БІРЛЕСКЕН ІСТІҢ БЕРЕРІ МОЛ

Жаңа лауазымға тағайындалғалы Атырау өңіріне алғаш рет келген Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов діни бағыттағы атқарылған істерге осындай баға берді. 

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысына қатынасқан Ерлан Сатыбайұлы Жолдауға қатысты сөз қозғады. Сондай-ақ, дін тақырыбындағы өзекті жайттарды да атап өткен агенттік төрағасының орынбасары: «Біз оқшау әлемде өмір сүріп отырған жоқпыз. Бізді қоршаған әлемде қоғам тыныштығына қол жеткізуді армандап отырған елдер мен аумақтар бар. Украина, Сириядағы оқиғалар – осыған дәлел. Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында бүгінгі күні біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесінің өткір тұрғанын ерекше атап өткен болатын. Бұл ретте жастардың осы ағымдарға жиі шырмалуы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық», – деді.

Дінді деструктивтік бағытқа бұрмалауға жол бермеу – мемлекет саясатының дін саласына қатысты ұстанымдарының негізгісі. Бұл орайда 2011 жылы қабылданған жаңа Заңның аясында да бірқатар мәселелерді шешуге қол жеткізілгенін айта кеткеніміз жөн болар.

«Жалпы, адасқандарды кері итермей, қоғамға икемдеп, әлеуметтік қолдау көрсетудің берері мол. Бұны әлемдік тәжірибе көрсетіп те отыр», – деген Е.Абдақасов облысымызда қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде аумақтағы діни ахуалдың тұрақты болып отырғандығына тоқталды. 

2013 жылы Атырау қаласы аумағында 14 діни бірлестік тіркелген. Ал, аталған Заңды халық арасында түсіндіру, жалпы діни бағыттағы әңгіме қозғау жұмыстарына тартылған арнайы топ өткен жылы 50 кездесу өткізсе, үстіміздегі жылы 14 басқосу ұйымдастырған. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың сөзіне сүйенсек, мектеп жасындағы балалардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында білім ордаларының психолог мамандарымен арнайы жұмыс жүргізіліп отыр. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы 56 мектептің психологтары үш топқа бөлініп оқытылуда.

Шет елде теологиялық білім алып келген жастармен жұмысты жандандыру мәселесі де жиын барысында сөз болды. Ағымдағы жылы «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында осындай 12 жаспен кездесу өткізілген.

Кеңес отырысында Махамбет ауданындағы атқарылған жұмыстар да талданды. Бұл тұста айта кеткен жөн болар, аудан мешіттеріне жиылатын жамағатқа облыс орталықтарындағы мешітте айтылған уағызды тыңдату мақсатында «скайп» бағдарламасы орнатылған. Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаевтың айтуынша, кешенді түрде қолға алынған жұмыстың нәтижесіне сай, өңірдегі діни жағдай бірқалыпты. Жастарға түсінік жұмыстарын жүргізу, тәлім-тәрбие беру мақсатында арнайы құрылған ақсақалдар кеңестерінің де тигізер пайдасы мол.

Атырау мемлекеттік университетінде жүргізілген діни бағыттағы іс-шаралардың да жастар үшін берері көп. Аталмыш оқу орнының ректоры, профессор Бейбіт Мамраев та тақырып төңірегіндегі өз ой-пікірлерін білдіре келіп, дінтану пәнінің студент үшін маңызды рөл атқаратындығын айтып өтті.   

Жиын барысында кеңес мүшесі Бейбіт Мамраев университет қабырғасында ұйымдастырылған шағын кинозал бөлмесінде қысқа метражды фильмдер көруге мүмкіндік туғызылып отырғандығын айтып өтті. «Бұл бөлменің әрқашан есігі ашық. Ол жерде тек діни бағыттағы көрсетілімдер ғана емес, еліміздің танымал тұлғалары, салт-дәстүрі хақындағы бейнероликтер көрсетуді де ұйымдастыруды жоспарлаудамыз» деген университет ректорының бастамасы құптарлық-ақ. Себебі, ұлттық құндылықтарымызбен сусындап, бос уақытын спортпен айналысу сынды жұмыстарға арнаған жастың теріс пиғыл, жат ағымдар жетегінен ада болары анық.

 Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*