«Біз Астанада оқимыз!»

Әлем картасындағы жаңа шаһар – Астанада «жаңа қырыммен таныламын» деушілерге мүмкіндік мол. Әсіресе, жас буын өкілдеріне еш кедергі жоқ. Елордаға келген бойда алатын ерекше әсердің өзі неге тұрады? Сондықтан да болар, «алтын ұядан» түлеп ұшқан түлектер осындағы жоғары оқу орнынан білім алуды армандайды. Үмітті алдамай, бүгінде астаналық студент атанған бір топ жаспен тілдесудің сәті түскен еді.

«Біз Астанада оқимыз!» Акерке-Сакембай

Ақерке СӘКЕМБАЙ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:

– Міне, елордаға келгелі бір жыл зымырап өте шықты. Мектеп бітірген соң менде екі таңдау болды: Астана немесе Алматы.

“Қызым, анаң екеуміз сенің Астанада оқығаныңды, білімді болғаныңды армандаушы едік. Міне, енді елордада оқисың. Білімді де парасатты адам ретінде қалыптасып, ата-анаңның мақтанышы болғаныңды қалаймыз”, – деген әкемнің бірауыз сөзі Астанадағы оқу орнын таңдауыма себеп болды.

Әсем қалаға бірден бауыр басып кеттім. Әсіресе, сол жағалаудағы Ақорда, Бәйтерек, Министрлер үйі, тағы басқа әсем ғимараттар мен даңғылдарды көргенде арманыммен қауышқандай сезімге бөлендім. Иә, Астана – үкілі үмітпен жарқын болашағын жақсылықтан іздейтін жастар қаласы. «Сол жастардың бірі – менмін!» деп мақтанышпен айтамын.

«Біз Астанада оқимыз!» Сәтберген-Дәурен

Дәурен СӘТБЕРГЕН, Қазақ ұлттық агротехникалық университетінің студенті:

– Еліміздің астанасы Алматыдан – Астанаға ауыстырылып жаңа бағытпен дами бастағанына міне, 20 жыл толды.  Өте аз уақытта елдің көркеюі таңғаларлық жағдай болды. Астанадағы «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы, Бәйтерек монументі, «Думан» мұхит аралы, Нұр-Астана мешіті, Президенттік Мәдени орталық, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Ақорда, Қазақ елі монументі, Конгресс-Хол ғимараттары ару қаланың көркін одан сайын аша түседі. Мен де болашақ сәулетші ретінде Астананың ендігі бой көтеретін ғимаратында өз қолтаңбамды қалдырсам деймін.

Отанымыздың жүрегі – Астанамыз тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Біз сияқты білім іздеп келген жастарды болашаққа бастайтын елордамыз өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналды.

«Біз Астанада оқимыз!» Қанатова-Жұлдыз

Жұлдыз ҚАНАТОВА, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт-тық университетінің студенті:

– Мен үшін Астана — ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мен биік мақсаттардың мекені. Болашағын елордамыз Астанамен байланыстарған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі — ғылым-білім, келесісі — жаңа орта, мүмкіндіктер мен идеяларға толы жарқын болашақ. Бұл қалада үнемі қайнаған тіршілік, бәсекелестік өте жоғары. Ал, бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік болады.

Біз сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Жиырма жылда елордамыз ғажайып шаһарға айналды.

«Біз Астанада оқимыз!» Жұпар-Хамит

Жұпар ХАМИТ, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистранты:

– Астанаға деген мақтаныш әрбір қазақстандықтың жүрегінде жатыр деп ойлаймын. Астана жыл сайын құлпырып келеді. Әсіресе, кешкілік түнгі шамдары самаладай жарқыраған шаһардың келбеті адам танымастай өзгереді. Есілдің сол жағалауының көркіне көз тоймайды, кешкісін осындай уақытта достарыммен серуендегенді ұнатамын. Бос уақытымызда Астана опера театрына барып, рухани азық алуды да ұмытпаймыз.

Отанымның елордасы – Астананы ештеңеге теңгермеймін, думаны мол студенттік шақтың, жалынды жастықтың ордасы әрдайым жүрегімнің түкпірінде тұрады.

«Біз Астанада оқимыз!» Зайденов-Санжар

Санжар ЗАЙДЕНОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, Астана — бүгінгі күні үш тілділіктің дамыған ордасы. Мұндағы жастардың дені үш тілдің де маңыздылығын жете түсінеді.

Астанада жаныңа керектің бәрі бар. Оның артықшылығын пайдалана білу — әр адамның өз қолында. Себебі, Астана — ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы астас-қан жұмбақ қала болғанмен, оның тұрғыны атану кез келгеннің басына қонбайтын бақ.

Пікірлерді жазып алған Майра Оразғалиева.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*