БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

Ассамблея жылының мән-МАҢЫЗЫ  неде?

Исатай Балмағамбетов:

– Баршаңызға мәлім, ақпанның 11-і күні Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасындағы өнімділікті сақтай отырып, бюджетті икемдеуді, халықтың әлеуметтік ахуалын одан әрі жақсарта түсу үшін тиісті жағдайлар жасауды тапсырды. Еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды болып табылатын жиында қоғамдық тұрақтылықты одан әрі сақтаудың негізгі қажеттілік екені де баса айтылған еді. Ақиқаты сол, әлем қазір аласапыранға толы кезеңдерді бастан өткеруде. Ғаламдық геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта биылғы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуында да дана саясаттың табы жатыр.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бюджет есебінен мерейтойлар жасауды қысқарту туралы айта келе, бұл жылдың нақты істерге бағытталған ой ойлайтын жыл болуы керектігін атап көрсеткен еді. Сайып келгенде, ол сөздердің астарында да үлкен мән-мағына жатыр. Биылғы жыл – үлкен даталарды жинақтап тұрған ерекше жыл. Себебі, биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды елдік пен бірліктің темірқазығына айналған маңызды даталар атап өтіледі. Сонымен бірге, қоғамдық тұрақтылықтың бірден-бір кепілі болған Ассамблеяға тұтас жыл арналып отыр.

Рас, ұлттар мен ұлыстар достығы, халық арасындағы ынтымақты тірлік тәуелсіздік жылдарындағы негізгі саяси бағыт  ретінде сақталып келеді. Басқа елдермен салыстырғанда, біздің еліміз үлкен шүкіршілік дей алады. Себебі, Африка елдерінде адамдар аштыққа ұшырап, Сирия, Ливия сынды араб мемлекеттері әрі саяси, әрі экономикалық, әрі әлеуметтік дағдарысты бастан өткеріп отырған осынау бір аласапыран уақытта  Қазақ мемлекеті түрлі ұлт өкілдерін бір тудың астына біріктіріп, ынтымақта өмір сүріп отыр. Сайып келгенде, ғаламдық дағдарысқа қарамастан, ел экономикасында өсімнің болуы – бірлесе жасаған тірліктің нақты нәтижесі. Бұл бірлік, тірлік мәселелерінің халық санасында тарихи жолмен қалыптасып қалған дүние екендігін көрсетеді. Ендеше, Ассамблеяға арнайы жыл арнауымыздың мән-маңызы неде? Әңгімені әуелі осы мәселеден бастасақ…

 

Еркін Қадырғалиев:

– Осыдан 20 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этникалық, әлеуметтік және діни ерекшеліктеріне қарамастан жаңа мемлекет азаматтарының қалыптасуы жолында шешуші роль атқарды.  Бүгінде бұл атаулы датаға орай республика бойынша ең үздік әлеуметтік жоба – «Мейірімділіктен – бірлікке», ең үздік ғылыми жоба – «Армандаған мамандық», мәдени-ағартушылық мега-жоба – «Мың бала», ең үздік қайырымдылық жоба – «Жүректен жүреккке», жастар жобасы – «Қамқор», ең үздік инновациялық жоба – «Жаңа ойлар табысқа жетелейді» және этножурналистика шығармашылық конкурсы – «Шаңырақ» секілді жаңа бастамалар қолға алынып отыр.

Сондай-ақ, облыс бойынша қайырымдылық шаралары ақпараттық қолдау көрсету арқылы жоғары деңгейде атап өтілуде. Соның бірі – «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің бастамасымен «Достық үйінде» өткен қайырымдылық шарасы. Рождество мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған балалар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. «Довира» украин этномәдени бірлестігі де аталған мерекеге орай қаладағы №15-ші мектептің мүгедек және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арнап «Подари детям радость!» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Мұндай шаралар облыстағы мекемелер мен ірі кәсіпорындарда да жалғасын табуда.

Раиса Биткова:

– Меніңше, Ассамблеяға тұтас жылдың арналуы – орынды қадам, алыстан ойлап жасалған дана саясаттың жемісі. Сондықтан, өз басым бұл жылды бүкілхалықтық деңгейге көтерілген үлкен мереке ретінде қабылдаймын. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елі әлеуметтік, экономикалық, ішкі және сыртқы саясатта үлкен табыстарға қол жеткізе алды. Десек те, ұлттар арасында қалыптасқан мызғымас достық – біздің еліміздің баға жетпес ең үлкен құндылығы. Бұл жағынан алғанда шүкіршілік. Менің көзқарасымда еліміздің түкпір-түкпірінен «Достық үйлерінің» салынуында да сарабдал саясаттың жемісі жатыр. Өйткені, салт-дәстүрлерді, мәдени көріністерді үлкен сахнаға шығара білудің өзі – ұлт пен ұлысты жақындастыруға арналған таптырмас құрал.

Жаңа ғана Исатай Құндызбайұлы өз сөзінде дәл қазіргі жағдайда әлемдік геосаяси ахуалдың өте қиын кезеңде тұрғанын айтып өтті. Міне, сол ушыққан геосаясат қалай реттеледі? Меніңше, мұның бастауында мәдениет тұруы керек. Яғни, мәдениет пен мәдениетті жақындастыру, мәдениетті қабылдап, түсіне білу ұлттарды жақындастырады, оларды бір мүддеге топтастырады. Бұл сөздеріме біздің еліміз дәлел. Тәуелсіздік жылдары ішінде біртұтас халыққа айналдық. Ең бастысы, біздің жанымыз да, қанымыз да бір. Ендігі жерде жас ұрпақты достықты сақтай білуге баулуымыз қажет.

Сайып келгенде, Ассамблеяны Қазақ хандығынан, Жеңістен, Конституциядан бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, бұл мерекелердің барлығы – ұлы достықтың жемісі. Ата-бабаларымыз, хандарымыз сонау жаугершілік заманның өзінде достықты ту ете отырып, ұлан-ғайыр территориямызды сақтап қала алды. Тіршілікпен, біршілікпен жүріп бүгінде тәуелсіз мемлекет атандық.

Сөзімді қорыта келе, мынаны айтқым келеді. Қазақстанның бүгінгі даму жолы, Ассамблея институты – белгілі бір өлшемнен өткен сарабдал саясаттың жемісі. Біз тарихи жолмен қалыптасқан біртұтас отбасыға айналдық. Ендігі жерде қазақ тілінің, қазақ халқының маңайына топтаса түсуіміз қажет. Сонда ғана  мемлекет саясатының халыққа біртұтас жолмен жетуіне жол ашамыз. Ассамблея жылының маңызы да осында. Ендігі жерде  қолда барды жоғалтып алмай, оны одан әрі дамыта беруге тиіспіз. 

Тарихи қалыптасқан халықпыз

Сейтамин Акаев:

– Бұл жыл тарихи даталарға толы болып отыр. Біз әңгімеге арқау етіп отырған Ассамблеяның 20 жылдығы өз алдына, бұдан бөлек тағы бір үлкен мереке Қазақ хандығының 550 жылдығы бар. Елбасымыз осы мәселелерді мінберде көтерген кезде мен сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет күйде болдым. Қазіргі кезде Қазақ хандығы жайында айту аса маңызды. Өйткені, ғасырлар бұрын Қазақ хандығы құрылмаса, біз бүгінде егемендікке қол жеткізе алмас та едік. Сондықтан, бүгінгі өскелең ұрпаққа ол жайында кеңінен айту керек деп санаймын.

Менің түсінігімде, мемлекет пен Ассамблея – егіз ұғым. Елімізде жүздеген ұлт өкілдері өмір сүретіндіктен олар бір-бірінің тіліне, дініне, мәдениетіне құрмет көрсетпей, өздері дараланып өмір сүре алмас та еді. Барлық ұлт өкілдері бір тудың астында тығыз қарым-қатынаста өмір сүретіндіктен, олар бір-біріне құрметпен қарауға тиісті. Сондықтан, әртүрлі діннің өкілдері болса да өзара сыйластықпен өмір сүріп, мәдени құндылықтарын бағалап, бауырмал болғаннан біз ешқашан ұтылмаймыз. Жас ұрпақтың санасына осыны сіңіру керек.

Қазір жаппай жаһандану дәуірі. Дүниежүзіндегі ешбір мемлекет өзге елдермен байланыс орнатпай, жеке дара дами алмайды. Барлық ел өзге елдермен, өзге ұлттармен экономикалық қарым-қатынас орната отырып қана алға қадам басады. Сол секілді біздің елдегі түрлі ұлттар бірін-бірі толықтырып, дамытып отырады. Сондықтан, Қазақстан – экономикалық жағынан ғана емес, мәдениеті жан-жақты өркендеген, бай мемлекет.

 

Еркін Қадырғалиев:

– Айтуларыңыз өте орынды, тәуелсіз Қазақ елінің қол жеткізген табыстары – Мемлекет басшысы жүргізген салиқалы саясаттың жемісі, талассыз нәтижесі. Еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарынан орын алуы үшін де басты құндылығымыз тұрақтылық пен тыныштығымызды сақтай білуіміз қажет. Бірлігі бүтін елдің ғана болашағы баянды болмақ. Татулықты ең алдымен отбасынан, содан соң әр мекемеден бастаған абзал.

Ассамблеяның бастамасымен аймақтағы ірі-ірі мекемелерде қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқарады. Қоғамдық келісім кеңестері аудан әкімдіктерінде де құрылды. Оның төрағасы болып түрлі деңгейдегі әкімдер тікелей сайланды. Мұндай кеңестер қызметкерлері көп, түрлі ұлт өкілдері еңбек ететін жоғары оқу орындарында да ашылды. Олар қызметкерлерде туындаған қандайма әлеуметтік мәселелерді сыртқа шығармай, өзара шешіп қана қоймай, бүгінгі таңдағы өткір тұрған мәселелерге байланысты шаралар өткізеді. Мәселен, мемлекеттік тіл жөнінде, оны меңгеру, тілді ортақ байланыс құралына айналдыру мәселелеріне арналған жиындар ұйымдастырылды. Ұлттар мәдениеті, салт-дәстүрлеріне, діндеріне қатысты шараларды да қоғамдық келісім кеңестері назардан тыс қалдырған емес. 

Келісім формуласы

Сайын Қуанышев:

– Рас, тәуелсіздік алғанға дейін де мемлекетті мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыстың достығы, бірлігі  болды. Бірақ, Ассамблея – жаһандық даму тарихында бұрын-соңды болмаған қоғамдық институт. Демек, бұл саясатты біз басқаша форматтағы даму деп айта аламыз. Менің ойымша, Ассамблея сынды бірегей институт қазақстандықтар үшін көптен күткен нәрсе сияқты. Рас, дер кезінде идея туындап, институт құрылды. Институт формальды түрде құрылып қана қоймай, жиырма жылдың ішінде нақты істерімен халықтың арасында жүрді.

Осының барлығы Ассамблеяға үлкен тәжірибе болып енді. Бұл – үлкен тарих. Мұның артында үлкен философия, терең парасат жатыр. Өйткені, дәлелдеуді қажет етпейтін бір аксиома бар. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, ел экономикасының нығаюына бірден-бір әсер еткен шешуші фактор – біздің достығымыз, бірлігіміз. Бұл мәселе тіпті, іс жүзінде дәлелденді де. Сондықтан, біздің алдымызда дүниежүзінде болмаған құбылысты зерттеп, зерделеу және оны одан әрі жетілдіру міндеті тұр. Біз тұтас халық болып институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі дамыта түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр.

 

Раиса Биткова:

– Қазақ – барын қонағының аузына тосқан меймандос халық. Бұл – қазақ ұлтын даралап тұрған өзіндік қайталанбас ерекшелік. Сондықтан, жиырма жылдық датаның өткенді ой елегінен өткізіп, белгілі бір түйін жасайтын уақыт екенін атап өткім келеді. Өткеннен сабақ алып, болашаққа нақты қадам жасайтын да кез туып отыр.

 

Исатай Балмағамбетов:

– Бұрын біз «тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір» деп келіп едік. Енді біз тілі де, тілегі де бір халыққа айналдық. Меніңше, келісім мен тұрақтылықтың, тұтастық пен бірліктің қарапайым формуласы да осы.

 

Өмірбек Бекежан:

– Ассамблея жылын жариялау – бір жағынан, тарихи қалыптасқан тәжірибеміздің нәтижелерін көрсету, қорытындылау болса, екіншіден, болашақтағы іс-қимылымызды айқындау үшін де аса қажет дүние. Сондықтан, ол бір күндік болмаса, бір жылдық шара деңгейіне түспеуі тиіс. Ұлтаралық қатынас дәл бүгін қалыптасқан жоқ, ол ұзақ тарихи қалыптасу мен сынақ кезеңінен өтті. Соның нәтижесінде «қазақстандық қоғам» сияқты көпэтностық мәдениет феномені пайда болды. Кейде «нағыз қазақстандық қандай болу керек?», «оның бір идеалы бар ма?» деген сияқты сұрақтар кездесіп қалады.

Менің ойымша, жақында бақилық болған Герольд Бельгер осы идеалға сай келетін тұлға. Оның бойында қазақстандық патриотизм,  үш тілдік мәдениет, яғни, полилингвизим, қазақ тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік, терең гуманизм мен зиялылық ерекше болды. Бұл – еліміздегі әрбір адамға үлгі болуға лайық қасиеттер. Бүгінгі «Атырау» газетінің редакциясындағы осы кездесуіміздің де мемлекеттік тілде өтуі ерекше әсер тудырып отыр.

Ендігі мәселе – осының бәрін жас ұрпаққа жеткізу, сабақтастықты сақтау. Әрине, мектепте, оқу орындарында Ассамблеяның мәні мен рөлі, қазақстандық қоғамның көпұлттық сипаты жайлы жиі айтылады, әр ұлттың өкілдеріне жеткізіледі. Бірақ, көп жағдайда оқу орындарында оқымайтын жастар осындай тәрбиелік жұмыстардан тыс қалатын сияқты. Ондай жағдайда оларға өзге елдің ұстанымдарын, көзқарастарын, идеологиясын тарату оңай бола түседі. Ал, шын мәніндегі еліміздегі этносаралық саясаттың, осы қоғамдық институттың мақсаты ұлттардың қазақстандық қоғамға интеграциялануын, осы қоғамнан оқшау, тыс қалмауын қамтамасыз ету деп ойлаймын. Ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысының мәні де осы мақсаттан туындап жатуы тиіс. Қазіргі әлемде болып жатқан геосаяси тартыстар, сыртқы ақпараттар ағымы тұсында бұл аса маңызды қағида, оны үнемі назарда ұстау керек екені күмән туғызбайды.

 

Ұлттар  достығы – ұрпақтар сабақтастығында

Сайын Қуанышев:

– Сөзіңіздің жаны бар. Расымен де біз нәсіліне, ұлтына қарап бөлінбейтін, тарихи жолмен қалыптасқан біртұтас халыққа айналдық. Менің ұлты өзге жолдасым бар. Сол жолдасым басқа жаққа көшіп кеткенде жүрегім үзіліп түскендей әсерде болдым. Әлі күнге дейін хат жазысып, хабарласып тұрамыз. Біз кәдімгідей бауырға айналып кеттік. Осы жерде қатысушылар назарын «үш тұғырлы тіл» саясатына аударғым келеді. Осы ұстанымға байланысты түрлі пікірлер айтылып жүр ғой. Менің ойымша, біздің халық мынаны түсінуі керек. Бұл саясат – атам қазақтың «жеті жұрттың тілін біл» деген нақыл сөзінің заман талабына сай қайта түлеуі. Мұның артында үлкен өркениетке апаратын жол жатыр. Алысқа шаппай, өзімді мысалға келтірсем, мен Қызылқоғаның құмында туып-өскен адаммын. Оныншы сыныпты аяқтаған кезде бір ауыз орысша білмеген едім. Бірақ, медициналық институтты орысша бітірдім. Өйткені, үйрендім, іздендім. Осы тіл арқылы мамандық алып қана қойғаным жоқ. Орыс тілі мені әлемдік мәдениетке, өркениетке жетеледі.

Жалпы, бұл тарихи жолмен қалыптасқан үрдіс. Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сынды дана да, дара тұлғаларымыз, ағартушыларымыздың өзі орыс тілін Еуропаға терезе деп қабылдады. Ендігі жерде біз тілді меңгеру, сол арқылы халықтардың мәдениетімен танысу, олардың өркениетіне жол ашу сынды тамаша үрдісті байыта беруге тиіспіз. Дамудың кілті де осында. Әрине, бұл өз тіліңді екінші кезекке қой дегенді білдірмейді. Өйткені, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз текке айтылмаған.

 

Раиса Биткова:

– Ассамблеяны халықтан бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені, тәуелсіз еліміздің қол жеткізген табыстары елдегі бірлікпен етене.  Ассамблея институтымен тікелей байланысты. Кей жағдайда мұғалімдеріміздің осы мәселелерге аса көңіл бөле бермейтіні өкінішті. Сондықтан, меніңше осы мәселелерді реттеу керек. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында Ассамблея, оның құрылу тарихы мен мән-маңызы туралы ұстаздарға арнайы курс оқыту керек деп ойлаймын. Өйткені, Ассамблея құрылымының артында біздің мемлекетіміз жүргізіп отырған негізгі саясат жатыр.

Исатай Балмағамбетов:

– Дұрыс айтасыз. Раиса ханымның айтқандарына мен де қосыламын. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының қабылдануының өзі бұл құрылымның біздің өмірімізден тұрақты орын алғандығын көрсетеді. Ассамблея бар және ол енді жойылмайды. Бізге түрлі тарихи кезеңдерде теперіш көріп, жер ауып келген ұлт өкілдері өте көп. Ендігі жерде ұлттардың қалыптасу тарихын оқыту қажет. Бұл Қазақ елінің дана саясатын ұрпақ бойына сіңірудің тамаша жолы болар еді.

 

Сайын Қуанышев:

– Тағы бір айтатын мәселе бар. Біз қазақстандық патриотизмді дамыта түсуге тиіспіз. Өйткені, патриоттық тәрбие – ұлтты ұйыстырушы ең қуатты құрал.

 

Раиса Биткова:

– Әрине, айтылып отырған нәрселердің барлығы маңызды. Осы жерде қатысушылар назарын қоғамдағы діни ахуалға бұрғым келеді. Қазір біздің жас қыздарымыз паранжа киіп, арабтанғанына мәз болып жүр. Исламға қарсы жұмыс істеп отырған бұл ағымдармен күресте меніңше қазақтың ұлттық тәрбиесін дамыту қажет сияқты. Неге біз жастарымызды қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақ болғанына мақтануға тәрбиелемейміз? Қазақтың даналығы, дархандығы бүгінгі ұрпақтың бойында сақталып тұратын болса, біз қуатты мемлекетке айнала аламыз.

 

Сейтамин Акаев:

– Иә, адам ең алдымен өз ана тілін білуі тиіс. Ана тілін білген адам ғана өз ұлтының шын жанашыры болады. Ал, мемлекеттік тілге құрметпен қарау, оны меңгеріп, оны басты байланыс құралы жасау әр қазақстандықтың басты міндеті дер едім. Еліміздің азаматтары түрлі ұлт өкілдерінен тұрса да олар байырғы жергілікті халықтың маңына ұйысуы қажет.

– Қазақ халқында «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген керемет сөз бар. Біздің басты мақсатымыз бір. Ол – барға қанағат ете отырып, алға қарай дами беру және ауызбіршілігімізді сақтап қалу. Өткен 20 жылдағы іске шүкіршілік етіп отыра берер болсақ, біз қолымыздағы барымыздан айырылып та қалуымыз мүмкін. Ішкі тыныштығын сақтай алмаған қаншама мемлекеттің басынан бақ тайып, берекесі қашты. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында нақты-нақты шаралар қолға алынып, біз секілді аға буын кейінгілерге ұлттар татулығының маңызын түсіндіруі керек. Өз басым қандай ортада жүрсем де, айналадағы адамдарға татулығымыздың маңызын айта жүремін. Қазір арамызда алаң көңілді жастар көп. Меніңше, жастарға тәлім-тәрбие жетіспейді.

 

Исатай Балмағамбетов:

– Осы бір жылдың ішінде тұтас халық, яғни, еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін қоғамдық келісім формуласына айналған Ассамблея атты құрылымның негізгі функциясы мен бағыт-бағдары, ұстанған саясаты туралы біліп шығады деп ойлаймын. Жыл бойына өткізілетін шаралар қалың бұқараға үлкен мағлұмат береді, ой салады деген сенімдемін.

Екіншіден, бұқара ынтымақ пен береке бар жерде ғана тірліктің, дамудың, алға жылжудың болатындығын шынайы ұғынатын болады. Күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстан экономикасында бұған дейін ешқандай кері кетулердің болмағанын айтып тұрып, бұл тамаша жетістікті елдегі татулықпен байланыстырған еді. Ендеше, бүгінгі «дөңгелек үстелімізді» халқымыздың «бірлігі жарасқан ел озады» деген даналығымен түйіндеуді жөн санап отырмыз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Тобықтай түйін:

– Ғаламдық геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта биылғы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуында дана саясаттың көрегендігі жатыр;

– Біз тұтас халық болып осы қоғамдық  институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі дамыта түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын қазақстандық тәжірибе дәлелдеп отыр.

– Қазақстанның бүгінгі даму жолы, Ассамблея институты белгілі бір өлшемнен өткен сарабдал саясаттың жемісі. Біз тарихи жолмен қалыптасқан біртұтас отбасыға айналдық;

– Сайып келгенде, біз Ассамблеяны Ұлы Жеңіс, Конституция, Қазақ хандығы мерекелерінен бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, бұл мерекелердің барлығы – ұлы достықтың жемісі.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*