Бір суреттің сыры

 

Әкем ақын, шежіреші, өлкетанушы Жанаш Нұрмаханов мұны маған естелік қып былай әңгімелейтін: «Шығармашылық адамдарында бір ерекше шабыт, өнерге құлшыныс күшті еді. Күн сайын жазатынбыз. Жарияланған – жарияланбағанына қарамайтын едік. Хамит Ерғалиев, Далабай Жазықбаев, Қабижан Мәмбетов, Төребек Есенғалиев, Оқас Есбосынов, Ғайса Ізтілеуов сияқты жас ақындардың өлеңдері жиі жарияланатын. Маңғыстаудан Сәттіғұлдың, Өтежан Алшынбаевтың, Мұстақи Бимағамбетовтің, Зердебай Бекарыстановтың өлеңдері шығып тұратын».

Осы көне суретті әкем бір жолыққанда Хамит Ерғалиевке көрсеткен. Хамаң бұл өзінің қолға түсіре алмай жүрген суреттерінің бірі екенін айтқан екен. Кейін қайта шығартып, әкем оны Хамаңа салып жіберген.

Отызыншы жылдың аяғы қазақтың оқуға, білімге, өнерге ұмтылған өрімтал жастарының қатары енді толығып келе жатқан кез еді ғой. Сол тұстағы суреттегілерге тоқталсақ:

Жерде шынтақтап жатқандар: сол жақтан екінші, жүзін төмен салып отырған ақын Далабай Жазықбаев, 19 жаста. Ол майданда қазақ тапты. Оның «Жазық дала» деген атпен шығатын өлеңдерін жастар іздеп жүріп оқыған. Үшінші – ақын Қабижан Мәмбетов, 17-де, соғыста қаза болған. Төртіншісі – Бисен Сариманов, журналист, 18-де. Бесінші – халық ақыны Сәрсенғали Шобақов, Балықшы ауданының Талғайраң ауданынан соғыстан оралмады.

Төменнен санағанда екінші қатарда бірінші, қолында домбырасы бар жалаңбас отырған қара сұр жігіт Мұрат Мөңкеұлының ұлы Дәулетқали, екінші – ақын Нұрғали Сатылғанов, үшінші – халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылов; алтыншы – халық ақыны Сұраубай Үттібаев («Менің атым Сұраубай, Доссорда тұрған бұраубай. Доссор келсең – білерсің, Сұраубай деген жарауды-ай» дегені әлі ел аузында).

Төменнен үшінші қатар: бесінші отырған ақын – Хамит Ерғалиев. Алтыншы – облыстың жер бөлімінің меңгерушісі Уәли Жайықов; жетінші – Қазақстан Жазушылар Одағының Гурьев облысы бойынша өкілі, ақын, жазушы Жәрдем Тілеков; сегізінші – облыстық «Социалды құрылыс» газетінің редакторы Сағат Төлебаев, тоғызыншы – «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Құлмағамбет Бөріқұлов, оныншы – облыстық газет редакторының орынбасары Ғабды Аманғалиев.

Соңғы қатарда түрегеп тұрғандар: сол жақта екінші тұрған, қара фуражкалы Жылыой ауданынан келген  жас ақын Жанаш Нұрмұханұлы, он жетіге толмаған шағы; жетінші – Балсия Ғұсманова болуы керек. Сегізінші  – Жылыой аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Бисекеш Дүйсенғалиев.

Жоғарыда аталған жас жазушылар мен ақындар облыстық слеті жазушылардың республикалық II съезіне он адамды делегат етіп сайлаған. Олар – Сабыр Шәріпов, Сәттіғұл Жаңғабылов, Нұрбай Қанатбаев, Сәрсенғали Шобақов, Жәрдем Тілеков, Хамит Ерғалиев, Далабай Жазықбаев, Бисекеш Дүйсенғалиев.

Сурет сырымен бөліскен:

Жанат НҰРМАХАНОВА,

Ақтау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*