«БІРЕУГЕ БЕРІЛГЕН ЖАЗА БАСҚАҒА САБАҚ БОЛСА ҒОЙ…»

 – Батыс өңірде туып-өскендіктен сізге Атырау облысының жай-күйі жақсы таныс екеніне күмәнім жоқ. Десек те, жаңа қызмет орнында сіз бұрын-соңды ұшыраспаған, таңсық жайлар бар ма?

– Мен Ресейдің Волгоград қаласында 1967 жылы дүниеге келгенмен, 1968 жылы ата-анам Орал қаласына көшіп келіп, сонда ержеттім. 1994 жылдан бастап ішкі істер органдарында еңбек етемін. Еңбек жолын қарапайым механиктен бастадым. Политехникалық және гуманитарлық бағыттағы оқу орындарында білім алдым.

Өткен жылғы желтоқсан айының 4-і күні қазіргі қызметке тағайындалдым. Менің көп жылдық тәжірибемді ескеріп, сенім артқан ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бауыржан Маратұлы Бердалинге реті келіп тұрғанда алғысымды білдіргім келеді.

Саламыз бойынша бағынатын жүйеміз бен ұстанатын заңдарымыз бен ережелеріміз бірдей болғаннан кейін, облыстардағы еңбекпен түзеу мекемелеріне қатысты қандайда бір айырмашылықтар жоқ деуге болады. Десек те, әйелдер түрмесінде бұрын-соңды болмағаным рас еді. Сотталушыларды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау кезінде байқағаным – ерлер мен әйелдердің айтатын мәселелері, мұң-мұқтажы бөлек. Жұмыс барысында осы ерекшелікті ескеру керектігін ұққандай болдым.

– Басшылыққа келгеніңіз жақында ғана. Жүзеге асырсам деген нақты жоспарларыңыз бар шығар…

– Келгелі бергі уақытта қаладағы түрмелер мен қоныс колониясында болып, жалпы жағдаймен таныстым. Елімізде пенитинцарлық жүйе бойынша жүргізіліп отырған саясаттың әрі қарай жүзеге асуына күш салу қызметтік міндетім деп білемін. Түзеу мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, УГ-157/9 мекемесінің қоршауы ауыстырылды.

УГ-157/9  жалпы режимде  республикалық «Еңбек» РМК және «Еңбек-Атырау» филиалы өкілдерімен бірге кездесулер өткізіліп, сотталушыларды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Сөйтіп, басқа жақтардан пайдаланылса да жұмысқа жарамды күйде тұрған құрал-жабдықтарды алдырту, жазасын өтеушілерді металл, ағаш өңдеу, дәнекерлеу мамандықтарына, сондай-ақ, көлік жуу, шинасын ауыстыру сияқты үлкен біліктілікті талап етпейтін кәсіптерге тарту қарастырылып отыр.

УГ-157/11 әйелдер колониясындағы консервілеу цехының жұмысын тиімсіз, әрі нормаға сәйкес келмейді деп таптық. Ал, жаңадан ауланған балық өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тігін цехын ұлғайтуды көздеп отырмыз.

– Түзеу орындарындағы қазіргі тенденция қандай: «отырғандар» саны азаюда ма, көбеюде ме?

– Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Бас прокуратурасы өткізген селекторлық жиында «Сотталушылардың санын азайтуға бағытталған он қадамды» жүзеге асыру жолдары ортаға салынды. Қолдағы деректерге сәйкес,  ізгілендіру бағытын ұстанған елімізде түрмеге түсушілер саны жыл санап азайып келеді. Аса ауыр қылмыстар болмаса, орта және жеңіл дәрежедегі қылмыс түрлеріне шартты түрде жаза тағайындау, пробация реформасы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Жақсы жаңалық ретінде кәмелетке толмаған қылмыскерлер санының күрт азайғанын айтуға тиіспіз. Алматы облысындағы жасөспірімдер колониясында отырғандар саны қазір екі жүзге жетпейді. Келешекте бұдан да азаятыны анық.

– Бас еркінен айырылғандардың темір тордың ар жағындағы құқығы қаншалықты қорғалған? Сауалнама жүргізіле ме? Жазасын өтеушілерге еңбек демалысы беріле ме?

– Сотталушылар арасында өз тарапымыздан да, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан да сауалнамалар, семинар-тренингтер тұрақты өткізіліп тұрады. Бұған дейін сондай сауалнамалардың бірін «Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Асылтек  Еспосынов жүргізді.

Сауалнамалар анонимді түрде жүретіндіктен жауап берушілер ұсыныс-пікірлерін еркін жеткізеді деп ойлаймын. Сол сияқты, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, он бір ай еңбек еткеннен кейін еңбек демалысын алуға құқылы. Бұл талап бізде сақталып отыр.

– Жазасын өтеушілердің бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірі қалай қалыптасуда? Егер барлығы дұрысталып кетсе, рецидивистер қайдан шығады?

 – Бас еркінен айырылғандардың жазасы бітуіне жарты жыл қалғаннан бастап қылмыстық-атқару инспекторлары олармен жұмыс жүргізе бастайды. ҚР ІІМ 30.03.2012 жылғы №184 бұйрығының талаптарына сәйкес, бас бостандығынан айыру мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей сотталған таңдаған тұрғылықты жерінің жергілікті атқарушы органдарына оның алдағы уақытта босатылуы, үй-жайының бар-жоғы, оның еңбекке жарамдылығы және мамандықтары туралы сұраныстар жіберіп, әрбір облыс орталығында жұмыс істейтін оңалту орталықтары арқылы әрі қарайғы тағдырының қалыптасып кетуін назарда ұстаймыз. Әрине, сотталушының бостандықта бетпе-бет келетін проблемалары бар. Олар: тұрақты мекен-жайының болмауы, жұмысы жоқтықтан қиналуы, құжаттарын жоғалтып алуы дегендей. Қалай десек те, аяғын бір рет жаңсақ басқан адамның тағы да қателікке ұрынбауы үшін күш салуға тырысамыз. Оның өмірге қайта бейімделуі, қоғамға икемделуі мақсатындағы шараның бірі – қылмыстық-атқару орнынан кейінгі әрекетінің учаскелік полицей емес, әлеуметтік қызметкер ретіндегі инспектор тарапынан қадағалануы деуге болады.

Соған қарамастан, рецидивистік қылмыстар кездесіп қалады. Оған түрмеден шыққан кісінің баспанасы, жұмысы жоқтықтан қиналуы; бұрынғы ортасына қайта қосылуы сияқты жайлар себеп болуы мүмкін. Әйтпесе, «мен қайтадан түрмеге барайын» деп түзеу мекемесіне ешкім де өз еркімен қайтара түспейді.

– Мүмкін, қайта қылмыс жасауға туған-туыстарының сотталған жақынынан теріс айналуы да себеп шығар…

– Мен сізге мынаны айтайын: салада жиырма жылға жуық қызмет атқардым, бірақ, түрмедегі туысынан бас тартқан бір де бір адамды кездестірген жоқпын. Кісі не әуел бастан ешқандай жақын-жуығы болмағаннан немесе ол жазасын өтеп шыққанша ет жақындарының көз жұмуы салдарынан жалғыз қалуы мүмкін.

-Өлім жазасына қалай қарайсыз? Аза бойыңды қаза тұрғызатын кейбір қылмысты естігенде «осылар қалай жер басып жүр» дейтініміз рас қой?

-Жеке пікірім: әрбір жағдайды бөлек алып қарастыру керек. Бұл, әсіресе, бірнеше адамды өлтіру, терроризм, экстремизм қылмыстарына қатысты.

– «Әйел зорлау, педофилдік сияқты ауыр баппен сотталғандардың жазасын камераластарының өзі-ақ береді»  деген түсінікке қалай қарайсыз?

– Бүгінгі ұстанылып отырған саясат бойынша, әрбір түзеу мекемесінде заңдық тәртіп қатаң сақталады, өз бетінше жазалауды жүзеге асыруға ешкімнің құқы жоқ. Сіз мысалға келтірген жағдайлар бұрын барлық жерде болмаса да, ішінара орын алған болар, қазір бұл жүйе де, түсінік те ескірген.

– Танымал тұлғалардың ішінде түрмеге түскеннен кейін кітап жазып, ондағы көрген-білгенін қағаз бетінен түсіргендер аз емес. Егер оқыған болсаңыз, олардың жазғаны шындыққа қаншалықты жақын?

– Өзіміздің және басқа елдердегі жазасын өтеушілердің жазған дүниелерімен таныспын. Олардың түрме тақырыбына бастарына іс түскенде ғана қызығушылық танытқанына сенімдімін. Сонымен бірге, авторлар өмірдің басқа бір қырымен бетпе-бет келгенде оны жамандап, теріс жақтарын тізіп көрсетуді емес, басқалардың сабақ алуын, жаңсақ қадамға бармауын ескертуді мақсат етті деген ойдамын. Жалпы алғанда, жазылған жайлардың 90 пайызы шынайы өмірді суреттейді деуге болатын шығар. Әрине, кейбір айтылмайтын тұстар болады.

– Сотталғандар жайлы көгілдір экрандағы кинофильмдер көбейіп кеткен жоқ па? Оның қандай теріс ықпалы болуы мүмкін?

– Өз басым бұл тақырып халыққа қызық деген ойдан аулақпын. Эфирден берілген көркем дүниенің жазасын өтеушілер, түзеу мекемелері жайлы кері түсінік қалыптастыруы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймын. Есіңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Маңғыстау облысында түрмеден қашып кеткен бір топ қылмыскер құрықталды. Олардың осындай әрекетке баруына сыртқы күштер әсер етті.

–   Енді Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне ойыссақ. Мамандардың тұрақтамауы не жетіспеуі проблемасы сіздерде бар ма?

– Жүйеде тар ауқымдағы мамандық иелері, атап айтқанда, медициналық қызметкерлер жетіспейді. Мәселені шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығына шығып, сот үкімі бойынша  бас бостандығынан айыру орындарында жазаларын өтеп жатқан азаматтарға қажеттілігіне қарай зертханалық және диагностикалық зерттеулер жүргізу мен бейінді мамандандырылған көмек көрсету негізі бойынша мамандармен келісім-шарттар жүргізуі бекітілген болатын.

Нұсқаулыққа сәйкес, сотталушыны түзеу орнынан емдеу мүмкін болмай, тасымалдау қажет болған жағдайда оны түрме аумағынан тыс жерлерге алып шыға аламыз. Ал, қымбат операцияларды, басқа да емдеу шығындарын оның туыстары көтеріп алады немесе басқалай төлеу жолдарын  қарастырамыз.

Сұхбаттасқан:

Құралай ҚУАТОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*