БІЗ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

Ауру айтып келмейді. Аяқ астынан басым айналып, қызуым көтеріліп, көзім қарауытып, әлсірей бастадым. №3 емханадағы учаскелік дәрігеріме барып қаралып едім, анализ жасаттырды. Оны тексерді де, қауіпті ештеңе жоқ деп, мұндай жағдайлардың болып тұратынын айтты. ЭКГ-ге, УЗИ-ге түскім келіп еді, «ЭКГ жұмыс жасамайды, ал, УЗИ-ге басқа жерге барасыз» деп қысқа қайтарды. Жағдайым нашарлай берген соң жеке клиникаға бардым. Ондағылар қарады да, соқыр ішек екенімді, тез арада ауруханаға жатуым керек екендігін шұғыл ескертті. Содан облыстық ауруханаға ота жасалып, бір аптадан кейін үйге шықтым. Бірақ, қызуым түспейді, бойымда әлсіздік. №3 емханаға тексерілуге бардым. Мұнда хирург маман жоқ екен, орнына травматолог қарап, «спаечный болезнь» деген болады» деп еш ем берместен тағы шығарып салды. Үйге келіп интернеттен қарап, мұндай жағдайда қызу көтерілмейтіндігіне көз жеткіздім. Ауру жаныма батып барады. Амалсыздан Мәжіліс депутаты А.Соловьевамен хабарласып, мән-жайды айттым. Сол кісінің араласуымен денсаулық сақтау министрлігіне шығып, дәрігер қайта қарап, отаның орнының іріңдеп кеткендігін айтып, мені екінші рет ота үстеліне жатқызды. Әлі де ауруханада жатырмын. Жағдайым жаман емес.
Мен жоғары білімім бар, көзім ашық, қоғам өмірінен қалыс қалмай жүрген жастардың бірімін. Интернет қарадым, әрі жүгірдім, бері жүгірдім, әйтеуір, жаныма араша таптым дейік. Ал, бұған мүмкіндігі жоқтар қайтеді? Қазір медицинаның дамыған кезі. Жүрекке ота жасалып, талай науқастың бетін бері қайтарып жатқанда, соқыр ішек дегеніміз аса қорқынышты ауруға саналмайтын тәрізді. Меніңше, бұл жерде бар кінә дәрігерлердің кәсіби сауатсыздығынан және қызметіне немқұрайлы қарағандығынан деп есептеймін. Өйткені жан-тәнімен «осы науқасты емдейін» деп құлшыныс танытқан ешкімді көрмедім. Атүсті, құлықсыз ғана бірнеше сұрақ қояды да, ұзын-сонар жазуға кіріседі. Мұндай жағдайлардың талайы болып жатқан шығар. Бірақ, бұрыннан қанағатшыл қазақ «жаным қалды ғоймен» ашып ештеңе айтпайтын сияқты.
Жалпы медициналық қызметке, дәрігерлердің барлығына күйе жағудан аулақпын. Бірақ, ақ халаттылардың беделін түсіріп жүрген шала мамандардың да бары адамзатқа жасалған қастандық деп түсінемін.

Дамир ИДРИСОВ,
Атырау қаласының тұрғыны.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ЖЕДЕЛ МЕ?

Мен Атырау қаласында тұрамын. Жасым жетпіске таяу. Үлкен кісі болғасын жиі ауырып қаламын. Балалар жедел жәрдем шақырып жүгіріп жүреді. Жаның қиналғанда екі көзің есікте болады екен. Қанша үздіккенмен «жедел жәрдеміміз» еш уақытта тез келіп көрген емес. Кем дегенде бір сағат-сағат жарым күтеміз.
Қайталап телефон шалсаң, әр жағындағы кезекші асықпай-саспай барлық өмір тарихыңды сұрайды, «тезірек» десең, «вызов көп, күтіңдер» деп телефон құлағын тастай салады. Балалар қиналғаныңды көріп, тағы телефон соғады. Тағы да сол созылған, ұйқылы-ояу дауыс «айттық қой, вызов көп, барады» дейді. Осындай жағдайлардан кейін балалар таныс дәрігерлерін әкеліп, тезірек ем көрсету жағын қарастыруды үйренді. Қан қысымы түсіп, жүрек соғысын реттегеннен кейін жедел жәрдем келеді. Қабақтары тарс түюлі күйде төрге өтеді де, әрі қарап, бері қарап «бәрі жақсы» деп шыға жөнеледі.
Сондықтан, ең алдымен алғашқы көмек беретін «жедел жәрдем» жұмысын реттеу керек. Дер кезінде алғашқы көмек көрсету – көп адамның өміріне араша болары сөзсіз. Үкімет көлік бөліп, көмектесіп жатыр. Бірақ, жұмысты дұрыс ұйымдастырып, бақылауға алу кемшін болып тұрған сияқты. Сондықтан, мекеменің бас дәрігері айтылған мәселеге көңіл бөлуге міндетті деп ойлаймын.

Сүйіндік ЖАНАЙ,
Құрманғазы ауданы.

ЖЫЛЫ СӨЗ ДЕ – ЖАНҒА ШИПА

Ашығын айту керек, соңғы кезде өзіміздің бас басылымымыз «Атырау» газеті көп көкейінде жүрген мәселелерді жиі көтеріп жүр. Бүгінгі күні де қолыма қалам алуыма себепші болған газеттің 9 ақпан күнгі №15 санында жарық көрген «Дертке дауа таптыңыз ба?» атты «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге арқау болған жағдайлар. Жасыратыны жоқ, бұрын тек қол жеткен жетістіктер, жасалған істер жөнінде айтылып, құр мақтанға, тізіле берілген сандық көрсеткіштер туралы деректерге баса көңіл бөлінетін.
Ал, халықтың тіреліп отырған проблемалары көлеңкеде қалып қоя беретін еді. Бұл жолы сол қатып қалған сең жібігендей болып, барлық мамандар бас қосып, кемшіліктер мен оларды шешу жолдары туралы ой бөліскен екен. Мен осыған қуанып қалдым.
Менің бұл айтылғандарға қоспағым мынау еді. Байқап отырсақ, тегін дәрі-дәрмектің жетпеу себебі – учаскедегі аурулардың есебін дұрыс шығармаған дәрігердің кінәсі, шақырғанда дер кезінде келмесе, тағы да учаскелік дәрігер кінәлі, дәрінің сапасына көңіл бөлмей, «сары картаны» толтырмай отырғандар да дәрігерлер. Сонда сол дәрігерлер еңбек ететін емхананың басшылары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қайда қарап отыр? Онсыз да алдына барған отыз минуттың жиырма бес минутын жазумен өткізетін дәрігердің бұл жұмыстарды жасауға мүмкіндігі бар ма, ең бірінші соған қарау керек деп ойлаймын.
Мен жасым келген адам болғасын, ауырып-сырқауым баршылық, дәрігерлерге жиі қараламын. Кейде науқасқа шипа болатын дәрігердің жылы жүзі мен жылы сөзі ғой. Өкінішке орай, осы жағы бізде жетпей жатады. Басшылар бас болып, қарауындағы дәрігерлермен тығыз жұмыс жасаса, мүмкін мұндай жағдайлар кездеспес еді. Осыны да бір ойланып көрейікші.

Саламат ӨТЕМҒАЛИЕВ,
Жылыой ауданы.

АНТЫҢА АДАЛ БОЛ, ДӘРІГЕР!

«Атырау» газетінің өткен сенбілік нөмірінде редакцияның ұйымдастыруымен өткен денсаулық сақтау саласына қатысты «дөңгелек үстелдің» мақаласын түгелдей оқып шықтым. Шын мәнінде, өте сәтті шыққан екен. Қазір денсаулық сақтау саласы төңірегінде проблемалар жетерлік. Медицина қызметкерлеріне де халық наразылығын жасырмайды.
Бұған себеп – дәрігерлердің науқаспен дұрыс қарым-қатынас орната алмауы. Бір жерің ауырып қаралуға барсаң, бір-біріне сілтеп, жөнді еш нәрсе түсіндірмей, күн ұзағына кезекте тұрып, ең соңында «қайдан келдімге» қаласың. Халықтың бәрі сауатсыз емес. Мақаладан оқып отырғанымыздай, екі тарапта да шешімін күтетін мәселелер жетерлік екен. Осы жәйттарды дәрігерлер халыққа түсінікті тілмен жеткізсе, еш дау туындамас еді деп ойлаймын. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Халықтың алғысына бөленіп жатқан ақ халатты абзал жандар да бар. Міне, осылардан үлгі ала білу керек.
Сондай-ақ, дәрігерлер өзі қағаз толтырудан арылу үшін дәрінің сапасыздығын көре тұра, бұған көз жұма қарап, науқасты бұдан бетер улап жатқандарын оқып, жағамды ұстадым. Әр дәрігер әр науқас үшін жауапты. Оның адамзат алдындағы басты парызы да – осы. Бір диагнозбен емделуге келген науқас сапасыз дәріге уланып, екі-үш ауруды арқалап кететін болса, келешек күніміз не болмақ? Еліміздің болашағы – сау ұрпақта деген қағидамыз қалай орындалады. Бұл халыққа, басшыларға үлкен ой тастаған басқосу болды деп сенемін.

Самал САПАРОВА,
газеттің тұрақты оқырманы,
Махамбет ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*