БІЗ ТАҢДАҒАН ЖОЛ

 
ЫРЫС АЛДЫ –
ЫНТЫМАҚ

Ұлыбритания – әлемдегі ірі капиталистік мемлекеттердің бірі. Ол – жоғары дамыған өнеркәсіпті ел. Қазіргі заманғы Ұлыбританияның экономикалық рөлі тек өнеркәсіптік қана емес, сондай-ақ, банктік, сақтандыру, кемелерді жалға беру және басқа да іскерлік қызметтермен анықталады. Ұлттық жалпы өнімнің 30%-ға жуығы өңдеуші өнеркәсіп пен 45%-ы көлік пен байланыс, жеке сауда, сақтандыру, банктер мен басқа да қаражат мекемелерін, денсаулық сақтау мен білім беруді қамтитын қызмет көрсету саласынан түседі. Ұлыбритания экономикалық қуаты бойынша әлемде жетінші орында (АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Үндістан және Франциядан кейін). Еуропада Ұлыбритания – ауыл шаруашылығы өндірісінде ең жоғары дамыған мемлекеттерінің бірі.
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бастап орнады. Осы жылдар ішінде Қазақстан Президенті Ұлыбритания Біріккен корольдігінде бес мәрте болды. 1991 жылы Қазақстанда Маргарет Тэтчер, онан кейін корольдік отбасы мүшелері – Чарльз Уэльский ханзада мен Анна ханшайым, герцог Йоркский, бірнеше рет экс-премьер Тони Блэр болған еді. 1994 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасында достық пен экономикалық ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияларына, білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
1992 жылы Алматыда Ұлыбритания елшілігі, 1996 жылы Лондонда Қазақстан елшілігі ашылды. Ағылшынның «Бритиш Петролеум», «Шелл» және «Бритиш Газ» сияқты компаниялары Солтүстік-шығыс Каспий аймағында кен барлау, оны игеру жұмыстарына 1999 жылдан бастап араласты. Қазақстанмен жасалатын тауар айналымының көлемі жөнінде Ұлыбритания Еуропа елдерінің арасында бірінші орын алды. 2006 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 400 млн. фунт стерлингтен асты. Қазір Қазақстанда британиялық инвесторлардың қатысуымен 212 кәсіпорын тіркелген, оның 80-і – бірлескен кәсіпорындар.

БЕДЕЛ БИІГІ

Ұлыбританияның 77-ші Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға тұңғыш сапарын Елбасы Н.Назарбаев: «Екі ел қарым-қатынасындағы жаңа тараудың ашылуы» деп бағалады. Шынымен де, Британия үкімет басшысының 20 жылдан аса уақыт ішінде мемлекеттік сапармен Қазақстанға алғаш рет келуі – тарихи оқиға және екі ел үшін де тиімді кездесу. Сол себепті де Елбасы бұл кездесудің маңызын әзілмен астарлай отырып білдіруі тегін емес. Әрине, Британия Премьер-министрі Д.Кэмеронның қазақ жеріне алғаш аяқ басуы – бұл ең алдымен Президентіміздің әлем елдері көшбасшылары арасындағы биік беделінің, сындарлы саясатымен Қазақстанды әлемге паш еткен көрегенділігінің арқасы. Әлем таныған елден Ұлыбритания да алшақ кете алмайды, оның үстіне экономикалық мүдделік те бар.
Ұлыбритания Премьер-министрінің сапары Атыраудан басталғаны да айтарлықтай оқиға. Өйткені, аймақтың даму қарқыны соңғы жылдары үдеп келеді, ал, Каспий теңізі қайраңын, соның ішінде Қашаған кен орнын игеру жобасына бүкіл әлем назарын тігіп отыр. «Біздің еліміз Ұлыбританиямен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі. Сіздің сапарыңыз Қазақстанның жетекші мұнай аймағы – Атыраудан басталғаны өте жақсы. Қол қоюға әзірленген құжаттар, сондай-ақ екіжақты келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың жаңа серпіні болады деп сенемін» деген еді кездесу барысында Н.Назарбаев.
Бұл кездесуге Ұлыбритания Премьер-министрі де іштей алдын ала дайындалып келсе керек. Оның «Бүгінгі әңгімеміздің бәрі «Болашақ» туралы болмақ. Қазақта «құдықтан су ішкен құдықты қазғанға рахмет айтады» деген мақал бар деп естідім. Сондықтан, жобада тікелей жұмыс жасаған барша жанға алғыс айтамын» деген сөзі оған айғақ. Соған қарағанда, Кэмерон Қазақстанға тұңғыш табан тіремес бұрын, біздің елдің экономикалық-саяси бағытын, тарихы мен әдебиетін де бір шолып өтсе керек.

«БОЛАШАҚ» БЕРЕКЕГЕ
БАСТАМАҚ

Британия үкіметінің басшысы мен Қазақстан Президентінің Қашаған кен орнындағы «Болашақ» зауытының ашылу салтанатында Д.Кэмерон Қашаған жобасы Қазақстанның мұнай-газ саласы дамуының символы саналатынын атап өтті. «Мен британдық «Шелл» компаниясының Қашаған жобасын жүзеге асыруға атсалысқанын қуанышпен айтқым келеді. Біріккен Корольдік компаниялары күрделі экологиялық жағдайлардағы әзірлемелер жөнінде озық технологияларға ие. Солтүстік теңіздегі бірлескен жұмыстар үшін олар әрқашан жергілікті серіктестер табуға талпыныс жасайды», – деді Ұлыбритания Премьер-министрі. Д.Кэмерон сондай-ақ, екі елдің инвестиция ағынын қамтамасыз ете отырып, бизнесті және сауда-экономикалық байланыстарды белсене дамыта алатынына сенім білдірді.
«Біз мұнай-газ саласында ғана емес, білім беру, мәдениет және Қазақстан үшін стратегиялық маңызды өзге де бағыттардағы ынтымақтастықты дамытатын серіктес болғымыз келеді. Мен 30 шақты ұлыбританиялық кәсіпорын өкілдерін ерте келдім. Бұл өз еліміздің азаматтарын жұмыспен қамтуға пайдасын тигізеді. Қазақстанның да тез дамып келе жатқан экономикасына септігін тигізеді» деді ол.

КЕЛЕШЕКТІ КӨЗДЕГЕН КЕМЕҢГЕРЛІК

Астанада екі ел арасында тұңғыш рет стратегиялық әріптестік жөнінде келі-сімге қол қойылды. Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, бұл шынымен тарихи оқиға болды. Британ үкімет басшысы да зор ықыластық танытты.
– Айта кетерлігі, Мен Қашаған кен орнындағы көріністен зор әсер алдым. Ол мені екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік аясындағы қарқынды қарым-қатынастың маңыздылығына, мүдделі екендігімізге көзімді жеткізе түсті, – деді осы орайда Д.Кэмерон.
Ұлыбритания – Қазақстанның ірі серіктестерінің бірі. Біздің елімізде британдық капиталдың қатысы бар 600-ден астам компания әртүрлі салада жұмыс жасайды. Энергетикалық салада да ынтымақтастық дәстүрлі түрде дамуда. 2012 жылы екіжақты тауар айналымы көлемі 2,3 млрд. долларды құрады, биылғы жылдың төрт айында аталған көрсеткіш 610 млн. долларды көрсетті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15,7 пайызға артық. Соңғы үш жылда Ұлыбритания Қазақстан экономикасының үшінші инвесторы (Нидерланды мен АҚШ-тан кейін). ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына тікелей Британ инвестициясының көлемі 11,7 млрд. долларды құраған.
Екіжақты стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімнің тиімділігі айқын. Президент Н.Назарбаев біз үшін энергетикалық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.
– Британдық компаниялар «Қарашығанақ» жобасын жүзеге асыруға, Каспий құбырлары консорциумының өткізу қабілетін арттыруға және «Жемчужина» блогын өңдеуге белсенді атсалысып отыр. Біз Д.Кэмерон мырзамен бірге Солтүстік Каспий жобасының маңызды өндірістік нысандарының бірі – мұнай мен газды тазалау жөніндегі «Болашақ» зауытын іске қостық. Мұнымен әлемдегі ірі кен орындарының бірі – Қашаған мұнайын өнеркәсіптік өндірудің мүмкіндігі ашылады. Атырауда интеграцияланған газхимиялық кешен құрылысының екінші бөлігі жалғасуда. Бұл және өзге де жобалар Қазақстанның энергетикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Біз Ұлыбританиямен энергетикалық диалогты «шикізатты инвестиция мен озық технологияға айырбастау» формуласында бұдан әрі де жалғастыруға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы былтырғы жылы екіжақты дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл толғандығын атап өтті. Жаңа кезде де ынтымақтастықты күшейте түсуге мүмкіндік мол. Нұрсұлтан Назарбаев жаңару энергетикасы мен «жасыл» экономика саласын дамытуды да Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экономикалық қатынасты нығайта түсу деп санайтынын айтты. Бұл британдық үкіметтің де мақсат-міндеттерімен үндес екен. Осы негізді бекітудің бір парасы Қазақстанда «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу болып отыр, өз кезегінде Елбасы британдық компанияларды аталған көрмеге қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы екі еларалық келіссөз барысында көлік, соның ішінде азаматтық авиация, сондай-ақ ғарыштық жобалар талқыланғандығын да атады.
– Біз бұдан былай да «Эйр Астана» маршрутының географиясы мен ұшу қауіпсіздігін көтеруге бірлесе күш салатын боламыз. Сонымен қатар, жаңа спутник құру мен біздің елімізге жаңа технологияларды беру бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ мен британдық ССТЛ арасында келісім-шартқа қол қойылуын мақұлдаймыз, – деді Н.Назарбаев.

МҮДДЕ БІРЛІГІ

Бұл кездесулер екі ел үшін де пайдалы болды деуге толық негіз бар. Кездесудің соңында Д.Кэмерон алға қарай ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екендігін тағы бір мәрте қайталап өтті.
– Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз қарым-қатынасымызды өте ауқымды түрде нығайта түскіміз келеді. Келісімге қол қою арқылы біз оның жаңа белесіне шықтық деп есептеймін. 2017 жылға дейін біз тауар айналымын екі есеге арттырғымыз келеді. Соған орай қазақстандық компанияларды британдық экономикаға инвестиция жасауға шақырамын. Сондай-ақ, виза мәселесін шешуге де әзірміз. Өйткені, Қазақстан Британия азаматтарына виза беруді жеңілдетті, ендігі кезек бізде. Біз білім саласында да қарым-қатынасымызды нығайтып, «Болашақ» стипендиясы бойынша оқып жатқан студенттер қатарын көбейткіміз келеді. Қазақстанның болашағы өте зор, ал Ұлбыритания осы болашақтың маңызды бөлігі болады, – деді Премьер-министр Д.Кэмерон.
Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстанға келуі біздің елдің абыройын асқақтата түседі. Өйткені, бұл кездесу барысында тұңғыш рет екі ел арасында ұзақ жылдарға арналған стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Келісімде екі елдің саяси-экономикалық қарым-қатынасының даму үрдісі түгел қамтылды. «Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздігіміз» деп Елбасының атап өткеніндей, тәуелсіз ел атанған біз таңдаған жолымызбен адаспай келе жатырмыз.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*