БІЗДІҢ МҰРАТЫМЫЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ

Ұлт жоспары – халқымыздың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс деңгейінің көтерілуінің, индустриялық-инновациялық даму нәтижесінде еліміздің озық отыз елдің қатарына енудегі негізгі іргетасы. Ұлт жоспары қазақстандықтар үшін ең алдымен ортақ іске айналуы тиістігін айтқым келеді. Оның негізгі ұстанымдары ел экономикасын әртараптандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру және жемқорлықпен күрес жолында бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру болып табылады.

Ұлт жоспары – тәуелсіздігіміздің 24 жылдық тарихындағы өзгелер қол жеткізе алмаған биік белестерді еңсерген тәуелсіз Қазақ елінің дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін жасалған ғасырлық межесі. Мұндай реформалардың табысты болуы үшін сөзсіз, ең алдымен, қоғамға кәсіби шеберлігі жоғары, инновациялық идеялары бар креативті мамандар қажет. Мұнымен қоса, мемлекетіміздің кәсіби аппараты қазіргі заман талабына сай қалыптасуы тиіс.

Халықтық реформаның адам капиталына, білім беру мәселесіне, ұлт әлеуетін арттыруына тигізер әсері орасан зор. Сондай-ақ, бұл реформаларды жүзеге асыруда елімізде саяси тұрақтылық пен этносаралық үйлесімділік, бірлік пен тыныштық болуы тиіс. Әлем елдеріне үлгі болып отырған ұлтаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісін одан әрі дамыту, халыққа осы жетіс-тігіміздің баға жетпес байлық екендігін түсіндіру – объективтік қажеттілік. Жүз нақты қадамның әрқайсысы да қоғамдағы басты құндылық – адам игілігіне арналған. Халықты ортақ мақсатқа ұйыстыруға, мемлекетті нығайтуға, жаңа заман талаптарына жауап беретін кәсіби шеберлігі жоғары маман дайындау секілді асқақ міндеттерді көздейтін мәні зор, мағынасы мол құжат.

Мемлекет басшысының 5 институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында облыс көлемінде насихаттау және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, Ұлт жоспарын насихаттауға барлық меншік нысанындағы өңірлік БАҚ-ды, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілердегі топтарды қатыстыру және тарту қамтамасыз етілді. Ғалымдар, интеллигенция өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, өңірлік Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы қатарынан насихаттау және түсіндіру жөнінде сөз сөйлеушілер тізімі дайындалып, олардың жұмыс тобы құрамында қала, аудан тұрғындарына насихаттау жұмыстары ұйымдастырылды. Ұлт жоспарын ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмысқа «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, қоғамдық келісім кеңестері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы, этномәдени бірлестіктер де тартылды.

Атырауда болып өткен экспедиция барысында да Ұлт жоспарының біртектілік пен бірлік тақырыптары бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында халықпен кездесулер ұйымдастырылып,  осы реформаны халық арасында кеңінен насихаттауға, оның жүзеге асырылуына айтарлықтай басымдық берілді.

Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ,

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*