Бірлесіп атқарар бірегей міндет

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай брифинг өтті. Оған облыстық прокуратура мен мемлекеттік органдар, ішкі істер департаменті басшылары, іргелі кәсіпорындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

қоршаған орта және біз3

Облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, бү-гінде ішкі сұранысты барынша қамтамасыз ету үшін балық және оның өнімдерін экспорттау лимитін белгілеу ұсынылыпты. Мұны қарапайым тілмен таратқанда, су маржанын сыртқа көбірек сатуды шектеу деп ұғындық. Әрі, жергілікті сауда орындарына балықты толтырып қойса, мүмкін, браконьерліктің алдын алуға да септігі тиер.

Осы орайда, облыстық прокуратураның мәліметінше, «Бекіре-2017» акциясының нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасы бұзылуының 721 фактісі тіркеліпті. Қозғалған 93 қылмыстық істің 34-і сотқа жолданған. Сондай-ақ, салынған 9,6 млн. теңге айыппұлдың 9,3 миллионы өндірілген. Барлығы 54,4 тонна балық тәркіленсе, соның 917 келісі – бекіре тұқымдас. Ақырында, 29 кг уылдырық   алынған.

Мұның бәрі, әрине, жергілікті құқық қорғау органдарының жауапты науқанды жоғары деңгейде өткізгенін көрсетеді. Әйтсе де, брифинг барысында айтылғанындай, бізден өтіп, Астраханда тұтылған төрт тонна бағалы балыққа қатысты мәселеге әлі нүкте қойылмапты. Бүгінде ол тергеу үстінде екен.

Журналистер, сонымен қатар, әуесқой балықшылардың проблемасын қозғады. Қазір, турасын айтқанда, Жайықтың шаһар ортасындағы бөлігінде балық қалмаған. Ертеден кешке дейін отырғанда бірер түйірі ғана қармаққа ілінеді. Ендеше, балық аулайтын орынды, мәселен, Дамбы елді мекеніне қарай созуға болмай ма? Немесе әуесқой балықшылыққа тыйым салу тәртібін мүлдем жою қажет. Әйтсе де, облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Әбдірахмановтың түсіндіруінше, әуесқой балық аулаушыларға арналған жерлер ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталып, арнайы белгіленген.

Ал, облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Қадымовтың айтуынша, әуесқой және спорттық негізде балық аулау мерзімін 24 сәуірге дейін созу ұсынылды. Бұрын бұл уақыт 1 сәуірмен шектелетін.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2016 жылы және биылғы өткен мерзімде табиғат қорғау заңдылықтарының орындалуына 12 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 502 дерек тіркелді. Бүгінде соның 390-ы жойылыпты. Прокурорлық қадағалау актілері нәтижесінде 504 тұлға жауапкершілікке тартылған. Барлығы 3,3 млрд. теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өндірілген, бес қылмыстық іс қозғалған.

Осы орайда журналистер Атыраудың экологиялық ахуалына алаңдаушылық танытты. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов шаһар ауасының сын көтермейтінін тура айтты. Атмосферада жағымсыз иіс бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазір облыс орталығының жағдайын жете қадағалайтын 20 қондырғы орнатылмақшы. Әйтсе де, қатты тұрмыстық қалдықтар-ға, кәріз желілеріне, Атырау мұнай өңдеу зауыты төңіре-гіндегі үйлерге байланысты түйіні тарқатылмаған проблемалар жеткілікті.

Дегенмен, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан кейбір мәселелердің шешілу үстінде екендігін айтады. Мәселен, жұртшылықты әбден мезі еткен Атырау мұнай өңдеу зауытының сарқынды суларды төгетін алаңы жаңартылмақшы. Сайып келгенде, бұл орын-ға аталмыш кәсіпорын қожа саналғанымен, оған өзге мекемелер де қалдықтарын құяды. Енді 13 млрд. теңгеге жаңа буландыру алаңы салынбақшы. Ал, бұрынғы орын зауытта қалдырылып, оның күшімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа буландыру алаңы шаһардың сол бөлігіне де тұрғызылады.

Жалпы, бұған дейін де айтылып жүргендей, Атырау өндіріс ошақтарының қоршауында қалған. Тек «Ақ Жайық» резерваты орналас-қан батыс беті ғана ашық. Алайда, осы орында ара-тұра өрт болады. Тәуелсіз экологтардың пікірінше, соның салдарынан жануарлар әлемі зардап шегеді. Әсіресе, ұя салатын құстарға обал-ақ. Рас, биылғы мамырда болған өртті Марат Әбдірахманов резерватпен байланыстырмайды. Оқиға онымен шекаралас өңірде орын алған. Оның үстіне, кейбір азаматтардың жаңасы шығуы үшін ескі қамыстарды өздері өртейтіні бар. Желдің әсерімен от резерват территориясына таралуы әбден ықтимал.

Ал, Жайық жағасындағы ғимараттарды қайтеміз? Бүгінде кейбір тұрғын үйлер мен бизнес нысандары өзенге тым жақын салынған. Тіпті жаңа құрылыстар да пайда бола бастаған. Қалалықтардың жағалауға баратын жолы жабылған. Осы орайда су ресурс-тарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиннің айтуынша, жағалаудың қорғаныш аймағы 35-100 метр қашықтықта айқындалады. Әбден салынып тасталған ғимараттарды бұзу енді мүмкін емес. Кейінгі тұрғызылып жатқандары да жер теліміне бұрын құжат алып қойғандар. Оларды да тоқтату қиын.

Қысқасы, брифинг барысында облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев айтқанындай, прокуратураның басты мақсаты – экология және табиғат қорғау саласында аймақтағы ахуал жөніндегі ақпаратқа қоғамның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ал, оны көздің қарашығындай сақтауға атсалысу – баршаның міндеті.

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*