БІРІКСЕК ҚАНА ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕМІЗ

 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі таңда дамуды тежейтін қауіп-қатерлерді де нақты байқап отырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл күндері бүкіләлемдік нарықтың барлығы да тұрақсыздық сипатында тұр деуге болады. Дәл осы жағдайда қаржылық, көмірсутектік, азық-түліктік және басқа да тұрақсыздық белең алып, мұның өзі экспортқа шығарылатын тауарлар бағаларының төмендеуіне әкеп соқтырады. Осындай қауіптің алдын алып, әртараптандыра отырып экономиканы сауықтыру үшін де республикамызда Индустрияландыру картасы жасақталып, соның шеңберінде үдемелі индустриялды-инновациялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Алғашқы нәтижелері де жаман емес. Тек алғашқы бесжылдықтың өзінде ел көлемінде осындай 80-нен астам жобаның сәтті іске асырылғандығын, кездескен қиындық-кедергілерге қарамастан бұл үрдісті жалғастыру керектігін де Президент алға тартты.

Мұндай игі бастамалардың нақты мысалдарын өңіріміздің өмірінен де келтіруге болар еді. Бұған дейін де мәлім болып жүргеніндей, еліміздің басқа аймақтарындағы тәрізді келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік беретін серпінді жобалардың бірнешеуі  Атырау облысында  да орындалысын тапты. Және де олар түрлі саланы қамтып, отандық өнімдер нарығын нығайтып, оған жергілікті кәсіпкерлердің қосар үлесін көбейтуге мүмкіндік беруде.

Жолдау мәтінімен танысу барысында назарымызды аударған тағы бір жайт, Елбасының бюджет шығындарын оңтайландыру шараларын қолға алу керектігін айта отырып, бюджеттік бағдарламаларды толықтай ревизиялау туралы Үкіметке нақты тапсырма беруі еді. Ілгеріде керексіз деп есептелінген немесе жекеменшік сектордың есебінен жабуға болатын шығындардың қазынадан алынбауын қатаң ескерткен Мемлекет басшысы халықаралық ахуалды да назардан тыс қалдырмады. Әлемдегі алпауыт державалардың өздері бүгіндері біріне-бірі қарсы санкциялар қолданып, араларында сенімсіздік пайда бола бастағанын айтты. Сондай шекке жетпей, қауіптің алдын алу үшін де бізге дағдарысқа қарсы бағытталған шараларды күшейтіп, бас пен білек біріктіре қимылдайтын кез жеткендігін қаперледі. Сөз жоқ, бұл шешімді бәріміз де мақұлдап, құптаймыз. Өйткені, тек сөйткенде ғана тығырықтан жол тауып, қиындықтан шығарымыз анық.

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Атырау облысы бойынша кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы.  

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*