«Біз саған сенеміз, Әнуар!»

Облыстық спорт және денешынықтыру  басқармасы  басшылары мен жанкүйерлер  жерлесіміз, дзюдошы, РиодеЖанейрода өткен ХХХІ жазғы Паралимпиада ойындарына  қатысқан  Әнуар Сариевті халықаралық әуежайдан зор қошеметпен күтіп алды. Қолдарына құшаққұшақ гүл, шарлар мен жылы лебіздер жазылған плакаттарды ұстаған жұртшылықтың қуанышында шек болмады.

%d1%81%d0%bf%d0%be%d1%80%d1%82

Атыраулық дарынды жас балуан Әнуар Сариевтің татамиде таныла бастағанына аса көп уақыт өткен жоқ. Қазақстандағы белдесулерде қарсыластарын бет қаратпай ұтатын Әнуар халықаралық жарыстарда да талай рет алдан көрінді. 2014 жылы Кореяда өткен Параазия ойындарында ол бесінші орынға ие болды. Жігерлі жігіт өткен жылғы додаларда да  аянып қалмады. Нәтижесінде, маусым айында Оңтүстік Кореяның  астанасында өткен «IBSA» атты зағиптардың әлемдік ойындарында бес бірдей қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, қола медальды ұтып алған болатын. Бұл Әнуар балуанның халық-аралық жарыстағы алғашқы ірі табысы еді. Осы жеңіспен бірге оған Рио-де-Жанейро  паралимпиадасына бару мүмкіндігі туындаған.

Қазақстанның намысын қорғаған  60 кг салмақта Әнуар Сариев алғашқы белдесуінде Лондон Олимпиадасының чемпионы Рамин Ибрахимовтан жеңіліп қалды. Алайда, отандасымыздың қола үшін күресуге мүмкіндігі болған. Бірінші жұбаныш белдесуінде Әнуар Аргентина спортшысын иппонмен жеңді. Бірақ, келесі айналымда уругвайлық Боргес Хенгримен белдесіп, жеңіліп қалды.

– ХХХІ жазғы Паралимпиада ойындарына біздің дайындығымыз өте жақсы болды. Негізінен жүлде алуға мүмкіндігіміз жоғары еді. Жарыс алаңында Әнуар сырқаттанып, соның салдарынан салмағы түсіп кетті. Сол себепті, өзінің күш-қуатын тиімді пайдалана алмады. Біздің ойымызша, бұл жарыстың  соңы емес. Бұйыртса, Токиода болатын Олимпиадада Атыраудың спортшылары үлкен жеңіске жетеді деп ойлаймыз. Егер еліміздің даңқын шығаратын осындай спортшыларымыз көп болса, Қазақстанның беделі әлі де асқақтай түседі, — дейді бапкері Жандос Қиянов.

Биыл 161 ел қатысқан Рио-де-Жанейродағы жазғы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 11 спортшы барған. Бір алтын және бір күміс жүлде еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық көрсеткіш бойынша 58-ші орында тұр.

Абай Ақмұрзиев

Суретті түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*