«Біз еріктілерге сенеміз»

Бұған дейін газетімізде Алматыда өтетін XXVIII дүниежүзілік қысқы Универсиаданың еріктілер тобына іріктелген үш мың қазақстандық және шетелдік студенттің арасында атыраулық Берік Фазылов, Айдана Медеева, Дәурен Жармұханов, Айкенже Жасұланова және Гүлнұр Қабдоловалар бар екендігін хабарлаған болатынбыз. Жаһандық дода қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев облыс атынан дүбірлі додаға баратын еріктілерді қабылдап, ақ жол тіледі.

біз еріктілерге

– Өткен жыл еліміздегі айтулы кезең болды. Қазақ жеті санын жақсылыққа балайды. Биылғы 2017 жыл да үлкен жетістіктермен басталып жатыр. Соның бірі – дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алматыда өтуі. Үлкен шараға аттанғалы отырсыздар. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктелуде. Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар, спортшылар Қазақ елі туралы түсінікті сіздерге қарап қалыптастырады. Ең бастысы, қонақтарды барлық талап дәрежесінде қарсы алып, қонақжайлылығымызды паш ету керек.

Еріктілерге барлық жағдай жасалуда. Орналасатын орындары – Атлеттер қалашығында белгіленген. Арнайы киім бөлу, тамақтану, ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселелері толық шешілген. Облыстың абыройын арқалаған үш спортшымызбен қатар, сіздерге де үлкен сенім артып отырмыз. Мұндай ауқымды шараларға қатысу үлкен мақтаныш сезімін кернейді. Биыл елімізде тағы бір басты шара – ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Соған да еріктілерді тартпақпыз, – деп облыс әкімінің атынан сәт сапар тілеген Әлібек Ибатоллаұлы арнайы кеуде белгілерін тарту етті.

Еріктілер атынан сөз алған  Айкенже Жасұланова сенім білдірген облыс басшылығына алғысын айтып, еліміздің мәртебесін биіктету жолында еш аянбайтындарын жеткізді.

Айта кетсек, Алматы қаласындағы студенттік аламанға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекцияның мәлімдеуінше, қазіргі таңда оңтүстік астанада Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысатын еріктілерді іріктеу байқауы аяқталды. Еріктілерді жинау кезінде 14 мыңнан аса өтінім келіп түскен. Белсенді студенттерді іріктеу, ең алдымен, Универсиада сайтында сауалнама толтырылып, кейін онлайн-әңгімелесу арқылы жүзеге асты. Арнайы комиссия жастардың, әсіресе, көп тілді меңгеруіне баса назар аударды.

Салем, УНИВЕРСИАДА!

Әлемдік додаға дайын

Жуырда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың  төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында қаралған мәселенің бірі – Алматыда өтетін 28-інші қысқы Универсиадаға дайындық.  Айта кетсек, дүниежүзілік дүбірлі доданың басталуына сегіз  күн қалды.

Төрткүл дүние көз тігетін байрақты бәсекеге дайындық бағытындағы жұмыстар туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндап, бүгінде жылдың басты спорттық шарасында өнер көрсету үшін студенттердің құрама командасын дайындаудың соңғы кезеңі жүріп жатқанын айтты.

40 санитарлық автокөлік – кезекшілікте

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, қажетті көмекті көрсетуге 215 жедел жәрдем көлігі әзірленгенін, 40 санитарлық автокөлік спорттық және спорттық емес нысандарда кезекшілік жүргізеді. Қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмектер қорымен жабдықталған бригадалардың кезекшілігі Универсиаданың барлық спорттық нысандарында жүргізілетін болады.

Серік Сәпиев – атлетикалық ауыл мэрі

Ең алғашқылар болып Қазақстан мен Канада командалары келе бастайды. Ал, 25-29 қаңтар аралығында атлетикалық ауылға келген командалар үшін қарсы алу бойынша салтанатты рәсімдер өтпек. Атлетикалық ауыл мэрі Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев болды.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәлімдеуінше, жарыс кезінде құқық қорғау органдарының 7,5 мыңнан астам қызметкері мен әскери қызметкерлер, оның ішінде 150 кинолог пен жарылғыш заттар бойынша мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.

80 елге хабар таратылады

Елімізде өтетін ірі халықаралық шараның ақпараттық жағынан қамтылу жағы да ауқымды болмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан Универсиаданы өткізетін ел болғандықтан, хабар тарату құқығы отандық телеарналарға тегін берілетінін айтты. Ал, жалпы алғанда,  хабарлар 80 елге таратылып, 1 млрд. аудиторияны қамтымақ. Универсиада ойындарынан 200-ден астам тікелей көрсетілім ұйымдастырылады.

Елуге жуық ел өкілдеріне – визасыз кіру мүмкіндігі

Биылғы Универсиада астанасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, бүгінде спорт, көлік және қоғамдық нысандар, сонымен қатар, қала қызметтері ауқымды шараны өткізуге сақадай сай тұр. Сондай-ақ, ол бүгінде мәлімделген 60 елдің 57-сі тіркеуден өткенін, бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш болып саналатынын айтты. 45 ел үшін визасыз кіру қамтамасыз етіледі, қалған 12 команда жеңілдетілген түрде виза алатын болады.

86 жүлде сарапқа салынады

Шараға қатысатын командалардың құрамы анықталған. Айта кетсек, биылғы студенттік дода спорттың 12 түрі бойынша өткізіліп, 86 медаль сарапқа салынбақ.  Министрдің айтуынша, Универсиадаға Қазақстан атынан жарыс бағдарламасына енген барлық спорт түрлері бойынша 168 спортшы мен 65 жаттықтырушы қатысады.

Ал, жалпы әлемнің 60-қа жуық елінен 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Конькимен жүгіру спортына – 14, шаңғы жарысына – 11 және шорт-трекке  сегіз медаль жиынтығы берілмек.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*