Заң қабылданған жағдайда, аталған субъектілердің 20-30-ы біздің өлкемізге келеді. Бұл – әлемдік деңгейдегі жобалар бизнеске тартылады деген сөз.

Бейресми форматта өрбіген кездесу барысында кәсіпкерлер нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту кезінде туындайтын проблемалар, ауыл шаруашылығын білікті мамандармен қамтамасыз ету, туризмді дамыту сынды көптеген проблемалық мәселелерді көтерді.

????????????????????????????????????

Мұрат САРМАНОВ, меценат, кәсіпкер:

Скважиналық құдық қазған жөн

– Соңғы мәліметтерде Атырау өлкесінде жиырма бір суасты қоймасы бар екендігі айтылады. Су қоймалары Қызылқоға, Жылыой және Құрманғазыда орналасқан. Бүгінгі таңда өлкедегі ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде, мал шаруашылығы ауыз судан тапшылық көріп отыр. Осы ретте скважиналық құдықтар қазып, түпкі тереңдікке дейін бойласақ, мол су қорын ел игілігіне жаратар едік.

Екіншіден, облыста білім беріп жатқан кәсіптік-техникалық колледждерді пайдаланып, ауыл шаруашылығы мамандарын көбірек дайындауға көңіл бөлу қажет.

Ержан НҰРЕДЕНОВ, өнертапқыш, жас кәсіпкер:

Арнайы технопарк керек

– Оралда «Алгоритм», Өскеменде «Алтай», «Алматыда «Алатау» атты керемет технопарктер бар. Атырауда неге «Сарайшық» атты технопарк ашпасқа?

Атырауда мұнай-химиялық арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бірақ, ол мұнай саласындағы бизнес үшін ғана жұмыс істейді. Егер жаңа жобалар, стартаптарды іске асыру мақсатында екінші мамандандырылған экономикалық аймақ құрылса, бизнестің «екінші тынысы» ашылар еді.

Гүлжан ЕЛЕШОВА, әлеуметтік кәсіпкер:

Индер көліне жағдай жасалса…

– Атырау облысы – ерекшелікке толы аймақ. Өңірімізге туристер көптеп келеді. Өлкеміздің «қара алтын» өндірумен аты шыққандықтан, туристер тарапынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы музейді көріп, танысу бағытында ұсыныстар түсіп жатады. Соғыс жылдарынан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт бай тарихқа ие. Осы мәселе оңынан шешілсе, құба-құп болар еді. Екіншіден, табиғи емдік қасиеті дәлелденген Индер көліне де қызығушылық жоғары. Бірақ, ондағы Қыз әу-лиенің бейітін табу көп жағдайда қиындық тудырады. Қыз әу-лиенің бейітіне сілтеме көрсететін жол белгісі орнатылса және осы аймаққа күніне төрт мезгіл автобус жүргізу мәселесі шешілсе деген ұсыныс бар.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*