Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссия төрайымы Нұрсәуле Сайлауова төрағалық етті.

Screenshot_9

Комиссия отырысында екі мәселе қаралды. Біріншісі – 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Жылыой ауданында орындалу барысы, екіншісі — тұрғылықты жері бойынша аула және спорт клубтарының санын ұлғайту арқылы халықтың әртүрлі санаттарының, оның ішінде, балалардың, жасөспірімдер мен жастардың (тәуекел топтарындағы) спорттық секциялармен, спорттың жаппай қолжетімді түрлерімен қамтылуын қамтамасыз ету жайы.

Жылыой ауданында балалы болуды жоспарлау, баланы дұрыс тәрбиелеу, ажырасулардың алдын алу, жалғызілікті жандарға психологиялық, консультативтік кеңестер беру және басқа да мәні зор мәселелер жөнінде мәлімет берілді. Әйтсе де, аудан көлемінде әлі де болса «әттеген-ай» дегізер жайттар жоқ емес. Соның бірі – жасөспірім қыздардың ерте жүктілігі. Былтыр ауданда осындай 23 жағдай тіркелген болса, биылғы бес айда оның саны 18-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, әйел затына зор сенім артып, оларды билікке тарту мәселесі қозғалды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет өңірде аула және спорт клубтарының санын көбейту арқылы жұртшылықтың спорттың қолжетімді түрлерімен қамтылуын қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Комиссия мүшесі, Атырау қалалық перзентханасының бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова медицина қызметкерлері арасында «физкультминутканың» бар екенін, мұны мұғалімдерге де қолға алуға болатынын еске салды. Ал, «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Күлбаршын Нұржігітова мүгедектер арбасымен билейтін арнайы би алаңдарының жоғын, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжан Елешева өзінің «Жас туристер орталығын» ашқанын, алдағы уақытта, сұранысқа сай, жергілікті жердің әсем табиғатымен, тарихи орындарымен жақын таныстыра алатынын айтты.

Лиза СЕЙТІМОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*