БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

Ғұмар Ислямұлы мәртебелі мейманды аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен таныстырды. Ел көлемінде қабылданған Индустрияландыру картасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға, игілікке берілген және болашақта іске қосылатын нысандардың жайына тоқталды.
Бұдан бөлек, екі елдің, соның ішінде Атырау аймағымен арадағы экономикалық, іскерлік байланыстардың жылдан-жылға ілгерілеп, жетілу үстінде екенін тілге тиек еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары тек ағымдағы жылдың алғашқы жартысында сыртқы сауда айналымы көлемінің 300 млн. АҚШ долларын құрағанын алға тартты. Қазірдің өзінде облысымызда корейлік іскер топтардың араласуымен бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып, алғышарттары жасалынып отырғандығынан хабардар қылды. Әсіресе, құрылыс индустриясын, электронды технологиялар, машина жасау өндірісін, логистика жүйесін дамытуда мұндай байланыстардың қажеттілігін баса айтты. Осы тұрғыда Ғұмар Дүйсембаев республикамыздың басқа аймақтарындағы сияқты Атырауда да «Достық үйін» салу қолға алынғандығын, атыраулық корейлердің «Тхоньил» ұлттық-мәдени орталығы жұмыс жасайтындығын қаперледі.
Мұның бәрін мұқият тыңдаған Корея Елшісінің орынбасары Гым Енг Сонг те облыс басшылығының осындай жылышырайлы қабылдауына ризашылығын білдірді. Жоғарыда айтылып кеткендей, атыраулықтармен бұған дейін де сан алуан салада іскерлік байланыс орнатқан оңтүстіккореялық өкіл келешекте ынтымақтастық аясын кеңейте түсуді көздейтінін мәлімдеді. Атап айтқанда, қазыналы өлкенің жерасты байлығын игеріп, мұнай-химия өндірісін өрістету жөнінде ойластырылған жобалар мен бірлескен кәсіпорындар құру мақсаттарының барымен бөлісті.
Соңынан тараптар естелік сыйлықтармен алмасты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*