Биыл Атыраудағы 132 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылады

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесті. Тараптар аймақтағы телекоммуникацияны дамыту перспективаларын және «Қазақтелеком» АҚ Атырау облысын цифрландыруға бағытталған жаңа қызметтерін талқылады.

WhatsApp Image 2018-06-20 at 18.04.36 (1)

Бүгінде Атырау өңірі талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылған, қала тұрғындары ғаламтор және сандық теледидар қызметтеріне қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендердің 100 пайызы телефонмен жабдықталған.

Яғни, 163 ауылдың 86-сында ТОБЖ бойынша көлік инфрақұрылымы, ал қалған ауылдарда радио желі, спутниктік желі және CDMA-450 радиосы арқылы ұйымдастырылған. Осылайша, Атырау облысы өңірлердің рейтингісінде талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылған ауылдардың үлесі бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ, 2018-2020 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде 16 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Атырау облысы, Құрманғазы ауданының ғаламтор желісіне қатынау мүмкіндігін талқылады. Бүгінгі таңда ауданда 7 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда телефон және CDMA-450 мүмкіндіктері бар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері жерсеріктік спутниктік жүйелер арқылы желісіне қол жеткізе алады, бірақ бұл жерде кең жолақты ғаламторға қолжетімділік қажет. Нәтижесінде, 2019 жылы ТОБЖ-ны жақын жердегі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей орда ауданы, Сайхин аудан орталығынан Құрманғазы ауданының ірі елді мекені – Сүйіндік ауылына салуы мүмкін.

WhatsApp Image 2018-06-20 at 18.04.37 (3)

Бұдан басқа, Атырау қаласы және аудандарға 11 Мбит/сек жылдамдықпен 11 ғаламтор-сервис орталығын қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 8 Халыққа қызмет көрсету орталығында 8 Мбит/с қатынасы ұйымдастырылды, бұл ретте аталған 3 орталықта 10 Мбит/с-тан асатын жылдамдық бар.

«Біз облыста талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Алдағы басымдықтардың бірі – ауылдық елді мекендердің және әлеуметтік маңызы бар объектілердің ғаламторға жоғары жылдамдықпен қол жеткізуін қамтамасыз ету. Батыс РТД басшылығына тиісті нұсқаулар берілді», – деп атап өтті кездесу барысында Қуанышбек Есекеев.

Қазіргі таңда ғаламтор желісіне қатынаудың сапасы мен техникалық параметрлерін жақсарту үшін телекоммуникация желілерін жаңғырту және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кездесу барысында тараптар білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару саласында цифрландыруды одан әрі жүзеге асырудың бірлескен жоспарын талқылады.

Өз кезегінде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылатын «Сандық Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет атап өткендей, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – цифрлық бөліністі жою, халықтың барлығына байланыс қызметтері мен ғаламторға кеңінен қолжетімділікті қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан өңірдің шалғайдағы елді мекендеріне байланыс пен ғаламтордың барлық түрлерін орнатуды қолдауға дайын», – деді Нұрлан Ноғаев.

Екі жақ тарап атап өткендей, Атырау облысында телекоммуникация саласын дамыту бойынша жұмыс жалғасады.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*