БИЫЛ – ЕЛ БІРЛІГІ ЖЫЛЫ

… Тәуелсіздігімізді жаhанға жар сала әйгілеп, егемен ел екенімізді жариялағанымызға бірнеше жыл ғана болған, әлі кеңестік империядан мұраға қалған күйреген экономиканы жолға қоюмен арпалысып жатқан 1995 жылдың көктемінде Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

– Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген  үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде-ақ бұл жаңа құрылымның қоғамдағы рөлі мен басты мақсаты, қызметінің негізгі контурлары анық көрініс тапты.

Міне, содан бері сынаптай сырғып тарихи оқиғаларға толы 20 жыл өтті. Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма жылдағы Қазақ елінің тарихы. Бұл кезеңде этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі беріліп, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнайы Заң қабылданды. Бүкіл ел болып талқылаған «Ел бірлігі доктринасы» өмірге келді. Ал, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» ел бірлігін нығайтудың стратегиялық бағытын нақтылай түсті. 

Елімізде 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, олардың құрамында 67 мыңнан астам адам бірлік пен ынтымақтастықты дамыту жолында белсенді қызмет атқаруда. Біздің облысымызда да 17 этномәдени бірлестік бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиевтың мәліметінше, қазір мұнайлы өңіріміз тұрғындарының  91 пайызы – қазақтар болса, 33,6 мың орыс, 2,9 мың корей, 2,3 мың татар, 1,1 мың өзбек бар. Қалған ұлт пен ұлыстар саны мыңға жетпейді. Қалың қазақ шоғырланған облысымызда өзге диаспора өкілдеріне деген құрмет пен шынайы бауырластық ахуал қалыптасқан. Өткен Жылқы жылының бір ерекше тартуы – Атырауда олар бас қосатын «Достық үйінің» ашылғандығы.

Халқымызда мынадай бір тамаша тәмсіл бар: «Бақ қайда барасың?» десе, «Ынтымаққа барамын» дейді екен. Күні кеше Президентіміздің өзі арнайы қатыса отырып өткізген телекөпірде қорытындыланған алғашқы бесжылдықтың жарқын жетістіктері де – осындай ынтымақ-бірлігіміздің бақ-берекеге бастағандығының жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі шет мемлекеттерге де үлгі болып отыр. Қазақ елінің бұл бағыттағы тәжірибесі Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елдердегі елшіліктеріне таратылғандығы – мұның айқын айғағы.                                         

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*