БІТІРДЕН ҰТЫЛҒАН МОЛДА

«Аңына қарай тазысы, заманына қарай қазысы». Уайымы жоқ, тамағы тоқ социализмнің орнын «ақылды болсаң, бай болмайсың ба?» деген қағиданы бетке ұстаған капитализм басқасын, адамдар бойындағы бар қасиетін нан табуға жұмсағаны жасырын емес.
…Бүгінгі біздің әңгімеміздің кейіпкері Картағали да нан табу жолында талантын ұштай түсті. Бұл кісі кім? Сәл кері толғау. Заманында көк тұлпардың маңдайына қызыл туды желбіреткен озат механизатордың бірі болды. Ал нарық басталысымен көк тұлпар Кеңестер Одағымен келмеске кетті. Бүгінде оңай табылар нан жоқ. «Нан – арыстанның аузында, түркіменнің төрінде». Кейіпкеріміздің табыс көзі – карта ойыны. Өзі шынында да ала қағазға икемді-ақ. Саусақтары шипалы ма – кім білсін, ойнаған жерінде жоқ дегенде темекілік тиын алып шығады…
Қыс айының ұз-а-ақ түні. Кейіпкеріміз төсегінде он ойланып, тоғыз толғанып дөңбекшіп жатыр. Санасында жетім тоқты сияқты жалғыз-ақ ой. Кімді ұту керек? Өткен аптада құрдастарын, күйеу баласын ала қағаздан айғырдай тістеп шығарды, енді кім қалды? Сонда барып ойына ауыл молдасы Әбекең сарт ете түсті. «Ораза айында бітірден көп ақша жинады» деген хабарды бұл да естіген. Ертең ауызашарға молдекеңді шақырып, бітірге толы шиланын ақтарса. Арманы тамаша, бітірдің ақшасы одан да тамаша.
Сол сол-ақ екен, әйеліне қарап: «Ертең кешке молданы ауызашарға шақырайық», – деді. «Рас айтасың ба? Сен де дін жолына түсейін дедің бе? Бұрын мұндайың жоқ еді ғой» деп әйелі таңдана қарады. «Енді алпысқа келдік қой», – деді «ертегісінің әлқиссасы» жаман шықпағанына риза болған Қартқали.
Сонымен, карта жоспары бойынша іс-қимыл шыр айналды да жүре берді. Қай кезде де шақырған жерден молдекең қалған ба, уақытында арсалаңдап жетіп келді. Сүр еттің иісі бұрқыраған таза да жылы үй, төрде – төгілдіріп жайылған мақпал көрпенің үстінде ауызашарға шақырылған «Алланың елшісі», оған құрмет қылған үй иесі. Сырт көзге әдемі-ақ көрініс. Бірақ, ішкі ойлары екі басқа. Сүр етін жеп, табағын төңкерсем деген молдекең, бітірін ұтып, белін сындырсам деген Қартекең. Қара қазанда соғымның сүр етінің иісімен аралас, алдымен қою шайға маңдайы шып-шып терлеген молдекең, ерсілі-қарсылы «рахмеулла әмин» деп, кеңесті соғып отыр.
– Сен ауызашарға мені шақырғаның арқылы ислам дінінің құлы екеніңді көрсеттің, – деп, бұған көпшікті қойып қойды. Бұл ішінен «атаңның қақ шекесі, саған бір тояр ас керек, ал маған бітірдің тиыны керек».
– Етті асықпай пісір, үлкен кісінің тісі өтпей қалар, – деп әйеліне айқайлай сөйлеген ол молдекеңе қарап: – қазан піскенше бура ойнасақ қайтеді? – деді. Сүр еттің иісіне басы айналды ма, дін иесі де «ойнасақ, ойнайық» деп қутың-қутың етті. Сонымен, молдекең мен арбасушының арасында шарға бір түссең, өлдім десең де шыға алмайтын ала қағаз ойыны басталды да кетті. Бұл әдейі 4-5 рет ұтылып еді, молдекең көзі күлімдеп «я, Алла, өзің жар бола көр» деп бетін сипап өліп барады. «Қазір, қазір, сәл шыда, аяғыңды аспаннан келтіремін» деп іштей арбап, үй иесі отыр. Түрлі Дуанда талайды ақсирақ қылған кейіпкеріміз ұтылсын ба, дүркін-дүркін молдекеңнің қабырғасын қақыратып үш тұзды ашып тастап еді, дін иесі бұтына ыстық су құйғандай шар ете түсті. Қалай шар етпесін, ораза айында жинаған бір қауым дүниесі «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» үш тұзға ілігіп кетіп барады. Жаны қысылған молдекең «астық, астық» деді. Енді күлімдеу кезегі бұған келді. «Молдеке, астығың не?» «Астық алатын бітірім кетті-ау» деп молдекең шынын айтты. Бұл оны жұбатқан болып «карт деген солай ғой, сенің ұтылысың бітірмен жинаған тиын ғой» деді.
Сонымен, ойын бітті, Ораза айында жиналған бітірдің ақшасы үй иесінің қалтасына түсті. Мұндайда ас та дайын бола қала ма. Сірә, ас батпаған болар, «жаратқанның елшісі» қолын табаққа құр апарып отыр. «Шырақтарым, менің қарным ауыратын еді»,- деп ақталды. Үй иесі қылаң ұрады. Ол қалай қуанбасын, піскен ет балаларына, бітір ақша өзінде қалды. «Бір оқпен екі қоянды атты» деген – осы…
– Бес-он күннен кейін «Қызыл жалау» халқының арасына ұшпа сөз гу етті. Картадан ұтылған түні молдекең түс көріпті. Түсінде қарғаның тұзы молданың ақша толы бітір орамалын алып қашып барады екен. Содан кейін молдекең көрінбеді, кейіпкеріміз әнін салып, тойын тойлап, сүйікті ала қағазымен жүріп жатыр деп естиміз.

Зайдолла ИБАТОВ,
Қызылқоға ауданы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*