Әбіш әлемі – ғаламдық құбылыс

Әбіш Кекілбаев – адам жанының тереңдігін, адам жанының ғажайыбын  шеберлікпен аша білген жазушы. Ә.Кекілбаевтың кейіпкерлері өмірдегі қарапайым адамдар болғанымен, кішкентайы жоқ. Оның кейіпкерлері алуан  мінезімен, тағдыр-талайымен, жан дүниесінің тереңдігімен ерекшеленеді. Суреткер заман мен адам болмысының сан қырын қара сөздің құдіреті арқылы санамызда нөсер жауғызып, найзағай ойнатады, кейде түпсіз терең мұхит-ойларымен таңдай қақтырып, қайран қалдырады. Әбіштің әлеміне таңғалмайтын адам аз.

9bf475e0343005b5948fb9c71de641d3

«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас», – деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында жазғандай, Әбіш аға туралы сөз қозғау, оның шығармашылық әлеміне үңілу мен түсіну, оны зерттеу – көп еңбек пен ізденісті және ақыл-миды талап ететін дүние.

Әбіш Кекілбаев әдебиетке келгелі оқырманын да, ортасын да ойландырып келеді, оның әр кітабы, әр сөзі – өнеге, құнды мұра.Оның ғұлама ақыл-ойы, шығармалары шетелдіктерді де таңғалдырды. Немістің «Фольк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама хаттамасында Әбіш Кекілбаевтың есімі «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізілген. Бұл тізімге түркі әлемі жазушыларынан екі  адам – Әбіш ағамен бірге Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов енген болатын. Әбіш Кекілбаев – кеңестік кезеңде кеңінен танылған және мойындалған жалқы тұлға. КСРО Жазушылар Одағы алқасының, халықаралық «Лотос» жазушылар сыйлығы қазылар алқасының, Мәскеудегі «Художественная литература», «Дружба народов» баспаларының редакциялық алқа мүшесі болды, Азия-Африка жазушылары халықаралық комитетінің  мүшелігіне сайланды. Кекілбаевтың шығармаларын кезінде Мұхтар Әуезов өте жоғары бағалаған.

Әбіш аға  1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Қожаназар Жанайұлы қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған. Бір замандарда Әбіш ағамыздың ата-бабасы Жылыой өңірін,  Жем өзені бойын мекендеген. Бұған – тарихи деректер куә. Менің туған ауылым Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Әбілхайыр ханның  ұлы Айшуақ хан келіпті. Қазақ дәстүрі бойынша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіз бен тоғай әдемілігі ел ауызында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті. Менің «Ақкиізтоғай» деген өлеңім осы тарихтан сыр шертеді. Әбіш ағаның 70 жылдық тойында осы өлеңімді оқып берген едім.

Ақкиізтоғай

Топырағыңда кім толқымай тұра алар,

Қойнауыңда  «Алтын Адам» сынды мұра бар.

«Ақкиізтоғай» деген атың ардақты

Кешегінің аңызы боп құралар.

Пір Бекеттің кіндік қаны тамған жер,

Атажұрты – Ақмешіт боп қалған жер.

Ақкиізтоғай қасиетті мекенсің

Асан Қайғы барған жер.

О, заманнан ертегідей жеткен сыр,

Күмбір күйлер төгілгенде шектен бір.

Ежелгі аты ұмытылып қалған да

«Ақкиізтоғай» деп аталып кеткен жер.

Өткен күндер шежіресі әр қилы,

Ұлы Жемнің қаймағы боп қалғиды.

Ауылымның әр перзенті бұл жерге

«Әбіш аға туыс қой» деп шалқиды.

Туыстығы тым әріден басталған,

Бабасының басқан ізі тастарда.

Ел аузында таңғажайып аңыз боп

Таған баба жасаған бір ас қалған.

Әбіштей пір Таған байдан тараған,

Батыр баба биік тұрар қарадан.

Қожаназардай бабасына ас беріп

Жиналыпты сан адам.

Кіші Жүздің ханы кепті сол асқа,

Аты әйгілі Алашқа.

Хан аяғын қара жерге тигізбес

Ақ киіз бар тоғайына жарасқан.

Ақ киіздің көптігіне дау бар ма?!

Ақ мақтадай көз тартады жайғанда.

Тоғай іші сұлулыққа тұныпты

Суы-шәрбат, гүлі жайнап

Құстар әнге салғанда.

Нұр шұғыла тарағанда маңайға,

Табиғаттың бар бояуы-тоғайда.

Ақ пейілдің белгісіндей ақ киіз

Аңыз бопты талайға.

Бұл өңірде сондай ғажап өтіпті,

Аңыз-жыр боп алыстарға жетіпті.

Сол астан соң біздің ауыл шынымен

«Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті.

Әбіш аға қандай ғұлама, ұлы жазушы болса да, өмірде сондай қарапайым адам еді. Астанада өтетін мәдени-әдеби шараларда Әбіш аға келе жатқанда бүкіл ақын-жазушы қауымы, халық орындарынан тік тұрып, қошеметпен қарсы алатын. Әбіш ағаның сөзін тыңдауға бәрі де құмар еді. Сөйлеп кетсе, шежіре-көмбедей, тарихи әңгімелерді айтқанда жылдармен, цифрлармен жаңылыспай сөйлегенде, осындай ғажайып данышпанды тыңдағаның үшін өзіңе-өзің риза боп отырасың. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан» шығармалары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғаммен, ұлт мүддесімен үндесіп, ұлттық рух пен әлемдік өркениеттің құндылықтарына ұмтылдыратын  қуатты туындылар. Ол өзінің ұлт жауһарына айналар қазыналы әдеби мұраларымен Мұхтар, Қаныш, Әлкей, Сәбит, Ғабит бастаған алыптар көшінің белді өкілі болып, қасиетті қазақ тілімізді, рухани өмірімізді, жан дүниемізді  байытты.

Былтыр Әбіш ағаның үйінде болдым. «Әбіш аға, мен сізге осы кезге дейін бірде-бір өтініш айтпадым, құлақ ассаңыз, бір өтінішім бар еді, – дедім. – Күй-анасы Дина шешеміз туралы қазақша-түрікше «Дина Нұрпейісова» деген кітап-альбом  дайындап қойдым. Бірақ, демеушім жоқ. Бір күні шығар деген үмітім ғана бар көңілімде. Осы кітабыма алғысөз жазып беріңізші. Мен туралы емес, Дина Нұрпейісова туралы».

Әбіш ағам «жазайын» деп, жазып берді. Бұл 2015 жылдың 25 қараша айы болатын. Арада аз уақыт өткенде, Әбіш аға да өмірден өтті. Әбіш ағаны сағынамыз. «Айналайын» деген сөзін сағынамыз…

Маржан  ЕРШУ,

ақын-аудармашы,

филология  ғылымдарының  кандидаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*