БИЫЛҒЫ БАҒДАР: Сізге не ұсынамыз?

«БИЗНЕСМЕН» Агрокешен АПТА: түйін Арнайы жобалар Астана Атырау газетіне - 95 жыл Атыраудың ардақтылары Аудан хабарлары Білім БАЙҚАУ: Қайдасың, бұрынғының бұрымдысы? Бас редактор мінбері Басты жаңалық Газет және оқырман Газеттер Дін Ел жаңалықтары ЖАСТАР ЖЫЛЫ Жаңалықтар Жаңғырту 3.0 Жолдау Журналистік зерделеу Заң КЕЗЕКШІ БАҒАНАСЫ Керек кеңес Медицина Мәдениет Мәселе Не көріп жүрсіз? Рухани жаңғыру Руханият Саясат Спорт Сырқайнар Сұхбат Тұлға Шаһар шырайы Экология Экономика Қоғам Қылмыс Құқық Ұлы даланың жеті қыры ӘДІЛЕТ ӘЛЕМІ Әдебиет Әлем жаңалықтары Өлеңдер

Қадірлі оқырман! Міне, Жаңа жылдың алғашқы онкүндігін де артқа тастадық. Осы сәтте өткен жылдың біз үшін – «Atyraý» газеті ұжымы үшін ерекше мерейлі бір белес, ақпарат айдынындағы шығармашылық табысты еселей түскен айрықша асу болғанын түйсінеміз. Өйткені, біз қаншама буынның талайлы тағдырларын тоғыстырған байырғы басылымның 95 жылдық торқалы тойын өткенге тағзым, болашаққа тағылым тұрғысында атап өттік. «Атырауымыздың» айбынды ғасырлық жылнамасына қадам бастық.

gazet jane oqyrman

Даламның тау мен шыңдары,

Тарих боп сөйлеп тұр бәрі.

Найзағай құсап шатырлап,

Түркінің тарпаң ұлдары.

Өрт болып шарпып тынысы,

Қынапқа түспей қылышы,

Уақыттың басып белінен,

Жошы мен Бату ұлысы

Жайлады жарты ғаламды

(Жүрегім содан нәр алды!)

Бірлік боп асқақ мұраты,

Ерлікпен қорғап даламды.

… Солардың сен ғой жалғасы,

Рухтың алтын арнасы,

Бабамның әппақ арманын

Сен-дағы сөзбен қорғашы! – деп тебіренген еді Маралтай шайыр сол шақта.

Арқалы ақын жыр нөсерімен жан-жүректегі тілегін осылайша әдіптегеніндей, ұлт мүддесін, ділін, тілін, дәстүрін ұлықтаған, дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақтың басын қосу мұратына үн қосқан, мұнайлы аймақтың жылнамасын түзген газетіміз бүгінде бұқарамен біте қайнасты. Ойы қарау, ниеті терістермен шайнасты, «қазақ» деп соққан жүректермен сырласып, ел бірлігі үшін қара ормандай оқырманмен ойласты. «Atyraý» – бұқараның барын безбендеп, жоғын түгендеп отырар мұраттас мұңдасы, алғаусыз ақтарылар, ақылдасар сенімді сырласы. Қоғамда болар қайшылықты пікір, қилы көзқарасқа байсалды байыппен ой толғаудан анық әсте тынбасы!

gandex

gazet jane oqyrman1

сан

«Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдау болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты жаңа жұлдыз жарқырап тұрды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң, әрі қиын жолмен жүріп өтті. «Адам баласы сияқты мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағадан аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу. Екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас қастерлі мезеттер». Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің орамды  ойы, өнегелі өсиеті. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз». Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі.

Шынында да, XXI ғасыр адамзат үшін әлемдік экономика мен саясаттың, ақпараттық және әлеуметтік кеңістіктің жаңа өлшемдеріне жол ашты. Тағы да Мемлекет басшысының сындарлы пайымына жүгінелік: «Бүгінде 1,2 миллиард адам планетаның қақтығыстар мен тұрақсыздық жайлаған аралында тіршілік етіп жатыр. Күн сайын 42 мың адам үйін тастап, қауіпсіз мекен іздестіруде. 13 мыңнан астам террорлық акт 33 мың адамның өмірін қиды. Біз өзіміздің тұрақты, әрі қарышты дамыған елімізді мүлде басқа жағдайда – бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өркендетіп жатқанымызды есте ұстауға және бағалауға тиіспіз».

gazet jane oqyrman3

gazet jane oqyrman4

bg222-1024x724

Айтса айтқандай-ақ, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік атты асыл арман ақиқатқа айналды. Бұл уақыт ішінде халқымыз жоғалтқанының бәрімен де қайтадан қауышты. Наурыз мейрамы шын мәнінде ұлттық мерекеге айналып, үш күн тойланатын болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арғы-бергі тарихымыз жаңғыртылып, шетел асқан ұлттық жәдігерлеріміз туған топыраққа оралды. Еліміздің шекарасы түбегейлі белгіленіп, Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Мемлекеттік тіліміз бекітілді. Қазақтың түпқазығы – ауылды гүлдендіруге бағыт ұсталуда. Ауылды сақтау – Ұлтты сақтау, Рухани жаңғыру  идеясына ұласты.

Тәуелсіздігіміздің бізге берген керемет табыстары – осы құндылықтарды баянды етудің бел ортасында сіз бен біз де бармыз, қадірлі оқырман! Өйткені, газет – қалың бұқараның мінбері. Газет – қашанда оқырманымен ғана газет. Бір сөзбен айтқанда, баспасөз бен бұқараның біте қайнасқан дәстүрлі байланысын бұрынғыдан да нығайта түсеміз деген ойдамыз. Ендеше, биылғы жылы біздің оқырмандарымызға ұсынар жаңа жобаларымыз бен тың бастамаларымыз бар.

Атап айтқанда, басталып отырған Жастар жылында «АРМАНДАSTAR» арнайы қосымшасын ашып отырмыз. Мұнда жастарға қатысты сан-сапат мәселелердің баршасы түгелдей  көрініс табады деп ұйғардық. Сондай-ақ, бұрынғы «Педагог» (білім), «Жандауа» (медицина), «Талбесік» (экология), «Бизнесмен» (орта және шағын кәсіпкерлік), «Әділет әлемі» (құқық) арнайы (газет ішіндегі газет) қосымшаларының қатарына өндірістегі жаңашыл қадамдар хақында баяндайтын «ИННОВАЦИЯ+» атты тағы бір жаңа жоба қосылмақ. Қазіргі кезеңде жер-жаhанда күн сайын дерлік жаңалық атаулы зымыран уақытпен бірге ілесіп жатады, бұл «КҮН-ДЕРЕК» айдарында көрініс таппақ. Ардагерлерге арналған «ҚАЗЫНА» беті айына бір рет жарық көретін болады.

gazet jane oqyrman5

TSifrovoj-Kazahstan-sozdanie-Natsionalnoj-tsifrovoj-kinokollektsii

Біздің ұстанымның негізгі ерекшелігі – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау, әлеуметтің әлеуетін арттыру, оқырмандарымыздың адамгершілік, имандылық талап-талғамын көтеру. Осы орайда өздеріңізге «АДАМГЕРШІЛІК АЙНАСЫ», «ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ», «НЕ көріп ЖҮРСІЗ?», «ҚАЗАҚ  ҚАЗЫНАСЫ» атты арнайы рубрикалар аясында түрлі жанрда қызықты материалдар ұсынылатын болады. Сонымен қатар, «ЕЛДІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН», «СЕЛТ ЕТКІЗГЕН СУРЕТ», «АТЫРАУДЫҢ» ГАЛЕРЕЯСЫ» деген жаңа айдарлардың да сізді қызықтырары хақ.

Әрине, біз Жаңа жылға жоспарлаған жаңа жобаларымыздың негізгілерін ғана жария еттік. Бұдан басқа да ой саларлық, тағылым аларлық тың бастамаларымызды күнделікті іс барысында байқап отыратыныңыз күмәнсіз. Сондықтан да, ұдайы бізбен бірге болып, «Atyraýdy» еркін ой-пікір мінберіне айналдыруға сіз де атсалысады, үн қосады деген сенімдеміз, құрметті оқырман!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *